«Өз өніміміз» деп мақтанышпен айтатын бүгінде картобымыз бен көкөнісіміз баршылық. Өзіміз ғана тұтынып қоймай, өзге өңірге, елге де саудалап жатырмыз. Бұл да – Тәуелсіздіктің жемісі. Дербестік алғалы ел экономикасының еңсесін тіктеуге жылдар бойы тер төгілуде. Соның ішінде суармалы алқап арқылы тұрақты өнімділікке қол жеткізуді диқандар жіті түсінді. Оған жыл сайын суармалы жер көлемін арттыруға деген шаруалардың ұмтылысы дәлел.
Алқап көлемі артты
Бұл бағыт елімізде ерекше қолдау тапқан. Себебі, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі үшін қажет. Павлодар облысы да қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, суармалы алқап аумағын жыл сайын арттыруға маңыз беріп келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтің мәлімдеуінше, бүгінде облыста 90,5 мың гектар суармалы жер бар. Былтыр бұл көрсеткіш 86,1 мың гектар болған. Демек, бір жыл ішінде суармалы алқап аймағымызда 4,4 мың гектарға ұлғайтылған.
– 2026 жылы облыста суармалы жерлердің көлемі 4,4 мың гектарға ұлғайып, инвестициялардың жалпы көлемі 6,9 млрд теңгені құрады. Іске қосылған жобалардың ішінде ең ірілерін атап өтсек, Ақтоғай ауданында «G-AGRO PV» ЖШС-інде 861 гектар суармалы жер пайдалануға берілді. Тереңкөл ауданында «Шаров» шаруа қожалығы 597 гектар алқапты суармалы жерге айналдырды. Железин ауданында «Еңбек жол» шаруа қожалығы 500 гектар суармалы алқапқа егін салды, – дейді Хамза Оралбекұлы.
Суармалы алқаптарда картоп пен көкөніс, дәнді және бұршақ дақылдары, мал азығы дақылдары өсіріледі. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, облыста суармалы жердің 26,9 мың гектарына картоп егіледі. Яғни, басым бөлігінде дәл осы «екінші нан» өсіріледі. 17,6 мың гектарда дәнді және бұршақ дақылдары егілген. 15,9 мың гектар жерде мал азығы өсірілсе, 10,6 мың гектар алқапты майлы дақылдар алған. 5,8 мың гектар аумақта көкөніс және бақша дақылдары өсірілуде.
Бұдан бөлек, өңірімізде лимандық алқаптарды қалпына келтіруге де мән беріліп келеді. Мәселен, 2025 жылы Баянауыл ауданының Жаңажол және Қараащы ауылдарында көлтабанды суару жүйелерін реконструкциялау бойынша екі жоба іске асырылған. Мұнда жалпы ауданы 3,6 мың гектар қамтылды. Сонымен қатар, Баянауыл ауданының Жаңатілек және Ұзынбұлақ ауылдарындағы гидромелиоративтік жүйелерді реконструкциялау, сондай-ақ Май ауданының көлтабанды суару жүйелерін реконструкциялау (I–IV кезектері) жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындылары алынған көрінеді.
Жалпы, суармалы егіншілік өңірдегі ауыл шаруашылығына айтарлықтай оң әсерін беруде.
– Суармалы егіншілік вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы дақылдарын қажетті ылғалмен қамтамасыз етуге, ауа райы жағдайларына тәуелділікті төмендетуге және өндірістің тұрақты нәтижелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40 пайызы суармалы жерлерден алынады. Мысал ретінде «Май Агро» ЖШС-н атап өтуге болады. 2026 жылы кәсіпорынның суармалы жерлерінде әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілді. Атап айтқанда, арпаның өнімділігі суармалы жерлерде гектарына
15 центнерді құраса, тәлімдік жерлерде бұл көрсеткіш гектарына 8,3 центнер болды. Осылайша, суармалы егіншілікті дамыту тұрақты өнім алуға және өңірдің азық-түлікпен қамтамасыз етілуін нығайтуға ықпал етеді, – дейді басқарма басшысы.
Үнемдеу технологиялары қолданылады
Суармалы егіншілікті ілгерілетуімен қатар ел Президенті су үнемдеуге басымдық беруді жуырдағы халыққа Жолдауында атап өтті. Облыста диқандар көбінде жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерін қолданады. Суармалы жерлердің жалпы көлемінің 86,5 мың гектары жаңбырлатып суару жүйесіне, ал 4 мың гектары тамшылатып суару жүйесіне тиесілі. Басқарманың мәлімдеуінше, өңірімізде суару жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 787 жаңбырлатып суару машинасы пайдаланылады. Шаруалар техниканың заманауи түрін алуға көп көңіл бөлуде. Биыл осы мақсатта жаңбырлатып суаратын 13 техника сатып алынған.
– Жалпы, облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи суару технологияларын, оның ішінде су үнемдеу жүйелерін кеңінен қолдануда. Мәселен, «Болаттар» ЖШС-н атап өтуге болады. Кәсіпорын 250 гектар алқапта тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы картоп өсіруде. Ұңғымалардан алынған су тікелей тамшылату түтіктеріне беріліп, өсімдіктерге жеткізіледі. Бұл ретте суды арнайы су жинақтау қоймасында жинақтау кезеңі алынып тасталады, соның нәтижесінде судың булану арқылы ысырап болуына жол берілмейді. Тамшылатып суару жүйесі суды тікелей өсімдіктердің тамыр жүйесіне жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл су беру көлемін реттеуге және судың өнімсіз шығынын азайтуға жағдай жасайды. Заманауи суару жүйелерін қолдану су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал етеді, – дейді Х.Оразбеков.
Қойма қуаты
Өскен өнімді өткізу, сақтау да — өз алдына бір мәселе. Диқандар егістіктен бірден тұтынушыға жөнелтпей, қыс-көктем мезгілінде қоймаларда сақтау арқылы пайдасын еселеуге болатынын жақсы біледі. Әйтпесе, суарып өсірген өнімнен толағай табыс көру мүмкін емес. Мемлекет басшысы Жолдауында дәл осы мәселеге мән берді. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Осы орайда, облыстағы ахуалға үңілсек, бүгінде аймағымызда жалпы сыйымдылығы 628 мың тоннаны құрайтын 160 көкөніс сақтау қоймасы бар. Оның ішінде жалпы сыйымдылығы 561,3 мың тоннаны құрайтын 141 нысан заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жалпы сыйымдылығы 68 мың тоннаны құрайтын 14 қойма тоңазытқыш қондырғыларымен жабдықталған. Құзырлы басқарма қолда бар сақтау қуаттары жиналған өнімді ағымдағы жылдың қараша айынан бастап келесі жылдың мамыр айына дейін сақтауға мүмкіндік беретінін айтады. Алдағы уақытта да іске асатын іргелі жобалар бар көрінеді.
– Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ағымдағы жылы жалпы сыйымдылығы 37 мың тоннаны құрайтын үш жаңа көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Жобаларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 3,5 млрд теңге. Атап айтқанда, «Агата» шаруа қожалығы сыйымдылығы 20 мың тонна болатын қойма салып, оған 1,4 млрд теңге инвестиция құйды. Нысан Ақсу қаласының ауылдық аймағында орналасқан. Май ауданында «Май Агро-М» ЖШС-нде сыйымдылығы 7 мың тонналық нысан қолданысқа берілді. Мұндағы инвестиция көлемі – 554,9 млн теңге. «ҚАЗАгроСтат» ЖШС 1,5 млрд теңгеге сыйымдылығы 10 мың тонна болатын қойма салды, –
делінген басқарманың ресми ақпаратында.
Сонымен қатар, биыл соңына дейін Ақтоғай ауданындағы «Агро Терра» ЖШС-нің қолданыстағы көкөніс сақтау қоймасының сыйымдылығын 5 мың тоннаға арттыру жоспарланған. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 603 млн теңгені құрамақ. Бұдан бөлек, іске асыру жоспарында жалпы инвестиция көлемі шамамен 6,4 млрд теңгені құрайтын тағы 6 жоба бар. Демек, өңірімізде суармалы алқапта өсірілетін өнім көлемі де, оны сақтау сыйымдылығын арттыру жұмыстары әлі де жалғаса бермек.
Гүлжайна Түгелбай.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
