Облысымызда денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табуда. Сондай-ақ, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жаңа жобалар қанат қағуда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анар Омарованың айтуынша, қазіргі таңда аймақтағы барлық мемлекеттік емдеу мекемесі медициналық ақпараттық жүйелер арқылы жұмыс істеуде.
– Бұл мүмкіндік дәрігерлердің емделуші туралы қажетті ақпаратты жедел алуына, медициналық құжаттаманы электрондық форматта жүргізуге және қағаз құжат айналымын едәуір қысқартуға көмектесуде. Қазіргі уақытта облыстағы 30 мемлекеттік медициналық ұйым мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 13 жекеменшік емхана «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесін сәтті пайдаланып келеді. Сол арқылы тұрғындар дәрігердің қабылдауына жазылып, маманды үйге шақыра алады. Зертханалық талдау нәтижелерін, электрондық рецепттерді, жолдамаларды және жеке электрондық медициналық картасындағы мәліметтерді де онлайн қарай алады, – деп атап өтті Анар Ғабдынасырқызы. Ол сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының жекелеген бағыттарында мамандандырылған цифрлық жүйелер қолданылатынын да алға тартты. Атап айтқанда, қан орталығы «InfoDonor» жүйесіне, жедел медициналық жәрдем қызметі «KOMEK» және облыс орталығындағы тағы бір қалалық аурухана «Надежда» ақпараттық жүйесіне қосылған. Бұл цифрлық платформалар медициналық қызметтердің жеделдігін, қолжетімділігін және сапасын арттыруға ықпал етуде.
Баспасөз мәслихатында ден-саулық сақтау саласын цифрландырудың мүмкіндіктері де түсіндірілді.
– Цифрлық трансформацияның маңызды бағыттарының бірі – қашықтан медициналық қызмет көрсетуді дамыту. Осы жылдың алғашқы 6 айында облыс тұрғындарына 784 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілсе, оның
82 731-і қашықтан ұйымдастырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 мыңға көп. Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер тұрғындарға үйден шықпай-ақ дәрігер кеңесін алуға мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл созылмалы аурулары бар емделушілерге, егде жастағы азаматтарға және шалғайдағы ауыл тұрғындарына қолайлы, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Елімізде медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта бүгінде науқастың дәрігер қабылдауына келгенін eGov порталындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі арқылы ұсынылатын 6 таңбалы код немесе Face ID биометриялық сәйкестендіру жүйесі арқылы растау тетігі енгізілген. Жыл басынан бері осындай тәсілмен 1,6 миллионнан астам растау жүргізілген. Сол арқылы медициналық қызметтердің әділ көрсетілгені және қазына қаржысының тиімді жұмсалғанын байқауға болады, дейді мамандар.
Жиын барысында электрондық медициналық анықтамаларды енгізу бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Қазіргі таңда медициналық анықтамалардың 9 түрі толықтай электрондық форматта қолжетімді екен. Олардың қатарында дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындылары, амбулаториялық медициналық карталардың үзінділері, көлік құралын басқаруға арналған және еңбекке жарамсыздық туралы анықтамалар, санаторий-курорттық карталар, баланың денсаулық паспорты, басқа да медициналық құжаттар бар.
Алдағы уақытта аймақтың денсаулық сақтау саласында бірқатар жаңа жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Бұл жөнінде баяндаған Ақсу қалалық ауруханасы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Тоғжан Ғабдулғазизова:
– Облысымызда жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы жүзеге асуда. Биыл бұл жоба 22 медициналық ұйымды қамтиды. Жасанды интеллект дәрігерлерге компьютерлік томография, маммография, рентгенологиялық және басқа да зерттеулердің нәтижелерін талдауға көмектеседі. Бұл әсіресе, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға, зерттеу нәтижелерін алу мерзімін қысқартуға және диагностиканың дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жобаны осы жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірде тағы 4 цифрлық жоба жүзеге асатын болады, – деді. Оның айтуынша, бірінші жоба – жедел медициналық жәрдем қызметі мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының қызметкерлеріне арналған «Смарт-видеожетондар» деп аталады. Бұл құрылғылар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға, емделушілер мен дәрігерлердің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ, даулы жағдайларды ашық түрде қарастыруға жол ашады.
Ал екінші жоба – медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімдерін цифрлық жабдықтау деп аталады. Соның аясында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және цифрлық мониторинг құралдары орнатылып, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік жасалады. Дабыл түймесі басылған жағдайда сигнал бірден жедел басқару орталығына және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіліп, шұғыл түрде шешім қабылданады.
Үшінші жоба – телемедицинаны дамыту. Сол арқылы ауылдық жерлердің тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, бейінді мамандардың көмегін қашықтан ала алады.
Төртінші жоба «Суық тізбек» деп аталады. Бұл цифрлық жүйе вакциналар мен дәрілік препараттарды сақтау және тасымалдау кезінде температуралық режимді тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етіп, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Қазіргі уақытта барлық жоба бойынша дайындық кезеңі аяқталуға жақын көрінеді. Келісімшарттар жасалғаннан кейін олар облыстың медициналық ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізіледі деп жоспарлануда.
– Қорытындылай келе, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, бұл – тек жаңа технологияларды енгізу ғана емес, әрбір тұрғын үшін медициналық қызметтің қолайлы, қауіпсіз, жедел әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру, – деп түйіндеді «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы пайдаланушылар және серіктестермен жұмыс жөніндегі менеджері Павел Ефанов.
Нұржайна ШОДЫР.
