Ұлағатты ұстаз – ұлт мақтанышы

Қаз 8, 2026

Ұстаз – ұрпақ бойына білім мен ізгілік дәнін себетін, ел болашағын қалыптастыратын ұлағатты жан. Олардың еңбегін бағалау – тұтас ұлттың ертеңіне деген құрмет десек, артық айтқандық болмас. Мемлекет басшысы ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай Ақордада ұйымдастырылған салтанатты шараға арнайы қатысып, білім беру саласының өкілдерін айтулы мерекемен құттықтады. Ұрпақ тәрбиелеу жолында ұзақ жылдар бойы тер төккен елеулі еңбек иегерлерін марапаттады.

Мұғалім мәртебесі – мемлекет назарында!

Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында ел Президенті ұлағатты жандардың адам өміріндегі орнына тоқталып, олардың еңбегіне қоғам тарапынан әрдайым құрмет көрсетілуі қажет екенін атап өтті.

– Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, ұстаздарды жан-жақты қолдауға айрықша мән берілетінін жеткізді. Осы бағытта педагогтардың мәртебесін арттыруға арналған нақты шаралар жүзеге асып келе жатқанын да атап өтті.

– Баршаңызға мәлім, біз «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдадық. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Елімізде бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. «5 қазан – Ұстаздардың кәсіби мерекесі» ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мейрамды кең көлемде атап өтіп жүрміз. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша міндет, – деді Президент.

Ақордадағы мерекелік шара барысында білім беру саласына еселі еңбек сіңірген 30 педагогқа жоғары мемлекеттік наградалар табысталды. Солардың қатарында жерлесіміз, Тереңкөл ауданына қарасты Томарлы ауылының жалпы білім беретін мектебінің педагог-зерттеушісі Ахметжан Садықов та бар. Ұстазға ел алдындағы айрықша еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Ахметжан Садықовтың білім саласындағы еңбек өтілі – 30 жыл. 2008 жылдан бері Томарлы ауылындағы мектепте қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі педагог талай шәкірттің білімге деген қызығушылығын арттырып, ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар берді. Еңбекқор мұғалімнің оқушылары республикалық олимпиадаларда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, өзге байқауларда да жақсы нәтиже көрсетуде. Сонымен қатар, облыстық ғылыми жобалар конкурстарында да жеңімпаз атанып жүр. Бұған қарап, ұстаздың жоғары мемлекеттік наградаға ие болуы – оның ұзақ жылғы адал еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және шәкірттерінің жетістігіне қосқан үлесінің лайықты бағасы екенін аңғаруға болады.

Павлодарлық педагогтар еңбегі еленді

Павлодарлық ұстаздардың кәсіби мерекесі де кең көлемде аталып өтті. Бүгінде өңірде 22 мыңнан астам педагог өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Естай атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, өңір ұстаздарын құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттың болашағы — ұстаздың қолында», «Ұстаз — ұлттың шамшырағы», — деп атап өтті. Бұл сөздердің астарында терең мағына мен ең маңызды мамандықтардың біріне деген зор құрмет жатыр. Заман ағымы қанша өзгерсе де, балаларымызға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсететін ұстаздың орны әрдайым ерекше. Бүгінгі оқушылар — еліміздің болашағы, жасампаздары мен көшбасшылары. Сол үшін де сіздердің әрқайсыңызға басымды иіп, қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, — деді өңір басшысы.

Айрықша атап өтерлігі, аймағымызда білім беру саласын дамытуға және педагогтардың кәсіби қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Білім беру саласын қаржыландыру өңірдегі басым шығыстардың үштігіне кіреді. Биыл бұл салаға 250 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Өңірдегі орта білім беру нысандары, соның ішінде шалғай ауылдардағы мектептер де жоғары жылдамдықты интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтамасыз етілген.

Биыл 135 орындық үш мектепке дейінгі ұйым ашылды. Ал келесі жылы тағы 620 орынға арналған үш балабақша салу жоспарланып отыр. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі де толық шешілді. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 10 мектеп салынды. Павлодар қаласының «Усолка» шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы Кенжекөл және Төсағаш ауылдарында мектептер, сондай-ақ, Үштерек, Баянауыл ауылдары мен Атамекен кентінде үш балабақша салу жоспарланып отыр.

Қосымша білім беру ұйымдарының желісін жаңғырту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Павлодар және Екібастұз қалаларында балалар шығармашылығының жаңа орталықтары, Ертіс және Ақтоғай аудандарында балалар өнер мектептері ашылды. Майқайың кентінде 500 орындық балалар өнер мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Успен және Май аудандарында бассейндер ашылса, Ертіс ауданындағы бассейннің құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімі бұл жұмыстардың барлығы ұстаздардың сапалы еңбек етуіне, ал балалардың заманауи білім алуына қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталғанын тілге тиек етті.

Қуантарлығы, өңірдегі білім сапасының көрсеткіштері де жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетіп отыр. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Павлодар облысы білім сапасы көрсеткіші жағынан еліміздің өңірлері арасында бірінші орынға ие болған.

– Павлодарлық түлектердің ҰБТ-дағы жоғары нәтижелерін Мемлекет басшысы тамыз кеңесінде де атап өткен болатын. Бұл жетістіктердің артында, ең алдымен, мұғалімдердің күнделікті маңдай тері, кәсіби ізденісі мен шәкіртке деген жауапкершілігі тұр. Технология адаммен қарым-қатынасты және шынайы ұстаз ғана балаға бере алатын сенім мен жанашырлықты алмастыра алмайды. Біздің ортақ міндетіміз — Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанның тірегіне айналатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Үмітті ақтаған үздіктер

Мерекелік шара барысында облыс ұстаздарына мемлекеттік және өңірлік наградалар табысталды. Атап айтқанда, ҚР Президентінің Жарлықтарына сәйкес Павлодар қаласындағы Кенжекөл жалпы білім беретін мектебінің география пәнінің мұғалімі Майя Құдайбергенова және Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инна Назарова «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі Жеңісбек Әбуов, Бақыт Амаргала, Айнұр Жангурова, Қымбат Омарова, Әсия Дүйсембекова және Ләззат Қабдыроваға берілді. Сонымен қатар, бірқатар ұстаздарға «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медальдары және облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Ұстаздар күні қарсаңында Железин ауданының Прииртышск ауылындағы Т.П.Праслов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің биология және химия пәндерінің мұғалімі Вера Аксенюк та жоғары марапатқа ие болды. Тәжірибелі педагог ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ол ұзақ жылдар бойы шәкірттерге сапалы білім беріп келеді.

Мерекелік шара барысында «Жыл мұғалімі–2026» және «Мек-тепке дейінгі ұйымның үздік педагогы–2026» облыстық байқауларының қорытындысы да шығарылды. Қазылар алқасының шешімімен «Жыл мұғалімі–2026» байқауының бас жүлдесін дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаев иеленді. Ал «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы–2026» байқауының бас жүлдесіне Баянауыл ауданының туберкулез ауруына шалдығуы ықтимал мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Шағала» балабақшасының тәрбиешісі Майгүл Өміртай лайық деп танылды. Облыстық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сертификаттар табысталды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Н.АҚЫТЕГІ.