Павлодар қаласына келесі айда гастрольдік сапармен Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры келеді. Өнер ұжымы 10-14 мамыр аралығында театр қоржынындағы белгілі қойылымдарын көрермен назарына ұсынбақ.
Павлодарлық көрермендер 10 мамыр күні Абайдың қара сөздері желісімен жазылған «Қара» драмасын тамашалай алады. Абайдың «Қара сөздері» негізге алынған спектакль пікірталас формасында қойылған. Жалғыз кейіпкер — Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін — отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді дәріптейді.
11 мамырда Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы, 12 мамыр Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы, 13 мамыр Бернард Шоудың «Сүйікті менің періштем» комедиясы қойылса, 14 мамыр күні Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» атты драмасы қойылады.
Өз тілшіміз.