Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен ашық аспан астында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Алған білімі мен тәжірибесіне қарай жұмыс қарастырған адамдардың қарасы қалың болды. 

Жастар арасында жұмыссыздықты төмендету үшін ай сайын өткізілетін шараға 81 адам қатысты. Өңір жастарына 428 бос орын ұсынылды. Жәрмеңкеге жұмыс беруші 44 мекеме қатысты. Қазіргі таңда инженер, электрослесарь, электромонтер, слесарь, жол монтері және т.б. техникалық мамандықтарға сұраныс басым. Бос орындар жәрмеңкесі жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің қажеттіліктерін білудің тамаша мүмкіндігі екенін атап өту керек. Ай сайын жәрмеңке жұмыссыздарға ғана емес, екінші табыс көзін қарастырып жүрген адамдарға да көмектеседі.

— Бүгінгі жәрмеңке ашық аспан астында өткендіктен болар, жәрмеңкеге келушілер бұрынғыға қарағанда көп болды. Қазіргі уақытта облыс бойынша барлығы 200 мыңнан астам жас бар. Олардың 4,7 пайызы NEET санатына кіреді. Яғни, тұрақты оқуы мен жұмысы жоқ. Олардың қызмет табуына тиімді мүмкіндіктер қарастыру мақсатында ай сайын бос орындар жәрмеңкесін өткіземіз. Сондай-ақ, жақын арада оқуын аяқтайтын түлектерді шақырамыз. Мысалы, «Қазақстан алюминийі» кәсіпорны, Қазақстан электролиз зауыты тәжірибесі жоқ биылғы түлектерді де жұмысқа қабылдауға дайын. Сондай-ақ, бүгінде педагогика және медицина саласы мамандарына деген сұраныс жоғары. Жалпы, орташа алғанда ай сайын 100-ден астам адамды жұмыспен қамтимыз, — деді Жастар бастамаларын дамыту орталығының NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Жандарбек Қабдраш. Сонымен қатар, ай сайын болатын бос орындар жәрмеңкесінде қалалық жұмыспен қамту орта-лығы және қала әкімдігінің мамандары мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес береді. Олардың қатарында «Жастар тәжі-рибесі», «Дипломмен – ауылға!» және тағы басқа бағдарламалар бар.

— Бұрындары бос орындар жәрмеңкесінің бар екенін естіп, біліп жүрдім. Бірақ та, оқуымды аяқтамағаннан кейін ден қойып қарамайтынмын. Биыл оқуымды аяқтағаннан соң, жұмыс іздеуге кірістім. Өзім білім алған IT саласы бойынша жұмыс іздеудемін. Өзімнің жаныма жақын болатын қызмет орындарын таптым. Етене танысып, байланыс телефонымды алды. Мұндай жәрмең-келердің өтуі оқуын жаңа бітіріп, жұмыс іздеуші жастарға үлкен көмек деп есептеймін. Осы сынды шаралар легі көп болса жақсы болар еді, — деді Павлодар қаласының тұрғыны Данияр Данияров.

 

А.ТӨЛЕГЕНОВА.