Энергоблок құрылысының қарқыны қалай?

Қаз 8, 2026

Екібастұз қаласы аумағындағы ГРЭС-2 кәсіпорнында жаңа энергоблоктардың құрылысы жүргізілуде. Еліміз үшін маңызды нысанның құрылыс алаңына қала әкімі Аян Бейсекин арнайы барып, танысты.     

Бұл туралы шаһар басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында мәлімдеді. Мұнда энергетикалық кәсіпорынның үшінші және төртінші энергоблоктары салынуда. Сапар барысында негізгі мәселелерге мән берілді. Яғни, жұмыстардың сапасы, құрылыс мерзімдерінің және қауіпсіздік нормаларының сақталуы, сонымен қатар, жұмыскерлерге айлықтың уақыты төленуіне назар аударылды.

Мердігер ұйым өкілінің мәлімдеуінше, құрылыс алаңында 361 адам, 32 техника жұмыс істеуде. Металл конструкцияларды құрастыру, турбиналар орнатылатын аумақтың төбесі жөнделіп, бетоннан іргетасы құйылуда. Бетон құю жұмыстарын қазан айының 20-сына дейін аяқтауды межелеп отыр.

Жұмыстар құрылыс-монтаждау жұмыстарының бекітілген кестесінен сәл кешігіп жатқан көрінеді. Алайда, оның өзіндік объективті себептері бар. Авторлық және техникалық қадағалау ақпаратына сәйкес анықталған ескертулер жедел жойылып жатқанын мәлімдеді.

Бұл жаңа энергоблоктар іске қосылса, станцияның қуаты бір гигаваттан астам көлемге ұлғаймақ. Өңірдің энергетикалық және инвестициялық әлеуеті арта түспек. Сапар соңында қала әкімі білікті мамандар тарту бойынша жұмысты күшейту міндетін қойды. Сондай-ақ, бетон жұмыстары бойынша қарқынды арттыруды тапсырды.

Г.МАҒЖАН.

Екібастұз қаласы

 

Өрт сөндіру бекеті
салынды

Железин ауданының Уәлиханов ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл –ауданда қолданысқа берілген жетінші бекет. Атап өтерлігі, аталмыш бекет «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында салынды.  

Аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, бұған дейін мұндай бекеттер Алакөл, Михайлов, Веселая роща, Прииртышск, Лесное, Жаңа жұлдыз ауылдарында ашылған. Енді Церковное ауылында тағы бір бекет салынса, ауданда өрт сөндіру бекеттері желісі толық қамтылады. Яғни, ауданның кез келген жеріне 15-20 минут ішінде жету мүмкіндігі болады.

– Кезекті бекеттің ашылуы – бүкіл Еңбекші ауылдық округі үшін маңызды оқиға. Бұрын ең жақын өрт сөндіру бөлімі Алакөлде болса, енді өрт сөндіруге жету уақыты 10-15 минутқа дейін қысқарады. Ғимарат заманауи материалдардан қысқа мерзім ішінде салынды. Бекет байланыс және диспетчерлік жүйелерімен жабдықталған. Жеке құрамның тынығуы және дайындығына арналған бөлме қарастырылған, – делінген әкімдіктің ақпаратында.

Сонымен қатар, өрт сөндіру көлігінің кілті табысталды. Бұл нысанның ашылуы ауылдықтарға мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықты білдірсе керек. Яғни, қауіпсіздікпен қатар ауыл азаматтарына жаңа жұмыс орындары ашылды. 4 сарбаз ауысыммен кезекшілік етеді.

Г.МАҒЖАН.

Железин ауданы

 

Он күнін дала төсінде өткізді

Ауыл шаруашылығы саласын мамандармен қамту қазіргі күні өзекті мәселелердің біріне айналды. Жастарды ауылдық елді мекенде тұрақтап, агроөнеркәсіп кешенінде еңбек етуге тарту да оңай емес.     

Бірақ, аграрлық білім беретін оқу орындары теориямен бірге тәжірибені ұштастыру арқылы жастарды қызықтыру мүмкіндігі барын біледі. Мәселен, Успен ауданының аграрлық-техникалық колледжінде дуалды білім беру жүйесіне басымдық берілуде. Колледждің ақпаратына сүйенсек, студенттер «Өндірістегі 10 күн» акциясы аясында   «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша «Анна» шаруа қожалығында өндірістік тәжірибеден өтті. Колледждің тұрақты серіктесі саналатын шаруашылықта жастар теориялық білімін іс жүзінде бекітіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Сонымен қатар, нақты өндіріс жағдайында жұмыс істеудің қыр-сырымен жақынырақ танысты.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Успен ауданы

 

Жаңа техникамен
толықты

Шарбақты ауданы мен өңіріміздегі өзге де орман алқаптарын өрттен қорғау мақсатында «Ертіс орманы» резерватына
75 бірлік арнайы техника берілді.    

Жаңа техникаларды сатып алуға «Жасыл даму» акционерлік қоғамынан 2,9 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Бұл қаражат орман қорын қорғау мүмкіндіктерін кеңейтіп, өрт қауіпсіздігі саласындағы материалдық-техникалық базаны жаңартуға жұмсалған.

Осылайша, резерваттың техникалық паркі өрт сөндіру автоцистерналары, тракторлар және жол талғамайтын автокөліктермен толықты. Арнайы техникалардың әрқайсысы орманды алқаптарда туындауы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, өрттің таралуына жол бермеуге және қажетті жұмыстарды қысқа мерзімде жүргізуге бағытталған.

Мамандардың айтуынша, жаңа техникалардың берілуі резерваттың өрт қаупі жоғары маусымға дайындығын айтарлықтай арттырып, табиғи аумақтарды қорғау мүмкіндігін күшейте түсетін болады. Десе де, табиғи аумақтарды қорғауда техникалық жарақтандырумен қатар, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, профилактикалық жұмыстар жүргізудің де маңызы зор, дейді төтенше жағдай саласының өкілдері.

Н.АҚЫТЕГІ.

Шарбақты ауданы

 

  Көрме ашылды

Баянауыл ауданындағы «Сарыарқа сыры» визит-орталығында «Баянауылға баянды тарту» атты көрме ашылды.    

Аталмыш көрмеге Абай облысынан «Киелі Абай елі», Маңғыстаудан «360 әулиелі Маңғыстау» атты сыйға берілген кітаптар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Астана қаласында тұратын баянауылдықтар атынан Астана-Бәйтерек мүсіншесі, Түркістан қаласынан тайқазан мүсіні мен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» кітабы тарту етілген.

Атап өтерлігі, осынау ерекше сыйлықтарды аудан әкімі Ардақ Кісентаев өңірдегі ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесу барысында өз қолымен табыс етті.

Бұдан былай да киелі Баянауыл жеріне еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрметті қонақтар тарапынан аудан басшысына сыйлық ретінде ұсынылған құнды жәдігерлер, кітаптар, естелік мүсіндер мен өзге де қызықты дүниелер көрмеге қойылатын болады.

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы