Патриоттық кездесу

Қыр 10, 2026

Екібастұз өңірінде ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өкілдерінің қатысуымен ауқымды әскери-патриоттық бағдарлама өтті. Әске-рилермен кездесу оқушылар үшін еркін форматта диалог жүргізуге мүмкіндік жасады.

Іс-шараның алғашқы кезеңі Байет ауылдық округіне қарасты Атығай ауылында өтті.   Мұнда  жаңа білім ордасының 10–11-сынып оқушыларына арналған алғашқы «Ерлік сабағы» өткізілді. Кездесу орталықтың шығармашылық ұжымының өңірге жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды.

Жоғары сынып оқушыларымен еркін форматта өткен бұл кездесуде ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы, майор Мейірбек Меңдіғалиев патриотизм, жауапкершілік, әскери борыш және Отан алдындағы міндет туралы сөз қозғады.

Теориялық бөлім тәжірибелік сабақпен жалғасын тапты. Жасөспірімдер Калашников автоматын бөлшектеу және пневматикалық винтовкадан нысана көздеп ату бойынша өз дағдыларын көрсетті.

Әскери-патриоттық бағдарлама спорттық шараларға ұласты. Қонақтар мектептегі күрес залындағы жаттығу барысын, баскетбол дайындығын тамашалап, сондай-ақ Атығай және Байет мектептері командалары арасындағы жолдастық футбол матчын көрді.

Ауылдағы іс-шаралардан кейін әскери-патриоттық бағдарлама Екібастұз қаласында жалғасын тапты. «Самғау» балалар шығармашылық орталығында қала мектептерінің жоғары сынып оқушыларына кезекті «Ерлік сабақтары» өткізілді.

Мұнда  «Көне заман дәуірі» атты тарихи көрме келушілер назарына ұсынылды. Ұлттық әскери-патриоттық орталық пен қалалық білім беру бөлімінің бірлесуімен ұйымдастырылған экспозиция арқылы оқушылар еліміздің тарихи және мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жастардың бойында патриотизм, тәртіп, жауапкершілік және командалық рух қалыптастыру, сондай-ақ Отан алдындағы борышты сезінуге ықпал ету. Жаңа мектепте өткен алғашқы «Ерлік сабағы» да осы құндылықтарды жас ұрпаққа дәріптеудің маңызды алаңына айналды.

Сара ӘБДОЛ.