Елімізде бұдан былай мектептерде оқушыларға жүргізілетін профилактикалық медициналық тексеру жүйесі жаңа стандартқа көшеді. Ол үшін арнайы диагностикалық жабдықтар кешені сатып алынуда. Кезең-кезеңімен мектеп медицинасының жаңа стандарты енгізіліп жатыр. Яғни, оқушыларға мектеп қабырғасында кешенді профилактикалық тексеру жүргізіледі. Мұнда қандай тексеру түрлері кірмек? Облыста бұл бағытта қандай шаралар қолға алынды? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық денсаулық сақтау басқармасының мектеп медицинасы жөніндегі бас штаттан тыс координаторы Айжарқын Балтажан жауап берген еді.
– Айжарқын Қайратқызы, Қазақстан мектептерінде профилактикалық тексеру-лердің жаңа стандарты енгізіліп жатқаны белгілі. Бұрын қалай еді, қазір қалай болмақ?
– Бұрын профилактикалық медициналық тексерулер бекітілген жас ерекшеліктеріне сәйкес жоспарлы түрде жүргізіліп, негізгі назар балаларды медициналық тексерумен қамтуға және жоспардың орындалуына аударылатын. Тексеру нәтижесінде анықталған денсаулық ауытқулары бойынша балалар қосымша тексеруге және бейінді мамандардың консультациясына жіберілетін. Ал жаңа стандарттың басты ерекшелігі – профилактикалық тексерулердің сапасын арттыру, ауруларды ерте анықтау және баланың денсаулығын жүйелі бақылау. Енді медициналық тексерулерді мектеп жағдайында ұйымдастыруға, заманауи диагностикалық құралдарды пайдалануға және тексеру нәтижелерін цифрлық жүйеге енгізуге басымдық беріледі. Баланың жас ерекшелігіне қарай қажетті зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізіліп, денсаулығында ауытқулар анықталған жағдайда бейінді мамандарға жолданып, әрі қарайғы емдеу және сауықтыру шаралары бақылауға алынады. Сонымен қатар, мектеп медицинасы мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының өзара байланысы нығая түседі. Бұл әр баланың денсаулық жағдайын бақылауға және медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ең бастысы, жаңа стандарттың мақсаты – балаларды тексеруден өткізу ғана емес, олардың денсаулығындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, аурулардың алдын алу және дені сау ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасау.
– Диагностикалық кешендер сатып алынды ма? Кешенге қандай құрылғылар кіреді?
– Павлодар облысында мектеп оқушыларының денсаулығын сапалы бағалау мақсатында медициналық ұйымдар 17 заманауи диагностикалық кешен сатып алды. Әр кешен шамамен 4 мың оқушыны тексеруге арналған. Оның құрамына цифрлық электрокардиограф, портативті пульсоксиметр, цифрлық стетоскоп, плантограф және ауыз қуысын тексеруге арналған интерактивті камера кіреді. Бұл жабдықтар баланың жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелерінің жағдайын бағалауға, табан өзгерістерін, ауыз қуысы мен тіс ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта профилактикалық тексерулер жаңа стандартқа сәйкес жүргізілуде. Медициналық қызметкерлер мектептерге барып, диагностикалық кешендерді пайдалана отырып, оқушыларды кезең-кезеңімен тексеруден өткізуде.
– Оқушылардың денсаулығын тексеретін цифрлық жабдықтар әр мектепте бола ма?
– Цифрлық диагностикалық жабдықтар әр мектепке жеке-жеке берілмейді. Олар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда қалады. Жаңа тәртіп бойынша әр мектеп өзіне бекітілген емханамен бірлесіп жұмыс істейді. Медициналық ұйым мамандары алдын ала жасалған кестеге сәйкес мектептерге барып, оқушыларды сол жерде тексереді. Яғни, балалардың барлығын бірдей емханаға апарудың қажеті жоқ. Бұл тәсіл ата-аналар мен оқушылар үшін өте ыңғайлы. Тексеру баланың күнделікті білім алу процесіне барынша кедергі келтірмей, мектеп жағдайында ұйымдастырылады. Егер оқушы белгіленген күні тексеруден өте алмаса, оны басқа тексеру күні немесе өзі тіркелген медициналық ұйымда өтуге болады.
– Мұндай профилактикалық тексерулерде қандай органдар тексеріледі, талдаулар жүргізіледі?
– Жаңа стандарт бойынша баланың денсаулығы кешенді түрде бағаланады. Яғни, тек жалпы қарау ғана емес, бірнеше ағза жүйесінің жағдайы тексеріледі. Атап айтқанда, жүрек-қантамыр жүйесі – артериялық қысымды өлшеу, қажетті жас кезеңдерінде ЭКГ жасау кіреді. Тыныс алу жүйесіне келсек, өкпенің жұмысын бағалау, оттегімен қанығу деңгейін (пульсоксиметрия) анықтайды. Көру және есту қабілеті тексеріледі. Тірек-қимыл жүйесі бойынша дене қалпы, табан жағдайы, жалпақтабандылық белгілеріне мән беріледі. Тіс пен қызыл иектің жағдайы да жіті қадағаланады. Сонымен қатар, баланың бойы, салмағы, дене салмағы индексі және жасына сәйкес басқа да антропометриялық көрсеткіштері бағаланады. Зертханалық тексерулерге жалпы қан және жалпы зәр талдаулары кіреді. Олар 1, 2, 2,5, 5, 10, 14 және 16 жаста жүргізіледі. ЭКГ 10, 14, 15 және 16 жаста қарастырылған. Артериялық қысым 6 жастан бастап өлшенеді, ал пульсоксиметрия
1 айдан 18 жасқа дейін жүргізіледі. Ауыз қуысын тексеру 2 жастан бастап және 3–17 жас аралығында жыл сайын өткізіледі.
– Тексеру нәтижелерін ата-аналар қайдан біле алады?
– Жаңа жүйенің маңызды артықшылықтарының бірі – тексеру нәтижелерінің толық цифрландырылуы. Медициналық қызметкерлер тексеру барысында арнайы электрондық чек-парақтарды толтырады. Енгізілген мәліметтер автоматты түрде медициналық ақпараттық жүйеге жіберіліп, баланың цифрлық денсаулық деректерінде сақталады. Ата-аналар баласының тексеру нәтижелерімен медициналық цифрлық жүйелер немесе мобильді қосымшалар арқылы таныса алады. Егер қандай да бір ауытқу анықталса, бала қосымша тексеруге немесе бейінді маманның консультациясына жіберіледі. Ал дәрігердің ұсынымдары бойынша емдеу, сауықтыру және динамикалық бақылау жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, ата-аналар да баласының денсаулығына қатысты ақпараттан уақытылы хабардар болып, медициналық бақылау процесіне белсенді қатыса алады.
Біздің басты мақсатымыз – әрбір баланың денсаулығына бейжай қарамай, ауруларды ерте кезеңде анықтау. Себебі, дені сау бала – ұлт болашағы. Ал мектеп медицинасының жаңа форматы осы мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін маңызды қадам деп есептеймін.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
