Қаламгер Ғабит САПАРОВ: Жазу үшін оқу керек…

Шіл 9, 2026

Ертіс-Баян әдеби картасында поэзия және проза жанрымен қатар ерекшеленіп тұрған бір қаламгер болса, ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғабит Сапаров. Қаламгер ауыл мектебінде ұстаздық ете жүріп-ақ талай өміршең туындыны өмірге әкеліп, өз оқырмандарын тапты. Ғабит аға – ақын-жазушы ғана емес, басқа да сан өнерді бойына сіңірген талантты жан. Қаламгермен арнайы сұхбат құрып, жастық шағын еске түсірдік, жеке шығармашылық жолы жайлы әңгімелестік.  

– Ғабит Көпжасарұлы, әңгімемізді бастамас бұрын біздің оқырмандар үшін өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, өскен ауылыңыз туралы айтсаңыз…

– Мен бұрынғы Семей облысына қарасты Бесқарағай ауданының Өндіріс деген ауылында дүниеге келіппін. Әке-шешем екеуі де – мұғалім. Әкем Семей педагогикалық институтында химия-биология факультетін бітір-
ген. Өндіріс ауылы дегеніміз – төрт колхоздың біріккен жері. Жолбасшы, Қызылталап, Өндіріс, Социал деген ауылдар. 1969 жылы атам қайтыс болғаннан кейін Май ауданы Жалтыр совхозына көшіп келдік. Онда қазақ сыныбына төртінші сыныпқа бардым. Бірақ қазақ сыныптарына деген көзқарас өте төмен болды. Бүкіл жағдай орыс сыныптарына жасалады. Біз бір бөлменің ішінде екі сынып қатар отыратынбыз. Бір бұрышта төртінші, екінші бұрышында екінші сыныптың балалары отыратын. Бір мұғалім екі жаққа алма-кезек сабақ өткізіп жүреді. Орыс сыныптарында бала көп, бір сыныпта қырық балаға дейін отырады. Бірақ солардың көбі өзіміздің қазақтар еді.

– Мектепте оқып жүріп өлең жаза бастаған шығарсыз…

– Жалтыр ауылында сегізінші сыныпты бітірдім. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезде Марат Сәкенов деген досым туған күніме «15 жасар капитан» деген кітапты сыйға алып келіпті. Кітаптың қызығына содан бастап кіре бастадым. Ал қазақ әдебиетінен ең алдымен қолыма түскені «Қаһар» романы болды. Қазақ тарихының бір дәуірін қамтыған үлкен кітапты оқып шықтым. Мен төртінші сыныптан бастап қой бақтым. Жазда демалысты солай өткізетінбіз. Үш ай бойы мал соңында жүреміз. Таңмен таласа өріске кетеміз. Күн енді ыси бастағанда шамамен  сағат 10 кезінде құдықтың басына түсіріп, суаруға кірісеміз. Міне, сондай кезде қойнымызда кітап жүреді. Менің бала кезімде кітапқа деген қызығушылық солай болды. Менің алғашқы шығармамды Нәйла Марденқызы деген мұғалім жақсы бағалап, шабыттандырған еді. Ол кісі қазақ әдебиетінен 5-8-сыныпқа дейін сабақ берді. Сол кезде су тасиды, сондай сәттің бірін осылай суреттеппін:

Суға толы ойымыз бар,

Жайылған көп қойымыз бар, – деп басталатын жолдары есімде қалыпты. Соны әлгі мұғалім көріп, әжептеуір мақтады. Содан ынталанып, жазуды көбейте түстім. Өлең жазуға құнығып алдым, одан кейін прозаға қол салдым. Сегіз бітіретін жылы екі дәптер толтырып тастадым. Біреуі – өлең, екіншісі – әңгімелер. Сосын Ешмұханбет Рүстемов деген жездем бар, сол осы туындыларыңды Мейрам Асылғазинге апарып көрсетсеңші деді. Мен екі дәптерді құшақтап Мейрам ағамызға келдім. Ол кезде Мейрам Асылғазин «Қызыл ту» газетінің мәдениет бөлімін басқарады. «Не әкелдің?» деп сұрады. Көрсеттім. «Өлеңіңді білмеймін, прозаларыңды көшіріп жазып бер» деді. Мұхамеджан Дәуренбеков аға да болды, екеуі шахмат ойнап отыр екен. Содан көп кешікпей, қыркүйек және қазан айларында екі әңгімем шықты. «Ләззат» және «Көл жағасында» деген әңгімелер. Енді қарасам, сюжетін ғана қалдырып, мәтінін қайта жазып шығыпты. Соған кәдімгідей ыңғайсызданып жүрдім. Балалар бәрі құттықтап, мұғалімдер мәз болып жүр. Содан Мейрам ағадан хат келді. Онда не үшін олай өзгертіп, өңдеу себебін толық жазған екен. Содан кейін бұлай әңгіме жазуға болмайды екен деп біраз жыл тоқырап қалдым. Себебі, не жазсаң да дайындық керек екенін ұқтым. Дегенмен, өлеңдерім «Шамшырақ» газетіне шығып жүрді. Онда Гүлбаршын Дүрманова деген орынбасары болды. Менің өлеңдерімді 7-сыныптан бастап шығарып жүрді. Одан кейін домбырада ойнауды үйрендім, Болат Найманбайұлы деген талантты музыкант болды, сол үйретті. Алтыншы сыныптан бастап боксқа қатыстым. Қоғам қайраткері Ермат Байқұрманов ағамыз жаттықтырушымыз болды. Ол кісі бокстан спорт шеберлігіне үміткер еді. Біз Көктөбеге Жалтырдан аптасына үш рет бокс залына барамыз, ол кезде көлік жоқ, жаяу қатынаймыз. Одан кейін футбол ойнадым, хоккеймен де әуестендім. Жалпы, спорттың біраз түрін белгілі бір деңгейде меңгердім десем болады.

– Сіздің мамандығыңыз мұғалім ғой. Жасыңызда шығармашылық салаға бар-ғыңыз келген жоқ па?

– 1976 жылы Алматыға бардым. Арманым – киностудияға кинорежиссер мамандығына оқуға түсу еді. Бірақ тағдыр жолы басқа арнаға бұрып, ол арманым орындалмады. Сосын ауылға қайтып келіп, құрылыс учаскесіне жұмысқа орналастым. Содан бір жылдан кейін анамыз «Семейге барып оқы!» деген ақылын айтты. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала!» дегенді айтып, солай бағыт берді. Мен де көп ойланбастан Абай еліне аттанып кеттім. Сол жерден мен сияқты талапкер болып барған Әбубәкір Қайранмен таныстым. Екеуіміз шынтағымыз түйісіп отырып, бірге шығармашылық емтиханын жазып, оқуға бірге түстік. Ол кейін алты алашқа аты мәлім жазушы болды. Семейге оқуға түсуіме «Қызыл туда», «Шамшырақта» шыққан шығармаларымның пайдасы тиді. Әбіштің де көп шығармасы «Семей таңына» шыққан екен.

– Отыз жылыңызды мұғалімдікке арнап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытқан екенсіз. Ал ақындыққа, жазушылыққа шәкірт тәрбиеледіңіз бе?

– Бұлай айту қиындау. Кейінгі 23 жылымды А.Иманов мектебінде өткіздім. Бірақ ақындықты Құдай бермесе, ешкімді оқытып ақын жасай алмайсыз. Өкінішке қарай, ондай бала кездеспеді. Негізі, арасында жазушылыққа икемі бар балалар болды. Десе де, олар басқа мамандық таңдап, өзге салаларға бет бұрды.

– Алматыға әдеби ортаға барайын, рухани астанаға барып әдебиетке үлес қосайын деген ойыңыз болған жоқ па?

– Жастау кезімде ондай арманым болды. Бірақ, оның жолын таппадым, реті келмеді. Отбасылы, бала-шағалы болғаннан кейін ол арманға қол жеткізу тіпті қиындау еді. Себебі, ол жақта құшақ жайып қарсы алатын бір жақын жанашырың болу керек. Кейін ойым өзгерді.

— Бір әңгімеңізден әкеңіз Көпжасар Алматыдағы елге танымал қаламгерлермен жақсы байланыста болғанын естіп едім. Оның әсері болған жоқ па?

– Менің әкем «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімдері» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болды ғой. Сонда Алматыға шақыртумен екі рет барған. Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановпен, жерлесіміз Ахат Жақсыбаевпен бірге түскен суреттері бар. Сонда сол кісілер айтқан екен: «Егер жазуға талаптанып жүрген балаларың болса, бізге алып кел» деп. Бірақ, мені олай жіберген жоқ, маған да жолығудың сәті түспеді. Әкем сонымен қатар, «Қызыл ту» мен «Шамшыраққа» да штаттан тыс тілші ретінде жазып жүрді.

– Сізді оқырман ақынретінде жақсы таниды. Осыған дейін шыққан кітаптарыңыздың бәрі – поэзиялық жинақтар. Ал прозалық шығармаларыңыз қашан кітапқа айналады?

– Иә, менің бүгінгі күнге дейін үш поэзиялық жинағым шықты, сонымен қатар, әңгімелерім де бір кітапқа жетіп қалды. Бірақ, оны кітап қылып басудың реті әлі келмеді.

– Жергілікті басылымдардан басқа республикалық басылымдарға да көп басылған болар…

– 1989 жылы «Жұлдыз» журналының бір шығарылымын енді көрініп жүрген жас ақындарға арнаған екен. Сол қатарда менің де шығармаларым болды. Тыныштықбек Әбдікәкімов бастаған қазіргі танымал ақындардың біразы болды. Сонда бірге шыққан жас ақындардың көбі кейін қазақ поэзиясына өз есімдерін қалыптастырды. Сол нөмірге көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин ағамыз алғысөзін жазып, жастарға жылы лебізін білдірген еді. Содан кейін Мұхтар ағамызбен бір рет кездестім, Жүсіпбек Аймауытовтың 100 жылдығына келді. Қонақүйде сатыда кездесіп қалып, есімімді айттым. Бірден тани кетті. Қасында көрнекті ғалым Нығмет Ғабдуллин болды, сол кісімен таныстырып үлгерді. Содан төменге түскенше аздап ақыл-кеңесін де айтып, «Міне жолың ашылды, енді тоқтамай жаза бер!» деп ақ батасын да берді. «Ақ қан» поэмам «Абай» журналына, өлеңдер топтамам «Таңшолпан» журналына шықты.

Одан бөлек, мен күнделік те жазамын. Бұл менің тұрақты түрде қолға алып, жүйелі түрде жалғастырып келе жатқан шығармашылығымның бір пұшпағы деуге болды. Бүгінгі күнге дейін біраз дәптер толтырдым, тіпті жинақтаса бір кітапқа жетіп қалды деуге болады. Қазіргі күнге дейін жазып келемін. Бұл – әр адам үшін керек дүние. Себебі, болған оқиғалар ойыңнан ізім-ғайым өшіп кетпейді. Мысалы, бүгінгі күнімді де жазамын үйге барған соң. Облыстық кітапханада болдым, «Saryarqa samaly» журналисі Тілеубердімен сұхбаттастым, шахмат ойнадым деп белгілеп қоямын.

— Бұл бір керемет есте қалар күн болды, ендеше. Кейін күнделік жинағыңыз кітап болып шығып жатса, сол жинаққа менің аты-жөнім еніп жатса, сіздің оқырмандарыңыз үшін тарихтың бір парағында атым қалайын деп тұр екен. Күнделік туралы тағы бір сұрақ, қандай оқиғаларды көп тізбектейсіз?

– Рақмет, бауырым. «Күнделік» деп аты айтып тұрғандай, күнделікті көрген-білгеніңді, естігеніңді жаза бересің. Мен — футбол жанкүйерімін, сондықтан футбол матчтарын қалдырмай жазамын. Күні кеше ғана футболдан әлем чемпионаты басталды. Бірінші күні Мексика мен Оңтүстік Африка елдері ойнап, Мексика 2:0 есебімен жеңіп кетті. Сол ойында нешінші минутта кім гол соқты дегенді толық жазып қоямын. Сонымен қатар, қандай кітап оқығанымды, одан не түйгенімді де қысқаша күнделікке енгіземін. Бұл – оқыған кітапты есте сақтау үшін өте пайдалы тәсіл.

— Сіздің оқырмандар ара-сында беделіңізді көтерген, танымал қылған қандай шығарма деп ойлайсыз?

– Мені әдебиет әлемінде Ғабит Сапаров ретінде қалыптастырған шығармаларым – «Ақ қан» және «Ауғанстан» поэмалары. Соңғысы өзіміздің жерлесіміз, Ауған соғысында қаза болған Ерсін Мұқашевке арналған. Қазір Белогорье мектебі сол кісінің атында. Ал «Ақ қан» — «Неведа-Семей» қозғалысының кезінде жазылған шығарма. Алғаш жазылған кезде «Семей таңы» редакциясы ұнатып, жариялап жіберді. Жалпы, мен «Невада-Семей» қозғалысына бір кісідей атсалыстым. Ақын Арман Қани екеуіміз бірнеше рет жиындарына, конференцияларына қатысқан едік. Сонда мен Арман марқұмға «Осындағы өкілдігінің тізгінін өз қолыңа алсаңшы» деп ұсынған едім. Ол алғысы келмей, Амантай Қалиев деген азаматқа берді. Ол жігіт педагогикалық институтта сабақ беретін. Біз Олжасты 1985 жылы көрдік. Жаяу Мұсаның 150 жылдығына айтысқа келді. «Баянауыл басынан бұлт кетпес» деген халық әні бар ғой. Соған сүйене отырып, «Баянауыл басынан бақыт кетпес» деп өлең оқитын еді. Ол кезде Олжастың атағы жер жарып тұрған. Сол өлеңді Арман Қани экспромт қылып былай жазды:

Баянауыл басынан

                           бақыт кетпес,

Сені түгел жырлауға

                             уақыт жетпес,

Көлдеріңнен көгілдір

                                  айналайын,

Тауларыңнан айналдым

                     жақұт тектес,

деген екі шумақ өлең шығарды. Кейін мен оған қайырмасын қосып жазып, «Баянауыл» әніне салып айтып жүрдім.

Қайырмасы былай шықты:

Ахау, Баян,

Сағындырған салқын саяң-ау!

Асқар белің,

Аялаған самал желің-ау!

Бірақ, біздің жергілікті әншілерден соған қызығушылық танытып, «Айтайық, шығарайық» деген ешкім болмады. Бірде баянауылдық «Беу, жігіттер» ансамблінің кешінде болдым, топтың мүшелері бір сөздерінде: «Біз Шәмшінің әнін таң атқанша айта аламыз» дейді. Мен оларға «Шәмшіден бұрын өзіміздің жерлестеріміздің шығармасын шығару керек қой» дедім. Мысалы, Ақкөл-Жайылма, Баянауыл атырабында Жаяу Мұса, Естайдан бастап, 11 композитор шыққан екен. Неге солардың туындысын түгендеп, ел құлағына жеткізбеске?! Шәмшіні бізсіз де бүкіл Қазақстан шырқап жүр.

— Өлкетану бағытында қандай еңбек жаздыңыз?

– Менің «Баскөл округінің жер-су аттары» деген мақалам бар. Бірде оқушыларға үйге тапсырма беріп: «Өздерің білетін жер-су аттарын жазып келіңдер» дедім. Оқушылар мен естімеген неше түрлі жердің атын жазып алып келіпті. Келесі кезеңде: «Бұл атаулардың қайдан шыққанын, қандай мағына беретінін әке-шешелеріңнен сұрап жазып келіңдер» деген тапсырма бердім. Оны да орындап келді. Сол деректерге сүйене отырып, көлемді мақала жаздым.

Жергілікті мерзімді басылымдарға шықты. Біздің жаққа барсаңыз, Ертіс бойымен жағалап жүрсеңіз, табиғаттың небір тылсым құпиясын байқайсыз. Мысалы, Май ауданынан бері қарай жеті көл бар. Сол жеті көл біздің жақтағы «Баскөлден» басталады. Май ауданының Баскөл ауылының атауы сол көлдің құрметіне қойылған десек болады. Одан кейін, Шөптікөл, Құркөл, Қазалы көлі, Айнакөл, Кенжекөл деп бері қарай жалғаса береді. Барлық көлдер Ертістің жағалауында. Көктемде өзен суы тасыған кезде толады да, қалып қояды.

– Сіз – кітапханаға жиі келетін қаламгерлердің бірісіз. Ақын-жазушылар кітапханаға көбінде кешін өткізуге немесе іс-шараға қатысуға келетін әдеті бар?

– Жазу үшін оқу керек, оқу үшін кітапханаға келу керек. Иә, мен кітапханаға жиі барамын. Соңғы оқыған кітаптарымның бірі – Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы, одан кейін «Таңғажайып дүниесі» мен «Сәйгүліктерін» алып оқып жатырмын. Одан бөлек, жергілікті жазушыларды да оқу керек. Дихан Әбілевтің «Баянауыл баурайында» трилогиясын да оқығам. Жақында Серік Елікбайдың «Мәшһүрдің мұңы» романын қолға алдым. Сонымен қатар, жастарды да жиі оқып тұруға тырысамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.