«Достық үйінде» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың
«Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.
Жиынға қатысқан жергілікті зиялы қауым жаңа кітаптың ұлтқа, ұрпаққа дәрумен болар құнды туынды екенін атап өтті. Сонымен қатар, еліміздің руханиятын, білімі мен мәдениетін, ішкі-сыртқы саясатын және баршаға ортақ құндылықтарды дамытуға басты бағдар екенін тілге тиек етті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, жаңа кітаптың жаңа қоғам үшін өзекті тұсын дөп басып көрсетті. Модератор болған Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай өз сөзінде кітап — ұлттың рухани және интеллектуалдық дамуының маңызды құралы деген баға берді.
— Бұл кітап — қоғам мен мемлекет алдындағы жаңа міндеттерді кеңірек түсінуге мүмкіндік беретін маңызды туынды. Кітаптың атауының өзінде де үлкен мағына бар. Яғни, әділетті қоғам қалыптастыру, шындықты ашық айту, бар мәселеге объективті баға беру және оны шешуге нақты қадам жасау дегенді білдіреді. Бұл қағида бүгінгі мемлекеттік басқарудың маңызды ұстанымдарының біріне айналды. Мемлекет басшысы өз еңбегінде Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктермен қатар, қоғамдағы қордаланған мәселелерге ашық әрі нақты бағасын беріп отыр, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сайлау Байбосын, Шолпан Байғалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұханбет Тұрышев, Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев және басқа да қаламгерлер қауымы Мемлекет басшысының жаңа еңбегі жайлы жылы пікірлерін білдірді.
— Кітап 21 тараудан тұрады екен. Қоғамның барлық саласын қамтыған. Еліміздің сыртқы және ішкі саясаты, халықаралық қатынасы, татулық пен бірлік мәселелеріне ерекше назар аударған. Кітаптың тағы бір ерекшелігі – ұзақ-ұзақ мақалалар емес. Әр тақырыпты қысқа-қысқа афоризм ретінде ашқан. Қасым-Жомарт Кемелұлы саналы ғұмырын саясатқа арнаған адам ғой. Ал бұл кітапты тек Президенттің көзқарасымен емес, қоғамның бір өкілі ретіндегі және қоғам қайраткері ретіндегі толғаған ой-пікірі деп түсінуіміз керек, — дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақбеттау» журналының бас редакторы Сайлау Байбосын.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы 21 тақырыптық бөлім мен тараудан тұрады. Бұл — жай ғана дәйексөздер жинағы емес. Кітапта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуы, қоғамдық жауапкершілік, заң үстемдігі мен әділеттілік туралы маңызды ойлары топтастырылған. Сондай-ақ, әділетті қоғам қалыптастыру, заң мен тәртіпті нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, білім мен ғылымды дамыту, мәдениет пен әдебиетті қолдау, цифрландыру және экологиялық мәдениет секілді ел дамуының маңызды бағыттары қамтылған.
Тілеуберді САХАБА.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
