Соңғы уақытта елімізде бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2021 жылы 446 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға жуықтаған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 226 990 бала ғана жарық дүниенің есігін ашқан. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға кем көрінеді. Осы жағдай көпшілікті алаңдатуда. Мамандар демографиялық ахуалға әсер ететін факторлар көп екенін алға тартып отыр. Атап айтқанда, баспана мәселесі, тұрақты табыстың болмауы, қымбатшылық пен ай сайын төленетін несие жүгі жас отбасылардың бала сүю туралы шешіміне кері ықпал етуде. Осындай ой айтқан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов сәбилі болған отбасыларға пайызсыз несие демалысын беру туралы ұсыныс жасады. Қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыпты «Алаң» айдарында да ортаға салып көрген едік.
Әлия ТЕМІРБАЕВА,
қаржы саласының ардагері:
– Несие демалысы – әлеуметтік қолдаудың бір тетігі, бірақ оны демографиялық мәселенің түпкілікті шешімі деп қарастыруға болмайды. Ең алдымен, әр отбасы өз қаржылық мүмкіндігін есептеп, тұрақты табысына қарай бюджет жоспарлауды үйренуі қажет. Қарызды өтеу мүмкіндігіне көз жеткізбей несие алу – үлкен қаржылық тәуекел. Сол үшін кез келген адам, әсіресе, жас отбасылар тұтынушылық несиеге шамадан тыс әуестенбей, қажеттілік пен қалаудың аражігін ажырата білгені жөн. Себебі, бүгін алынған шағын несиенің өзі ертең отбасы бюджетіне үлкен салмақ түсіруі мүмкін. Ал мемлекет ұсынатын жеңілдік нақты талаптармен, ашық әрі жүйелі түрде жүзеге асуы керек. Несие төлемін уақытша тоқтатқанымен, негізгі қарыздың кейінгі төлем кестесі қалай өзгеретіні алдын ала түсіндірілуі тиіс. Пайызсыз демалыс кезінде де жасырын комиссиялар мен қосымша төлемдер болмағаны маңызды. Ең бастысы, азаматтар қаржылық жауапкершілікті мемлекетке толық жүктемей, өз табысы мен шығынын сауатты басқаруға дағдылануы керек деп ойлаймын.
Зарема САБЫРЖАНОВА,
Марғұлан университетінің «Арнайы педагогика» білім бағдарламасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, әлеуметтанушы:
– Сәбидің дүниеге келуі – отбасы үшін үлкен қуаныш болғанымен, жас ата-аналарға айтарлықтай қаржылық салмақ түсіретіні сөзсіз. Әсіресе, ипотека немесе тұтынушылық несие төлеп жүрген отбасындағы ерлі-зайыптылардың бірі декреттік демалысқа шыққан кезде ортақ табыс көлемі азайып, бала күтіміне кететін шығындардың көбеюі қиындық туғызып жатады. Мұндай шаңырақтардың несиесін уақытша тоқтата тұрса әрі пайызын алып тастаса, үлкен қолдау болар еді деп ойлаймын. Себебі, бұл жеңілдік жас отбасылардың қаржылық қысымын азайтып, баланың күтіміне көбірек көңіл бөлулеріне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ата-аналардың болашаққа деген сенімін арттырып, бала санын көбейтуге қатысты шешімдеріне де оң әсер етуі мүмкін.
Несие демалысы – уақытша жеңілдік қана емес, отбасы тұрақтылығы мен елдің демографиялық болашағына бағытталған әлеуметтік инвестиция. Сондықтан бұл ұсынысты қолдаймын және заң жүзінде қарастырған жөн деп есептеймін.
Саягүл КҮРКІМБАЕВА,
декреттік демалыста отырған көпбалалы ана:
– Мен бұл ұсынысты толығымен қолдаймын. Бала күтімімен үйде отырған ананың табысы азаятыны айтпаса да түсінікті. Ал керісінше, жөргек, дәрі-дәрмек, тамақ, киім-кешек және басқа да қажеттіліктерге жұмсалатын шығын көбейеді. Оның үстіне ай сайынғы несие төлемі қосылса, бұл жас отбасылар үшін үлкен салмақ екені сөзсіз. Шыны керек, кейбір аналар баласына қажетті затты сатып аларын немесе банк алдындағы қарызын жабарын білмей қиналып қалып жатады. Мұндай жағдайда отбасының қаржылық тұрақтылығын сақтауға мемлекет те қол ұшын созуы керек деп есептеймін. Әсіресе, бала дүниеге келген алғашқы айларда ата-ананың бар ойы несие төлеуде емес, сәбидің күтімі мен денсаулығында болғаны дұрыс. Сол үшін осындай сәтте балалы болған отбасыларына пайызсыз несие демалысын берсе, қаржылық қысымды азайтар еді. Бала – тек ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның болашағы. Сондықтан сәбилі болған шаңырақтарға жеңілдік жасалғаны жөн деп санаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.
