Қалдықты кәдеге жаратып…

Қар 19, 2026

Бүгінде күнделікті тұрмыстық, өндірістік қолданыстан көп қалдық шығады. Оның бәрін тау-төбе етіп үйіп қою – ауаға ауыр. Сондықтан, қайта өңдеуге кейінгі кезде елімізде көп мән берілуде. Өйткені, экологияға тигізетін әсерімен қатар экономикаға әкелетін пайдасы бар. Жуырда, осындай қалдықтарды кәдеге жаратып, жаңа өнім шығаратын өңіріміздегі екі өндіріспен танысып қайттық.

Қап қалай түйіршікке айналады?

Оның бірі – «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы полиэтилен және полипропилен, құрамында мұнай бар қалдықтарды қайта өңдейтін «КазРециклен» кәсіпорны. Яғни, мұнда пайдаланылған канистрларды, ірі полиэтилен қаптарды, көліктің резеңке дөңгелектерін кәдеге жаратады. Бұл дегеніңіз, өнеркәсіптік қоқыстарға «екінші өмір» беріліп, жаңа өнімнің шикізаты болады. Осылайша, экологияға кері әсері бар қалдықтар енді өндіріс үшін шикізатқа айналып отыр.

– Пластикалық қалдықтарды тазартып, бөлшектеп, жуамыз, кептіреміз, содан кейін арнайы аппаратпен түйіршіктерге айналдырамыз. Арнайы сертификатталады. Мұндай өнімдерімізді полиэтилен құбырларын, пакеттер, ірі қаптар, бау-бақшаға арналған суару түтіктерін жасауға қолданады. Түйіршіктерге ішкі нарықта сұраныс жоғары, – дейді кәсіпорын басшысы Марат Төлегенов.

Мұнда сонымен қатар қолданылған резеңке-техникалық бұйымдардан, пайдаланылған көлік майларынан пешке арналған сұйық отын алынады. Оларды пиролиз әдісі арқылы өңдеп, мазут тектес сұйық отын шығарады. Физикалық-химиялық қасиеттері тұрғысынан пеш отыны минус 25 градус суықтың өзінде қатпай, сұйық күйін сақтап қалады. Өңдеу технологиясын павлодарлық кәсіпорын көрші елден алып, енгізген. Сұйық отынды өңірімізде өндірістер көптеп тұтынатын көрінеді. Пештің сұйық отынға арналған арнайы оттығы болуы шарт. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда өнімін өңіріміздің нарығында сатады. Әсіресе, асфальт-бетон зауыттары битумды қыздыру, кірпіш өндіретін кәсіпорындар өнімін күйдіру, ал шаруалар астықты кептіру үшін қолданады.

Бұл жоба 2023 жылдан бері қолға алынып, былтыр нақты іске қосылған. Кәсіп иесі шикізаттан тапшылық көрмеу үшін алдын ала қор да жинақтап үлгеріпті. 150 тонна биг-бэгтерді престеп жинап қойыпты.

– Өнеркәсіптік кәсіпорындармен шарт жасасып, қалдықтарын жүйелі түрде алып кетуге уағдаластық. Оларда глинозем жеткізілетін көлемді полиэтилен қаптарын аламыз. Бір жағынан, оларға да тиімді. Себебі, қоқысты жою — өз алдына бір шығын. Одан бөлек, дөңгелек жөндейтін орындардың айналасын бір шолып, қажетсіз қалған резеңке дөңгелектерді жинап аламыз, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпорын жылына 1000 тонна қалдықты қайта өңдеп, 600 мың литр пешке арналған сұйық отын, 500 тоннаға жуық түйіршік өндіреді. Кәсіп иесі қалдық өңдеу аса тиімді өндіріс еместігін айтады. Нарықта бәсекеге төтеп беруде мүмкін болмаушы дейді. Осы ретте, арнайы экономикалық аймақтың артықшылықтары айтарлықтай демеу болып отыр. Мұнда кәсіпорын салықтың көп түрінен босатылған. Инфрақұрылымдық жүйелер тартуға, шетелден жабдықтарын әкелгенде көп көмегі тиген. Мәселен, Қытайдан, Ресейден өндіріс жабдықтарын жеткізгенде кедендік салықтар төлеген жоқ. Одан басқа да жеңілдіктер өндірістің қиындықсыз ілгерілеуіне септігін тигізген. Бүгінде кәсіпорында 15 адам еңбекпен қамтылған.

Ескісінен – екінші өнім

Ал «Тандем Recycling» ЖШС кәсіпорны қорғасын-қышқылды аккумуляторларды қайта өңдеп, табыс көзін тапқан. Көліктерде қолданылып, мерзімі таусылған аккумуляторлар аталмыш зауытқа әкелініп, құрамына қарай бөлшектеледі. Яғни, сыртқы корпусы бір бөлек, ішіндегі қорғасыны тағы бір бөлек алынады.

– Біздің өндірісте қайта өңдеудің толық циклы қамтылған. Яғни, қалдық түріндегі шикізатты жинап, қабылдаудан дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбек бар. Жеткізілген аккумуляторларды фракцияларға бөлеміз. Одан пластик және қорғасын аламыз. Қорғасынды әрі қарай пеште балқытып, көрші елдегі аккумулятор зауытына жолдаймыз. Ол жақтан біздің қорғасыннан жасалған дайын тауар аламыз, – дейді «Тандем Recycling» ЖШС директорының орынбасары Геннадий Бобылев.

Кәсіпорын жылына 12 мың тонна аккумуляторды өңдеуге қауқарлы. Өндіріс биыл жаз айларында іске қосылған. Жобаға 600 млн теңге көлемінде инвестиция салынған. Істің ілгерілеуіне арнайы аймақта өндірістерге қарастырылған жеңілдіктердің көмегі көп болыпты. Себебі, олар түрлі салықтық міндеттемелерден босатылған. 3 гектар жер берілген, коммуникациялық желілерді тар-туда да қолдау көрген.

Шикізатты өңіріміздегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарынан алады. Бұл мақсатта келісімдер жасалған. Олар ескі аккумуляторларды тапсырып қана қоймайды, павлодарлық кәсіпорынның дайын тауарын да тұтынады. Жеке тұрғындармен де жұмыс істейді. Нақтысы, азаматтар көліктерінің ескі қорғасынды-қышқылды аккумуляторларын тапсырып, жеңілдік-пен жаңасын ала алады. Қабылдау пункттері Павлодар, Екібастұз, Өскемен, Алматы, Қарағанды қалаларында жұмыс істейді. Ескілерін көлеміне қарай 4 мың теңгеден 15 мың теңге аралығындағы бағамен қабылдайды. Бұл кезде міндетті түрде тапсырушы азаматтың жеке куәлігін журналға тіркейтіндерін айтады. Яғни, заттың ұрлану қаупінің жолын кесу көзделген.

Кәсіпорын ашылғаннан бері бірнеше ай ішінде 250 тонна аккумуляторды өңдеп үлгерген. Қазіргі таңда аккумулятор корпусын өзге кәсіпорындарға тапсырады. Алдағы уақытта бұл шикізаттан кәріз жүйесі құбырларын шығаруды жоспарлауда. Ол үшін пластикті балқытып, құю жабдығы да дайын көрінеді.

Қазіргі таңда кәсіпорында 30 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жұмыс орнын 100-ге жеткізу межеленіп отыр. Айта кету керек, бұл жоба ҚР жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына енген. Бірегей жоба арқылы өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеуді дамыту, қайталама шикізатты шаруашылық айналымға қосу, сәйкесінше, қоршаған ортаға деген экологиялық жүктемені төмендету көзделген.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.