Өңір мәдениетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы 20 жылдық белесін атап өтті. Орталық өңірімізде ауқымды іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып қана қоймай, облыс қалалары мен аудандарында қызмет ететін 257 мәдени мекемеге бағыт-бағдар беріп келеді.

«Шаңырақ» орталығы 1999 жылы теміржолшылар мәдениет үйінің ғимаратында ашылған. Өнер ошағы қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, салттарын және тілін насихаттау мақсатында құрылған. Орталық басшысы Замира Солтанованың айтуынша, орталық мерейтойына орай жыл бойы түрлі шаралар ұйымдастырылды. Бүгінде орталықта «Шаңырақ сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Шаңырақ» және «Томирис» үлгілі би ансамблі, «Qagan» этно-фьюжн тобы, сонымен қатар, «Желдірме» ақындар мектебі, «Жас қанат» вокал студиясы, «Тоғыз перне» домбырашылар мектебі, Майра атындағы баянмен ән салу мектебі, «Шалқыма» қобыз мектебі де жұмыс істейді. Орталық мәдениет ошағы жоқ елді мекендерді аралап, халыққа концерттік бағдарламалар ұсынып, халықтың мәдени деңгейін көтеріп, ел сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Өнер қара шаңырағының 20 жылдық мерейтойына орай «Шаңырақ сазы» ансамблінің музыкалық жетекшісі Асан Әбдікәрімов, ансамбль солисі Нұржан Сарқамбаев «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Шалқыма» қылқобыз үйірмесінің жетекшісі Бөкен Жігерұлы, әншілер – Наурыз Көшен, Мұхаметқали Саян Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасына, «Шаңырақ» орталығының бас есепшісі Шолпан Уалиева, «Майра» атындағы сырнаймен ән салу мектебінің жетекшісі Салтанат Қисатова облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, «Томирис» үлгілі би тобының жетекшісі Алтынай Әділханова, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек, «Шаңырақ» орталығының көркемдік жетекшісі Серік Рысбек «ҚР Мәдениет саласының үздігі» мемлекеттік медалімен марапатталды. Жалпы, Павлодар облысында қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерін жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде. Аймақ үшін аса маңызды тағы бір маңызды жоба – «Шалқыма» қылқобыз үйірмесіне аз уақыттың ішінде келушілердің қатары көбеюде. Үйірменің жетекшісі – дәстүрлі әнші, айтыскер ақын Бөкен Жігер. Ал орталық жанынан есігін ашқан еліміздегі тұңғыш Майра мектебіне Салтанат Қисатова жетекшілік етеді. Екі жылдан астам уақыт «Шаңырақ» орталығында еркін форматтағы өнерді қолдауға бағытталған «Auen» атты тегін музыкалық студия талантты жастарды танытуға мүмкіндік беруде. Былтыр облыстық «Шаңырақ» орталығы еліміз бойынша бірегей жоба, рэп, хип-хоп, битбокс, вокал, мобилография, этно-fusion және street art сияқты дәстүрлі емес өнер өкілдеріне арналған ауқымды мереке – «Sheksiz» музыкалық фестивалін ұйымдастырды. Биыл облыс мәдениетіне тың серпіліс әкелген жобалар қатарында қала, аудандар арасындағы «Өнер додасы» мен ерекше форматта алғаш өткен «Жігіт сұлтаны» байқауын ерекше атап өтуге болады. Мерейтойлық шара өнер ұжымдарының ән кешіне ұласып, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші, композитор Маржан Арапбаева жиналған қауымға әннен шашу шашты.

Т.ӘБІЛДА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.