Қазақта «Жақсыдан — шарапат» деген даналық сөз бар. Айтқандай, айналасына шапағат нұрын сеуіп, туысқанға тірек, қоғамға білек болып, көпке пайдасы мен шарапатын тигізіп жүрген азамат, Павлодар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкейұлы сексенінші көктемін қарсы алып отыр. Мерейжас иесі бүгінде елінің елеулісі, халқының қалаулысы, ұжымының жанашыр жалауы болып отыр.
Тұла бойына сіңген адами қасиеттері Баянауылдың киелі топырағынан, қасиетті туған жері Торайғыр елінің топырағынан берілді ме екен? Мүмкін текті тұқым — Шоң-Шорман ұрпағынан тараған Айтжамал анасының ақ сүтімен сіңген болар? Мүмкін жақсыларды көріп, соларға қарап бой түзеп, білікті ұстаз-басшыларының тәлім-тағылымын алып өскен жастың талап-талпынысы мен ізденісі ме? Қалай десек те, өз ісіне ұқыпты, іскер басшының бойындағы адамгершілігі, қамқорлығы мен қарапайымдылығы жан-жағына жайлылықтың лебін себетінін ұжымы жақсы сезінеді. Оның қарым-қатынастағы мінезінің көркемдігі әріптестерінің жүрегіне жылылық пен ілгерілеушіліктің сенімін ұялатады.
Жақсы жан — жайқалған жасыл желек, көңілі жазық жайлау, жігері жасындай жалынды, жаны жайсаң, жүрегі жылы адам десек, осы жақсы қасиеттердің барлығы облыстық ардагерлер ұйымын бір жерге ұйыстырып, ұйытқы болып отырған Рымтай Шөкеевтің бойынан табылатынын көпшілік мойындайды.
Ол көпбалалы отбасынан шығып, жастайынан әкесінің колхоздағы бейнеті мен анасының еңбекқор-лығын көріп өсті.
Әкесі Жүнісов Шөкей көп жасап, көпті көрген ақсақал болды. Ол 1893 жылы Бесжылдық ауылы Баянауылдың қазіргі Торайғырда туып, қарапайым отбасынан шыққан. Ауылда бай, ауқатты адамдарың малын бақты. Қолы шебер. Ат әбзелдері мен сауыт-саймандарын өзі жасаған. Сол өңірдің тау-тасын кезіп, өңір тарихын жақсы меңгерген, қағылез, еңбек-
қор жан болыпты.
— Әкеміздің еңбекқорлығы, әділдігі, адамгершілігі, көппен тіл тапқыштығы, мінезінің жұмсақтығы, халықпен жақсы араласуы — барлығы бізге үлгі болды. Ауылда онымен бірге Жаңабай, Омар, Ыбырай, Әпсаттар, Смағұлов Қапар сияқты ауылдастары болды. Бөлімше басшысы Қалтай Балтабеков, Төремұратов Айтмағанбетпен жұмыс істеді. Ол: «Ашаршылық жылдары Ақбет мені асыраған» дейтіні, Ақбет тауының басынан қураған ағаштарды құлатып, отын қылып, малға, бұлға, аяқ киімге айырбастап, отбасын асыраған. Үйдегі екі баланың бірі болған інісі Шойын сол кезде Қарағанды жаққа жол салуға кеткеннен оралмапты, — деп еске алады Рымтай аға әкесі туралы.
Ал шешесі Сыздықбайқызы Айтжамал — 90-ға таяп өмірден озған кейуана. Оның алған білімі көп болмаса да, көкірегі ояу, іске ширақ, сөзге шешен болғанын білдік. Ісмер анасы ши өріп, алаша тоқып, текемет тартып, үйдің бар жұмысын дөңгелетіп, балаларын тоқ етіп, олардың денсаулықтарына қараса, әкелері ұлдарын еңбекке ерте баулып, ширатып, мал соңына салып, әсіресе ұлдары Бораш пен Рымтайға түздегі жұмыстың барлығын жасатқан. Ең, бастысы, барлық балаларына білім алуына жағдай туғызған. Соның арқасында апалары Күлше, Күлмәйкен, Жәния, Дәмеш Шөкейқыздары өздерінің мамандықтарын алып, иманды жолға түсіп, отбасын құрып, өнегелі қыз бен ұлықты ұлдарын өсірді. Ал, Рымтай аға жұбайы Айман Сыпышқызымен бірге — Жанар, Балға, Әлібек есімді 3 баласын дүниеге әкеліп, олардан тараған немере-жиендерінің қызығына бөленіп отырған іргелі отбасы.
Мерейжас иесі көп өмір сүргендер отбасынан десек те, Рымтай ағамыз Егімбай ағасының соғыста хабарсыз кеткен боздақтар қатарында екенін айтып, қынжылады. Іздеу жұмыстары нәтиже бермей, оның сүйегінің әлі күнге дейін қайда жатқанын білмейді. Ал, әкесінің ағасы соғыстың алдыңғы жылдары Қарағандыға шойын жол салуға кеткеннен оралмаған екен.
Рымтай Шөкеев Баянауылдың Торайғыр ауылында 1944 жылдың 9 мамырында дүниеге келді. Мектептен соң институтқа түсіп, «Ғалым-мал өсіру маманы» бойынша білім алып шыққан жас маман өзінің еңбек жолын да туған жерінен (Жосалы совхозы) бастап, жауапкершілігінің арқасында еңбекқор, білікті азамат-тардың қатарынан сап түзеді. 1981 жыл мен 1987 аралығында жас маман ерекше қабілетімен көзге түсіп, осы ауданның Южный совхозының директорлық қызметіне тағайындалады. Осы екі жылда-ақ, совхоздың әлеуметтік-экономи-калық жағдайын көтеріп, совхозды алдыңғы қатарға шығарады. Мәдениет үйі, жатақхана, спортзал, мал бордақылайтын комплекс, малшылар үйі салынады.
Мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығы да дамыды. Жауапты басшының тәжірибесі молайып, ауданның барлық кеңшарларының еңбеккерлерімен, аудан басындағы мекемелердің басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеді.
Бюро және ауатком мүшесі ретінде ауыл шаруашылығынан басқа да өнеркәсіп, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, сауда, т.б. салалардың жұмысымен танысып, көптеген мәселелерін шешуге қатысты. Жас басшы бір жерде отырып қалмай, өзінің бойындағы қарым-қабілеті мен оның ұйымдастырушылық қырлары көптеген басшылардың назарын аударды.
Барлық аудандарға үлгі болатындай болып, совхоз көркейіп, құлпырды. Іскер басшы өзінің алдына берілген үлкен жауапкершілікті міндеттерді қызмет бары-сында шебер орындап, Рымтай Шөкеевтің қызметі Баянауыл аудандық партия комитетінің
І хатшылығына, одан әрі Железин аудандық атқару комитеті пред-седателінің орынбасарлығына, көп ұзамай Железин аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылап, Баянауыл аудандық атқару комитетінің төрағасы, Екібастұз қаласын-дағы ет комбинатының директоры, Лебяжі ауданы әкімшілігінің басшысы, Павлодар облыстық агроөнеркәсіп департаментінің бастығы, Ертіс ауданының әкімі, Павлодар облыстық әлеуметтік қорғау және халықты еңбекпен қамту департаментінің бастығы, «Павлодар Заман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Халық Ассамблеясы жанындағы «Достық үйінің» директоры қызметтерін елеулі атқара білген білгір азамат. Қай салада жүрсе де, адалдық пен тәртіптілікті бірінші орынға қойған азамат елдің ықыласына бөленуде. Білікті басшы ретінде жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда іскерлік пен білімділік танытып, мәселелердің тиянақты шешілуіне аянбады.
Жалпы, Рымтай Шөкейұлының бойындағы еңбексүйгіштігі оны алға қойған мақсатқа жетуге жетелеп келеді.
Облыстық ардагерлер кеңесін басқарып келе жатқан 13 жылдың шамасында егеменді тәуелсіз еліміз талап еткен нәтижелерге қол жеткізу мақсатында талмай еңбектеніп келеді. Облыстың беделді де ардақты қазыналы қарттары мен барлық ардагерлер ұйымдарын бірлестіре отырып, салмақты жүктің ұйытқысы болып отырған ел ағасы. Бар саналы ғұмырын елінің игілігі үшін еңбек еткен арда азамат — бүгінде қарттардың қамқоршысына айналып, салмағы мен дәрежесі биік іргелі ұйымның көшін бастап келе жатқан қадірлі тұлға.
Облыстық ардагерлер кеңесінде төрағалық ете отырып, зейнеткерлік жастағы қариялардың көптеген өзекті мәселелерін шешуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, материалдық жағдайын жақсарту, халықпен байланысын нығайту, патриоттық бағытта жастармен жұмыс істеу, т.б. тәрізді шаралардың жүйелі түрде жолға қойылуына ықпал жасап отырған іскер азамат. Бай тәжірибесі негізінде ұйымда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бірлестіктің беделін көтеріп, атағын танытып отырған білікті қоғам ұйымының басшысы.
Ол басқарған аз уақыт ішінде облыстық кеңес аудандық кеңестермен бірігіп, ардагер ұйымының белсенді құрам мүше-
лерінің қатысуымен үздік ардагер ұйымдардың базасында бірнеше облыстық семинар-кеңес, пленум, конференциялар ұйымдастырды. Жұмыстардың негізгі мазмұны мен мақсаты болып табылатын іс-шараның озық әдістері мен тәсілдерін көрнекті етіп көрсетіп, басқа ұйымдардың ілгерілеуіне жағдай жасап отыр. Оның осы ұйымдағы беделі мен абыройын облыс басшылығы да жоғары бағалап, көп жағдайда Рымтай Шөкейұлының ақыл-кеңесіне құлақ асып, ағалық кеңесіне сүйеніп отырады.
Ол өзінің адами тұлғалық қасиетімен өзгеге өнеге болып, бүгінгі өсіп келе жатқан жастарға үлгі боларлық дарынды, бүгінгі күннің көрнекті тұлғасы деп айтсақ, қателеспеспіз. «Болашақтың ертеңі — жастар» десек, Рымтай ағамыз өмірлік тәжірибесін, біліп-түйгенін өскелең ұрпаққа қалдыру мақсатында көп жұмыс жасап келеді. Қоғамның қайнаған ортасында жүрген ел белсендісі ретінде теледидарға, кездесулерге шығып, игілікті шараларға бастама болып, жас мамандармен кездесу, дөңгелек үстелдер өткізіп, кітапқа тұздық болатын пікірлері мен ардагерлер қозғалысы жөніндегі мақалалары газет-журнал беттеріне беріп отырады. Ол өмірлік тәжірибе-лерінің пайдалы тұстарымен де бөлісуде өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесін беріп, еңбекқорлыққа шақыруда.
Әрине, әр ақсақал жасқа келген адам Рекеңдей «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген сөздің мағынасын іс жүзінде дәлелдеп отырса, білуге құмар жастарымыз мақтадай сіңіріп, ертеңгі күнде «болмасаң да, ұқсап бақ» деген аталы сөздің тағылымын жасар еді.
«Алдыңғы арба қайда тартса, артқы доңғалақ соған ереді» деген аталы сөздің парқы мен пайымын онымен бірге қызмет істеген кейінгі жылдардағы аймақ басшылары болған Қанат Бозымбаев, Болат Бақауов, Әбілқайыр Сқақов, Асайын Байханов — «аға» деп сыйлап, кеңес алып, пайым-парасатын жақсы түсінген азаматтар. Ол қоғамның бүтіндігін тілеп, ел жарастығына ардақты еңбек етіп келе жатқан аға буынның толқынында алып кеменің жалауын желбіретіп, ардагерлердің ескегін сергек есіп келе жатқан Рымтай Шөкейұлының жұмысын өте жақсы бағалайды. Осыдан 4 жыл бұрын әкім болған Болат Бақауов Ұлыстың Ұлы күні мерекесі қарсаңында ардагерлер ұйымына «Ardagerler úıі» ғимаратын беруде үлкен қолғабыс жасады. Бұл ғимарат бүгінде ардагерлердің жиналып, келелі істер мен ізгілікті шаралар өткізетін рухани ошаққа айналды.
Рымтай Шөкейұлымен әр кезеңдерде өңіріміздің әртүрлі қызметтерінде жұмыс бабында болсын, я өмірдің жайшылық кездерінде сыйласып, сырлас болған, ел ағалары мен әріптес-замандастарының да айтар пікір-лері мен ақ тілектерін айтып тауыса алмассыз. Бүгінгі күнде әлі де ардагерлер қозғалысының белсенді жұмысының басы-қасында жүрген Михаил Юрьев, Әбілқақ Түгелбаев, Қабидолла Әлібаев, Валентина Шершнева, Валентина Скворцова, Гүлжазира Базылғазинова, Кенже Кеңесбаев, Аблай Жантурин, Жылқыбай Бейсембаев, Қадыр Әжімұратов, Рашит Бектеміров, Қабыкеш Сембаев, т.б. көпті көрген аға буын өкілдерінің жақсы пікірл-ерін естіп те, көріп те жатырмыз. Тіпті, Республикалық Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхаметовтің жуырда жолдаған хатында: «…Біз Сізді республикадағы белді де беделді, қайраткер басшы деп білеміз. Сізің өмірлік мол тәжірибеңіз Ертіс-Кереку өңірінің тыныс-тіршілігін жақсы білуіңіз, ұйымдастырушылық қабілетіңіз, адами қасиеттеріңіз облыстық ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді. Осы ұйымдағы абыройлы жұмысыңыз жоғары бағаланып, ең жоғары марапат-тарға ие болдыңыз…» деп баға беруі көпті білдіреді.
Қоғамда беделі мен абыройы асқан азамат — Павлодар облы-сының және Лебяжі, Ертіс, Железин, Баянауыл аудандарының «Құрметті азаматы», «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Қызметінде — білгір басшы, арда азамат, көркем мінезді сыйлы әріптес, отбасында қадірлі отағасы, ардақты әке, сүйікті ата.
Осы орайда француз моралисі Жан де Лабрюйердің «Жұртқа жақсылық жасаған адам – жақсы адам, жұртқа жасаған жақсылығы үшін жапа шеккен – өте жақсы адам…» деген ұлы бір сөзі ойға оралады. Осыған қарап біз арда азаматтың жақсы қасиеттерін, адамгершілік істерін үлгі тұтып, әркезде мақтан етеміз.
Мерейжас иесіне өмір толқы-нында қажыр-қайраты таусылмай, дені сау болып, әлі де көптеген істерге бастамашыл болып жүре берсін деген ниет білдіреміз. Ізгілік пен парасатты бойына жиған Рымтай Шөкейұлының өмірлік жолы қай-қайсымызға болса да, үлгі-өнеге болмақ.
Рекеңнің мінезіне таңданамыз,
Риязыз істеріне таң қаламыз.
Рух пенен сенімді алған біз ұжымы,
Рахмет пен алғыстарды жаудырамыз.
Сексеннің сеңгірінен асып, қиянға шығып, қиялға құлаш сермей берсін деген ізгі ниетпен сөзімізді аяқтаймыз.
Ләззат ЖҮНІСБЕКОВА.