Павлодарлық көз дәрігерлері бірқатар күрделі оталарды сәтті жасауда. Соның бірі – кератопластика әдісі, яғни көздің қасаң қабығын трансплантациялау. Биыл жыл басынан бері мұндай ота түрі Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмологиялық орталығында 5 адамға жасалған. Қазіргі таңда 20-дан астам азамат донорлық тін күтуде.
Мамандардың айтуынша, кератопластика – зақымданған немесе мөлдірлігін жоғалтқан қасаң қабықты донордан алынған сау тінмен алмастыру отасы. Ол көбіне қасаң қабықтың тұрақты бұлыңғырлануы салдарынан көру қабілеті төмендеген нау-
қастарға жасалатын көрінеді. Өз өңірімізде осындай күрделі хирургиялық оталардың жасалып жатқаны тұрғындар үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді екендігінің дәлелі екені сөзсіз.
Облыстық аурухананың офтальмолог дәрігері Анастасия Сүлейманованың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы көздеріне кера-топластика жасатқан 5 тұрғын-
ның барлығы амбулаториялық бақылауда. Бастысы, олардың жағдайы жақсы және көздің көру қабілетінің жақсарғаны байқалады. Сондай-ақ, асқыну белгілері тіркелмеген.
– Мұндай отаны жасау үшін ең алдымен донорлық тін қажет. Қасаң қабық қайтыс болған адамның донорлық материалынан алынады. Биыл кезекте тұрған науқастарға ем жүргізу мақсатында шетелдік мамандар шақырылып, тәжірибе алмасу аясында операциялар жасалды, – дейді Анастасия Сүлейманова. Оның айтуынша, аталған операцияның ұзақтығы көздің зақымдану деңгейіне байланысты екі жарым сағатқа дейін созылуы мүмкін. Оған хирург, ассистент, операциялық медбике мен анестезиологтер қатысады. Трансплантациядан кейін науқастар дәрігерлердің тұрақты қадағалауында болады. Ал кезекке тұру үшін алдымен офтальмологке қаралып, қажетті диагностикалық тексерулерден өту керек.
Қуантарлығы, бұл қызмет түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетіледі.
Орталықта қасаң қабықты трансплантациялаумен қатар, катарактаға ота жасау, витрео-ретиналды хирургия, торлы қабықты лазермен нығайту және өзге де заманауи емдеу әдістері кеңінен қолданылуда.
Атап өтерлігі, биыл мекеменің мате-риалдық-техникалық базасы жаңартылып, арнайы микроскоп, басқа да қажетті құрылғылар сатып алынған. Бір сөзбен айтқанда, көз ауруларын емдеуге мүмкіндік мол. Сондықтан облыс тұрғындары өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, кем дегенде жылына бір рет көздерін тексертіп тұрғаны жөн, дейді мамандар.
– Көз алмасы – адам ағзасындағы ең күрделі оптикалық жүйелердің бірі. Қазіргі кезде компьютер мен түрлі гаджеттің көп қолданылуы көзге түсетін жүктемені арттырып отыр. Көру қабілетінің нашар-лауын күтпей, профилактикалық тексеруден уақытылы өту маңызды. Біздің бөлімшеде МӘМС аясында диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, пациенттер білікті дәрігер кеңесін ала алады. Катаракта, глаукома және жастар арасындағы алыстан нашар көру секілді мәселелер жиі кездеседі. Сондықтан жылына кемінде бір рет офтальмологке қаралып, көздің жағдайын тексертіп тұрған дұрыс, – дейді облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінің көз дәрігері Айгерім Жұматаева.
Дәрігерлердің айтуынша, көз ауруларын ерте анықтау асқынудың алдын алып, көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан қандай да бір жайсыздық байқалса, өздігінен емделмей, дер кезінде маман көмегіне жүгінген жөн.
Айта кетерлігі, бұған дейін қасаң қабықты трансплантациялау оталары Астана мен Алматы қалаларындағы республикалық ғылыми орталықтарда ғана жасалып келген еді. Енді мұндай жоғары технологиялық медициналық көмектің Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада да көрсетіле бастағаны қуантады.
Нұржайна ШОДЫР.
