Жақында Баянауыл ауданындағы С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығында «Ақбетке қонған аққу жыр» атты поэзия кеші өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өлеңді өзіне серік еткен ақын қыз-келіншектер қатысып, өнерлерін көрсетті.

Киелі сахнада әсем ән шырқап, әсерлі поэзия оқыған ақындарға баянауылдық жұртшылық ерекше қошемет көрсетті. Атап өтерлігі, аталмыш кешке елдегі ең талантты ақын қыз-келіншектер ғана қатысқан. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Танакөз Толқынқызы, білікті журналист әрі «Жанар», «Өзіңсіз күндер», «Жоқсың сен», «Кешірсең мені сен ғана», «Тамызда қайтып оралшы» өлеңдер жинақтарының авторы Анар Шамшадинова, халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, мемлекеттік стипендия иегері, журналист Сағыныш Намазшамова, өлеңдері түрік, әзербайжан, испан, француз тілдеріне тәржімаланған талант иесі Айзада Рахымжанова, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Жазушылар одағының мүшесі, дарынды жерлесіміз Жанаргүл Қадырова және басқа да кіл мықтылар бар екенін атап өткен жөн. Кеш барысында баянауылдық өнерпаздар да өлең оқып, көрермен жүрегіне жол тапты. Мәселен, Дана Нұрбаева ақын Танакөз Толқынқызының «Осылай да адам сағынады екен…», Жанаргүл Қадырованың «Жетінші қабат» өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Торайғыр ауылы клубының меңгерушісі Ләйла Мадина Айзада Рахымжанованың «Біз екеуміз бірге болсақ…» өлеңін, Расул Темеш Толқын Қабылшаның «Адалдық» өлеңін оқып, жиналған қауымға рухани ләззат сыйлады. Сонымен қатар, бір топ баянауылдық оқушы да ақын жырларымен халықты сусындатты. Сахнада сондай-ақ, Екібастұздық «Мұрагер» халықтық вокалды-аспапты ансамблінің өнерпаздары мен Успен ауданынан арнайы келген ақын қыз Перизат Құрманәлі де өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Шара барысында Павлодар облысының құрметті азаматы, 2007 жылы Баянауылда дүйім қазақ қаламгерлерінің басын қосқан ел ағасы Қорабай Шәкіров сөз алып, руханият саласындағы өзін толғандырып жүрген мәселелерін ақындарға аманат ретінде жеткізді. Ал батагөй қария Әбдіқомар Салықұлы ақындарға ақ батасын берсе, жергілікті ақындар Таңат Ахатов пен Жеңісбек Пәзіл өлең оқып, кеш көрігін қыздырды. ҚР Мәдениет саласының үздігі Жамбы Мәшім де сіңлілеріне жүрекжарды лебізін білдірді. Осындай керемет кештің ұйымдастырылуына ұйытқы болған ақын Жанаргүл Қадырованың туған ауылы Жұмат Шанин елі атынан Жаңагүл Ысқақова жерлесінің иығына камзол жапты. Кеш соңында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан барлық қатысушыға ыстық лебізін білдіріп, қонақтарға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың Алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ, ақындарға облыс атынан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 10 томдық жинағы сыйға тартылып, аудан әкімінің Алғыс хаттары жолданды. Қазақстандық ақын қыздардың шығармашылығымен халықты сусындатып, олардың өнерін кейінгі жас буынға насихаттауды мақсат еткен поэзия кешіне келген көпшілік ерекше сезіммен тарқасты. Айрықша атап өтерлігі, аталмыш кештің атауы Баянның биік шыңы — Ақбетпен астарласуында да өзіндік мән бар көрінеді. Осы шараны ұйымдастырушы Жанаргүл Қадырова:

— Баянауыл өңірінен шыққан қаламгер Аманкелді Қаңтарбаев өзінің «Ақбет» өлеңінде былай жырлаған екен:

«Басына қыран жетпес шың Ақбет бар,

Көркіне көзің тоймас қыз Ақбет бар.

Естіге ертегісі иен дария,

Ессізге мылқау, жартас-құз Ақбет бар». Осы өлеңде өрілген «естіге ертегі» болған Ақбет аңызына құлақ түрсек, ертеде бұл өлкеде Ақбет қыз ғұмыр кешіпті. Әкесі Бүркітбай Ақбет сұлуды қалың малын төлеген қаусаған шалға ұзатпақ болған екен. Ғашығымен қол ұстасып қашуға ниеттенген Ақбеттің жолы кесіліп, жігіт өлтіріледі де, қыз үйге қамалады. Қайғы жұтқан ару ғашығымен бірге таңды қарсы алатын шыңға шығып, төңірегіне соңғы рет көз салып, құздан құлап мерт болыпты. Қойнына осындай махаббат баянын бүккен Ақбет шыңы тау ғана емес, сезімнің де символы десек болады. Демек, бұл поэзия кешінің де «Ақбетке қонған аққу жыр» деп аталуы тегін емес, — дейді. Осындай мәнді де мағыналы жыр кешінің халық үшін берері мол болмақ.

 

Н.АҚЫТЕГІ.