Аймағымызда балалар арасында қызылша дерті қайта өршіді. Биыл алғашқы 6 айда аталмыш індетті жұқтырған 400-ге жуық баланың 90 пайызы ауруға қарсы екпе салдырмаған. Бұл статистика дәрігерлерді алаңдатып отыр. Медицина қызметкерлері ұл-қызына екпе салдырмайтын ата-аналардың қатары жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтады. Өзекті мәселе ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова облысқа жұмыс сапарымен келген кезде де талқыланған болатын. Дәрігерлер қауымы вакцинаның маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын күшейткенімен, ата-аналар ойын өзгертуге асық емес. Балалар арасында вакциналау шарасын жүргізудің маңызы қандай? Екпеден денсаулыққа зиян келуі мүмкін бе? Ата-аналардың бас ауруына айналған мезгіл мәселесі жөнінде редакцияда «Тікелей желі» шарасын арнайы ұйымдастырдық. Көпшіліктің көкейде жүрген сауалына Павлодар қалалық №3 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Фариза Сағынышқызы жауап берді.
Тілші:
— Бала өмірге келген сәттен бастап қандай екпелерді алуы тиіс? Вакцинаның әрқайсысына жеке тоқталсаңыз…
Фариза САҒЫНЫШҚЫЗЫ:
— Дүние есігін ашқан сәбиге алғашқы екпе бекітілген ұлттық күнтізбеге сәйкес перзентханада салынады. Бала өмірге келген
72 сағаттың ішінде оған туберкулезге қарсы (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы вакцина егіледі. Сәби екі айлығында көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге (АКДС-1) және пневмококк инфекциясына қарсы вакцина жасалады. Ал 3 айлығында АКДС-2 екпесі салынады. 4 айға толған бала АКДС-3 пен пневмококқа қарсы екінші вакцинасы егіледі. Бала бір жасқа толғанда пневмококқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын салдырып, аяқтайды. Сонымен қатар, ККП екпесі салынады. Яғни, бала қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина алуы керек. Бұдан бөлек, ауызға тамшы ретінде салынатын екпе бар. Ал 1,5 жасында АКДС-4 екпесін қабылдайды. Екі жасқа толған балаға А гепатитіне қарсы вакцина, 2,5 жасында осы екпені екінші мәрте салдырып, дозаны толық аяқтайды. 6 жасында 1 жасында салдырған қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинаны қайта салдырады. Сонымен қатар, бұған дейін салдырған АКДС екпесін толық-тырушы ретінде тағы бір екпе қабылдайды. Ал 16 жасында сіреспе мен дифтерияға қарсы егу (АДС-м) жүргізіледі. Бұл
екпені 10 жыл сайын қайталау қажет.
Бұдан бөлек, өздеріңізге белгілі адам папиллома вирусына қарсы екпе шығарылды. Өткен жылы 11-14 жасқа дейінгі қыздар арасында егілсе, биылдан бастап жаңа қаулы бойынша 14 жастан 17 жасқа дейінгі қыздарды қосымша егу көзделіп отыр. Былтыр екі мәрте салынса, осы жылдан бастап үш рет салынатын болып бекітілді. Бұл ретте екі мәрте егілгенде вакцина арасы кемі 6 айды құрады. Жаңа қаулыға сәйкес, бірінші және екінші вакцинаның арасы 2 айды құраса, үшінші екпе 6 айдан кейін салынады. Қазір аймағымызда қыздар арасында аталмыш індетке қарсы вакциналау науқаны қызу жүргізілуде.
Алуа, Павлодар қаласы:
— Қызымды өмірге әкел-генде перзентханада екі екпе салдырдық. Ата-ана ретінде ол екпелерден бас тартуыма болар ма еді әлде міндетті ме?
— Әрине, кез келген ата-ана баласына вакцина салдыру не салдырмауды өздері шешеді. Ешбір медицина қызметкері мәжбүрлі түрде сәбиге екпе сала алмайды. Бұл талап заңмен бекітілген. Сіз де ата-ана ретінде балаңызға екпе салдырудан бас тарта аласыз. Бірақ біздің елде вакцина тегін жүргізілетінін әрі қауіпті аурулардан қорғайтынын есте ұстаған жөн. Өз шешіміңіз арқылы баланы түрлі инфекциядан арашалайтыныңызды білуіңіз керек. Кез келген дәрігер екпе салу кезінде вакцинаның қандай аруға қарсы егілетінін, оның маңызын толық түсіндіреді.
Тілші:
— Жоғарыда атап өткені-ңіздей, АКДС вакцинасы балаға 4 мәрте егіледі. Бұл препарат бала ағзасына неге ауыр әсер етеді? Көп жағдайда осы екпені салдырған балалардың дене қызуы көтеріліп, мазасыз күй кешеді.
— Бұл екпе көкжөтелге, дифте-рияға және сіреспеге қарсы салынады. Тек АКДС вакцинасы емес, өзге де екпе түрлерін алған баланың дене қызуы көтеріліп, инъекция орнында ауырсыну сияқты белгілер болуы мүмкін. Балалар ұзақ жылап, тәбетінің төмендеуі байқалса да, алаңдауға негіз жоқ. Бұл реакциялар бала ағзасының препаратқа жауабын білдіреді. Яғни қалыпты жағдай. Әр баланың ағзасы әртүрлі қабылдайды. Кез келген екпені қабылдар алдында дәрігер ата-анаға баланы дайындау ережесін, вакцина салдырғаннан кейін ауырсыну белгілері мазалағанда қандай препарат беру керектігін түсіндіреді. Сондықтан маманның кеңесіне құлақ түріп, орындаған абзал.
АКДС-ке қарсы екпенің компо-ненттеріне тоқталатын болсам, бірінші және үшінші АКДС вакци-насының құрамында гексаксим болса, екінші және төртінші АКДС құрамында пентаксим болады.
Марал, Екібастұз қаласы:
— Қазір АКДС және өзге де екпе түрлерін қабылдағаннан кейін ауруға шалдыққан бала көбейді. Әсіресе, сәбилердің тілі өте кеш шығады. Бұған не дейсіз? Мысалы, АҚШ бұл екпелерден бас тартқан. Маман ретінде не айтасыз?
— Көп жағдайда ата-аналар қауымы АКДС-4 екпесінен кейін балам ауырып қалды деп жатады. Аталмыш вакцина жоғарыда атап өткенімдей, бала бір жарым жасқа толғанда салынады. Яғни, осы уақытта бала жүре, сөйлей бастайды. Бала денсаулығындағы қандай да бір кінәрат дәл осы жаста байқалады. Оған екпенің еш қатысы жоқ деп сеніммен айтар едім. Ғылыми тұрғыдан мұндай жағдайлар әлі дәлелденген жоқ. Сондықтан ата-аналардан тек шынайы ақпаратқа сенуді сұраймын. АҚШ-та бұл екпе әлі күнге дейін салынады. Керісінше, ол елдің адамдары осы екпені ақылы түрде қабылдайды. Біздің елде вакциналау шарасы тегін жүргізіледі.
Тілі кеш шығатын балалардың жағдайын да вакцинадан көре алмаймыз. Мұндай жағдай ерте заманда да болған. Өкінішке қарай, қазіргі ата-аналар балаларымен айналыспайды, дайын тамақты тұтынуға құмар. Балаға көңіл бөлетін уақытты жіберіп алғаннан кейін ғана сан соғып, себебін басқадан іздейді. Ата-аналар жұмысбасты болғандықтан, баланы дамытумен айныласпай жатады. Негізгі мәселе – осы.
Тілші:
— Қазір ата-аналардың басым көпшілігі балаларына екпе салдырудан бас тартып жатады. Осы ретте дәрігер ретінде екпенің маңызы туралы не айтасыз? Вакцина не үшін керек?
— Вакцина — баланы жұқпалы аурулардан қорғайтын негізгі қадам. Екпе баланың иммундық жүйесін белгілі бір инфекциямен бетпе-бет келуіне алдын ала дайындайды. Яғни, қандай да бір вирусқа қарсы вакцина салдырған бала ол індетпен жеңіл күреседі. Өздеріңіз біле-сіздер, қазір облыста қызылшамен ауырып жатқан бала көп. Олардың 90 пайызы – екпе алмағандар. Қауіпті індет олардың ағзасында ауыр өтеді. Сондықтан баланы түрлі инфекциядан қорғаудың жалғыз жолы екпе дер едім.
Елдегі заңнамаға сәйкес, ата-аналар қауымы балаға екпе салдыруды не салдырмауды өздері шешеді. Бірақ болашақта маман ретінде вакциналау науқанын әр балаға міндеттеу дұрыс болады деп ойлаймын. Себебі, мұндай қадамға бару арқылы балаларды қызылша іспетті барлық аурудан қорғай алатын едік.
Тілші:
— Манту неше жастан салы-нады? Ол не үшін керек?
— Манту — вакцина емес. Еліміздегі балаларды 15 жасқа дейін флюорографиядан өткізе алмаймыз. Сондықтан екі жасқа толған бала жыл сайын манту салдыруы тиіс. Бұл балаларды диагностикалау шарасы болып саналады. Манту салынған уақыттан бастап үш күн өткен соң инъекция орнын фтизиатр тексереді. Ешбір қызару белгісі болмаса, бала келесі жылы тағы мантуға келеді. Ал инъекция орны қызарған болса, баладан қосымша қан алынып, рентгеннен өтетін болады. Қарсы көрсетілім болмаса, бір жылдан кейін тағы манту салдыруға келеді.
Сабина, Павлодар ауданы:
— Менің балам 4 жасқа толғанға дейін манту салған
жоқ. Себебі, екі мәрте ЖРВИ-мен ауырды. Қазір төрт жарым жаста. Мантуды келесі жылы алсақ бола ма?
— Жоқ, мантуды биыл алып үлгеру керек. ЖРВИ-мен жиі ауырса, медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бірақ баланың жыл бойы ауыруы мүмкін емес. Сондықтан емделгеннен кейін екі апта өткен соң манту салдыруға келген жөн.
Тілші:
— Мантуды егуге жергілікті емхана мамандары өздері шақыруы керек пе? Әлде ата-ана өздері бара ма?
— Жалпы, медицина қызметкері әр баланы мантуға шақыруға міндетті емес. Ата-ана жауапкершілікті өз мойнына алып, баласының денсаулығы үшін шешімді өзі қабылдап, дәрігерге баруы тиіс. Өкінішке қарай, бала бір жасқа толғанға дейін дәрігер қабылдауына келмейтін ата-аналар бар. Бірақ олар бұл әрекеті үшін заңмен қудаланатынын есте ұстауы керек. Қабылдауға келмеген жағдайда дәрігер ювеналды полицияға хабарласуға құқылы.
Тілші:
— Қандай балаларға екпе мүлдем салынбайды? Вакци-наға қарсы көрсетілімдерге тоқталып өтсеңіз…
— Онкологиялық аурулар мен қандай да бір екпенің алғашқы дозасына шок немесе аллергия берген балаларға екпе салынбайды. Жұмыртқаның ақуызына аллергиясы бар балаларға қызылшаға қарсы екпе салынбайды. ЖРВИ сынды мерзімді аурулар кезінде де бала екпеден уақытша босатылады. Сонымен қатар, ұстамасы бар (эпилепсия) балаларға да вакицна салынбайды. Бұл ретте ұстаманың саны маңызды.
Марат, Баянауыл ауданы:
— Балалары вакцинадан кейін ауырып қалған таныстарым көп. Бұл ретте психи-калық дамудың тежелуі (ЗПР), аутизм диагнозымен ұшырасқандар бар. Бұл туралы не айтасыз?
— Бұл жағдайлардың нақты екпеден орын алғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Мұндай дерт балаға генетика арқылы беріледі. Яғни, бала бойындағы ауытқу арғы ата-бабасында болуы мүмкін. Дәл екпеден кейін ауруға шалдығады деп айта алмаймын.
Сара, Тереңкөл ауданы:
— Бойында ЖРВИ белгілері бар сәбиге вакцина салуға бола ма?
— Жоқ, бала ауырып тұрған жағдайда оған екпе салынбайды. Дәрігер тәуір болғаннан кейін де оны екі апта көлемінде вакцинадан босатып, анықтама бере алады. Бала аурудан айыққаннан кейін екі апта уақыт өткен соң ғана қажетті екпені салдырады. Бұл ретте де дәрігер оны толық тексереді.
Тілші:
— Екпе салдыруға келген екі айлық баланың денсаулығын дәрігер қалай тексеруі керек?
— Бала өмірге келген сәттен бастап ата-анасы оны ай сайын жергілікті емханадағы педиатрға әкеліп отыруға міндетті. Дәрігер баланың салмағын, бойын тексеріп, неврологиялық даму көрсеткіштерін бақылайды. Өкпесін тыңдап, дене қызуын өлшейді, ауыз қуысы арқылы тамағын тексереді. Бала бойында ешбір ауытқу әрі туған сәтінде медициналық қарсы көрсетілім болмаса, вакцина қабылдауға рұқсат беріледі.
Жайнагүл, Ақтоғай ауданы:
— Өз балаларына екпе салдырудан бас тартқан таныс дәрігерлер бар. Бұл туралы не айтасыз?
— Мен екі баланың анасымын. Оларға вакцина салдырудан бас тартқан емеспін. Әр екпені өз уақытында ұлттық күнтізбеге сәйкес қабылдадық. Баласына екпе салдырудан бас тартқан дәрігерлер туралы өз басым есті-меппін. Әр ата-ана бұл мәселені жеке шешетіндіктен, әркімнің өз таңдауы дер едім.
Тілші:
— Қазір ата-аналар екпенің құрамына күмәнмен қарайды. Балаларға салдырмас бұрын вакцинаның қай елден келгені жөнінде толық танысу мүмкіндігі бар ма? Жарамдылық мерзімін көруге бола ма?
— Әрине, вакцина салдыруға келген ата-ана екпе кабинетіндегі мейірбикеден вакцинаның құрамы, сапасы, жарамдылық мерзіміне қатысты ақпарат ала алады. Қазір балаларға салынатын екпелер Франция, Индия және Қытай елдерінен жеткізіледі.
Камила, Павлодар қаласы:
— Менің балам екі мәрте дәрігер қабылдауына барғанда екі вакцинаны қатар салдырды. Қандай вакцинаны қатар егуге болады? Әлде әр вакцинаны жеке салу керек пе?
— Иә, болады. Мәселен, АКДС-1 мен пневмококқа қарсы екпені қатар алуға рұқсат етілген. Бала ағзасы екі екпені қабылдай алады. Тек инъекция орнының арасы 3-4 см болуы тиіс. Болмаса, екі түрлі бұлшық етке салуға болады. Яғни, екпені екі аяққа немесе екі қолға егуге рұқсат етілген. Бір жастағы бала үш екпені де қатар ала алады. Бұл ретте қызылша, пневмококк және полиомиелитке қарсы екпелерді бірден салдыра алады. Бала өсе келе есін біле бастағандықтан, үш екпені үш мәрте салдырғаннан бәрін бір уақытта алу ыңғайлы дер едім. Дәрігер ата-анаға вакцинадан кейін балада қандай ауырсыну белгілері болатынын толық түсіндіріп, қандай препарат беру керектігін де айтады. Көп жағдайда баланың дене қызуы көтерілгенде салмағына қарай «Ибуфен» препараты беріледі.
Айдын, Ертіс ауданы:
— Бір жасқа толмаған баланы ай сайын дәрігер қабылдауына апару міндетті екенін атап өттіңіз. Ал вакцинадан кейін ауруға шалдыққан балаға дәрігер қандай жауапкершілік арқа-лайды?
— Алдымен бала денсаулығын-дағы кінәрат вакцинадан орын алғанын дәлелдеу керек. Бұл ретте ата-ананың шағымдануына байланысты арнайы медициналық сараптама орталығы бұл істі қолға алады. Егер ауру екпеден екені дәлелденсе, жауапты тұлға жаза арқалайды. Бірақ бұл ретте екпенің құрамы немесе вакцинаны салу кезінде қандай да бір ереженің бұзылғаны нақты анықталуы тиіс.
Дәрігер вакцинаны салған кезде баланы кем дегенде 30 минут бақылайды. Егер бала өзін жақсы сезінсе, үйге жібереді. Сондықтан дәрігер тарапынан қателік кетеді деп ойламаймын.
Тілші:
— Вакцинаны уақытылы алмаған бала кейін екпені қалай алады? Мысалы, сәби кезінде қызылшаға қарсы екпе салдырмаған бала препаратты неше жасында салдыра алады? Екпені мерзімінен кеш алған зиян емес пе?
— Қызылшаға қарсы екпе бір жаста және 6 жаста салынады. Екпе алмаған балалар вакцинаны 8 жаста қабылдай алады. Екпе алмаған балалар 18 жасқа дейін вакцина салдыра алады. Бірақ қызылшамен ауырған балаға осы індетке қарсы екпе салынбайды. Себебі, оның ағзасында қызылшаға қарсы иммунитет қалыптасқан болып саналады. Ал бір жаста қызылшаға қарсы екпе салдырмаған бала вакцинаны екі немесе үш жасында да қабылдай алады. Бірақ қызылшамен ауырмаған болуы тиіс.
Тілші:
— Менің балам жақында «Севоран» препаратын қабылдау арқылы барлық тісін емдетті. Манту әлі алмадық. Қашан салдырсақ болады?
— «Севоран» препараты кезінде баланы ұйықтатып емдетеді. Стоматологтар кейбір балаларға емді үйде жалғастыру керектігін айтып жатады. Сол себепті мантуды екі аптадан кейін алған жөн.
Толғанай, Железин ауданы:
— Вакцинадан кейін баланың дене қызуы көтеріліп, мазасы кетсе не істеу қажет?
— Екпеден кейін ауырсыну белгілері болуы мүмкін. Әр баланың ағзасы әртүрлі болғандықтан кейбірі вакцинаны жеңіл қабылдайды. Яғни, дене қызуы көтерілмей, беймаза күй кешпейді. Егер екпеден кейін қандай да бір симптом мазаласа, алаңдауға негіз жоқ. Көп жағдайда ата-аналарға «Ибуфен» препаратын беруге рұқсат етіледі. Вакцина салдырмас бұрын бала салмағына сәйкес, «Фенистил» дәрісін қабылдауға болады. Мұндай ережені дәрігер екпе салу алдында міндетті түрде түсіндіреді.
Талғат, Аққулы ауданы:
— Қазір әлеуметтік желі арқылы вакцинадан кейін бала ауруға шалдыққан талай өнер жұлдызының сұхбатын көріп жүрміз. Олар ұл-қызының нақты екпеден кейін ауыр халге ұшырағанын ашық айтады. Сондықтан болар, балаларымның екпе алуына қарсымын. Себебі, олардың болашағы үшін алаңдаймын.
— Иә, әлеуметтік желі арқылы вакцинаның зияны туралы көп видео таратылатынын білеміз. Бірақ дәрігер ретінде мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Қалың көпшіліктен де ондай оқиғаларға сенбеулеріңізді сұраймын. Вакцина баланың ағзасында қандай да бір аурудың пайда болуына себеп болмайды. Керісінше, бала ағзасын қауіпті инфекциядан қорғайды.
Түйін:
«Тікелей желі» барысында оқырмандар тарапынан вакцинаның сапасына қатысты сұрақ көп түсті. Көпшілігі екпенің пайдалы екеніне күмәнмен қарайтынын анық айтты. Фариза Сағынышқызы өзге әріптестері сияқты екпе қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алудың ең сенімді және ғылыми дәлелденген әдісі екенін айтудан жалықпады. Вакцина адам ағзасында арнайы иммунитет қалыптастырып, вирустар мен бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі, ауыр асқынулар мен өлім-жітім көрсеткішін азайтатынын алға тартады. Сондықтан қалың көпшіліктен ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы көзделген екпелерді уақытылы алуды өтінеді. Балаларына екпені алудан бас тартқан ата-аналар тек өз балаларына қауіп төндіріп қана қоймай, басқа балаларға да ауруды жұқтыру қаупін туғызатынын ашық айтты. Ал нақты шешім – ата-аналардың өз еркінде!
«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.
