Бүгінгі таңда елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі мемлекеттік деңгейде кеңінен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде белсенді түрде айтылып келеді. Дегенмен, қоғамда өткір тұрған мәселеде әлі де оң өзгеріс байқалмайды. Мұның себебі неде? Балалар мен әйелдерді «Жанұялас жұдырықтасынан» кім қорғайды? Қорғау ұйғарымы не үшін қажет? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар қаласының полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Бақытжан Тұрсариновамен әңгімелестік.
— Осы уақытқа дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заңнамасына біраз өзгеріс енгізілді. Әйелдер мен кәмелет жасқа толмағандарды азаптағаны үшін жаза күшейтілді. Алайда қылмыс саны азаймай тұр. Бұған не себеп де ойлайсыз?
— Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Статистика бойынша отбасындағы зорлық-зомбылық әйел адамдарға қатысты жасалады, егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. Кейінгі жылдар ішінде елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң қабылданды. Бұл заң зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды және отбасылық жанжалшыларға қатысты қылмыстық-процестік мәжбүрлеуді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Алайда бұл проблема әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сол себепті бүгін отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алудың жаңа жолдарын іздестіру маңызды. Осындай әрекеттердің алдын алуда әлеуметтік-құқықтық шараларға басымдық беру керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен сәтті күрес жүргізудің негізгі шарты – қоғамның көзқарасын өзгерту. Ол үшін қоғамдық сана мен қалыптасқан стереотиптерді түбегейлі өзгертіп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарына сәйкес түсінік қалыптастырып, қоғамға қарсы мінез-құлықты еркімен жібермеу керек.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу әдістерінің бірі — қорғау ұйғарымы. Ол не үшін қажет?
— Бүгінгі заңнамада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бірнеше шара қарастырылған. Соның бірі – қорғау ұйғарымы. Оны учаскелік полицейлер жәбір көрген адамның арызы бойынша жазады және жанжал шығарған кісінің қолына тапсырады. Осы құжатта нақты шектеулер көрсетілген. Атап айтқанда, 30 күн бойы жәбір көрген адамды іздеуге, қысым жасауға, телефон және тағы басқа байланыс құралдары арқылы сөйлесуге тыйым салынған. Қорғау ұйғарымы жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, оның пікірін ескере отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған немесе оны жасау қаупі төнген адамға орындау үшін қолхатпен жіберіледі. Қорғау ұйғарымын қолданылу мерзімі отыз тәулікті құрайды. Ал қорғау ұйғарымын бұзғаны үшін әкімшілік жаза бар. Атап айтсақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 461-бабына сәйкес, қорғау ұйғарымын бұзған адамға ескерту жасалады, я болмаса, бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алады. Тәртіп бұзушылықтар бір жылдың ішінде қайталанса, тәртіп сақшылары шаңырақтың «басбұзарын» 15-20 күнге дейін қамауға алады.
— Облыста тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
— «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында Павлодар қаласының полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында құқықтық тақырып бойынша әңгімелер, дәрістер, дөңгелек үстелдер сияқты профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді. Сондай-ақ, Павлодар қаласы полиция басқармасында жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Аталған топ инспекторлары отбасындағы әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында азаматтық топ өкілдерімен бірлесе жұмыстар атқарып келеді. Инспекторлар орын алған құқықбұзушылықты анықтап, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен және өмірдің қиын жағдайында қалған тұлғаларды қабылдап, оларға консультативтік-құқықтық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсету мәселелері бойынша Павлодар қаласындағы «Дағдарыс» орталығымен бірлесе еңбек етеді.
-Ақпаратыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.