Төрт түлік саулығы — сақтықта

Шіл 9, 2026

Мал шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды салалардың бірі. Төрт түлікті асылдандырып, олардың саулығын сақтап, өнім сапасын арттыру тынымсыз еңбек пен жоғары кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Ал осы жауапты істің алдыңғы шебінде ветеринария мамандары жүреді.

Төрт түліктің денсаулығын қадағалап, жұқпалы аурулардың алдын алу, эпизоотиялық ахуалды бақылауда ұстау – олардың күнделікті міндеті. Кейде сырқаттанған жануарларды ерекше бақылауға алып, бірнеше күн бойы күтім жасауға да тура келеді. Сондықтан бұл – тек мамандық емес, жануарларға деген жанашырлық пен адалдықты қажет ететін кәсіп.

Мал шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Павлодар облысы ветеринария басқармасының ветеринария және лицензиялау бөлімінің бас маманы Қарлығаш Бошанбековамен әңгімелескен едік. Нәзік жанды болғанымен, көпшілік таңдай бермейтін саланы өмірлік кәсібіне айналдырған маманның еңбек жолы көпке үлгі.

Кейіпкеріміздің ветеринарияға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бұған ауылдық жерде өскені және осы саланы таңдаған әпкесінің ықпалы ерекше болған.

– Әпкем мал дәрігері еді. Оның дәрі-дәрмек дайындап, жануарларға ем жасап жүргенін қызыға бақылап жүретінмін. Сол кездің өзінде бұл мамандық маған ерекше әсер етті. Кейін өзім де осы жолды таңдадым, – дейді ол.

Алматы облысының тумасы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Жамбыл облысындағы түйетауық өсіретін құс шаруашылығында бастайды. Мұнда құстарды емдеу, шағын хирургиялық операциялар жасау, төлдету жұмыстарына қатысу сияқты тәжірибелер жинақтап кәсіби біліктілігін шыңдайды.

– Біздің студент кезімізде тәжірибеге ерекше көңіл бөлінді. Себебі жануардың өміріне жауап беру — үлкен міндет. Ота кезінде ағзалардың орналасуын дұрыс анықтау, әсіресе құстың анатомиялық құрылысын ажырату аса мұқияттылықты қажет ететін. Институтта сабақ барысында аудиторияға сиырды, кейін қойды алып келетін. Сол кезде алған тәжірибем менің мамандығыма деген қызығушылығымды арттырып, кәсіби тұрғыда қалыптасуыма зор әсер етті. Қазір басқармада қызмет атқарсам да, қажет болған жағдайда малдарға екпе егіп, олардың жағдайын қарап, әріптестеріме қолдау көрсетуге әрдайым дайынмын, – дейді маман.

Қарлығаш Төленқызы 2015 жылдан бері Павлодар облысында еңбек етіп келеді. Бүгінде ветеринария және лицензиялау бөлімінің бас маманы ретінде өңірдегі эпизоотиялық ахуалды бақылауға өз үлесін қосып жүр.

Оның айтуынша, облыста жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Малдан уақытылы қан сынамалары алынып, жоспарға сәйкес вакцинация жасалады. Әрбір жүргізілген ветеринариялық іс-шара арнайы ақпараттық базаға енгізіліп, тұрақты бақылауда болады. Бұл жұмыстар өңірдегі эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі саналады.

Ветеринар мамандығы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен төзімділікті, терең білімді және жануарларға деген ерекше жанашырлықты талап етеді. Қарлығаш Төленқызы секілді өз ісіне адал мамандардың еңбегі — ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, малдың саулығы арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылған маңызды үлес.

 

Сара ӘБДОЛ