Бұдан былай қазақстандық оқушылардың сабақ үстінде смартфон қолдануына тыйым салынбақ. Бұл тәртіп заңмен бекітіледі деп жоспарлануда.

Бүгінгі таңда аталмыш заң жобасын Мәжіліс қабылдап, Сенатқа жолданған. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ҚР Білім туралы заңына мұндай өзгеріс енгізуге мұғалімдердің өтініші себеп болған. Өйткені, оқушылардың сабақ кезінде телефон пайдалануына қатысты заңнамада нақты шектеулер болмағандықтан, ұстаздар қауымы балалардың смартфон ұстауына тыйым сала алмайтын көрінеді. Сол үшін сабақ кезінде телефонды қолдануды шектейтін норма қарастырылған.

— Бұл мәселе көптен бері талқыланып келеді. Норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты, ал бала ұялы телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Осыған байланысты ешқандай шектеулер жоқ. Сабақ кезінде бала тек оқуы керек, яғни қандайда бір әлеуметтік желілерді пайдаланбауы керек. Қазір бізде заманауи мамандар көп, түрлі қосымшаларды қолданатын мұғалімдер көп. Мұғалімдер әлдебір инновациялық әдістерді қолдану үшін ұялы телефонды пайдалана алады, – дейді Асхат Аймағамбетов. Сондай-ақ, ол мектептерде телефондарды сақтайтын жеке ұяшықтар орналас-тыру мәселесі қарастырылмайтынын атап өтті. Сол себепті оқушылардың ұялы телефондары сөмкесінде болады, тек сабақтан тыс уақытта ғана қолдануға құқылы.  Ал ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ведомствоның №70 бұйрығында оқушылардың заттарын, оның ішінде телефондарды сақтауға арналған арнайы жәшіктерді пайдалану қарас-тырылғанын жеткізді.

Н.АҚЫТЕГІ.