«Үлгілі ауыл» атанды

Қаз 8, 2026

Облысымызда «Үлгілі ауыл» байқауының қорытындысы шығарылды. Биыл байқауға қатысуға 15 елді мекеннен өтініш түскен.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәлімдеуінше, жарыс «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2024-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына сәйкес ұйымдастырылған. Яғни, мұнда ауылдық елді мекендердің аумақтарын кешенді дамуын қолдау мақсат етілген.

– Елді мекендерді бағалау барысында абаттандыру мен тазалық, көгалдандыру, экологиялық жағдай, инфрақұрылымының дамуы, жолдардың жай-күйі мен интернетке қолжетімділік, ауыл туризмі ескерілді. Сонымен қатар, жұмыс орындарын құру, әлеуметтік нысандар, экологиялық волонтерлік, кәсіпкерлердің ауылды дамытуға атсалысуына, тұрғындардың спорттық және ғылыми жетістіктеріне және басқа да көрсеткіштерге мән берілді, – делінген басқарманың ақпаратында.

Байқау комиссиясының шешімімен үш  ауыл «Үлгілі ауыл» атағына ие болды. Олар – Ертіс ауданының Майқоңыр ауылы, Тереңкөл ауданына қарасты
Алтай ауылы, Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылы. Аталған ауылдарға 500 мың теңге көлемінде жүлде табысталды. Сонымен қатар, жеңімпаздарға облыстық бюджеттен трансферт түрінде қаражат аударылады.

Байқауды аталмыш басқарманың қолдауымен «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Г.МАҒЖАН.