Павлодар облысында «Таза Қазақстан: Жасыл аймақ» республикалық экологиялық акциясы аясында аумақтар абаттандырылып, көшеттер отырғызылды. Игі іске жас та, жасамыс та бір кісідей атсалысты.
Алғашқылардың бірі болып акцияны Екібастұз қаласы бастады. Кеншілер шаһарында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлер паркінде «Таза Қазақстан: Екібастұз — көркем қала мен аудан» экологиялық акциясы аясында 100 көшет отырғызылды.
Ақтоғай ауданында да Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақта 100-ге жуық тал егілді. Ағаш отырғызу шарасына аудандық маңызы бар әлеуметтік мекемелердің басшылары, оқушылары және ауған жауынгерлерінің туыстары қатысып, тазалық акциясының соңында игі іске жұмылғандарға ыстық бауырсақ пен шай таратылды.
Ал облыс орталығында Сарыарқа шағын ауданында 40 қайың отырғызылды.
— Павлодар қаласындағы Павлов және Ломов көшесінің тұрғындарымен кездескенде олар аулаға қайың ағашы керек деген болатын. Әлеуметтік жобалар қоры жұртшылықтың тілегін орындап, ұзындығы 2 метр болатын қайың ағаштарын берді. «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде 5 аулаға көшеттерді отырғыздық. Аула тұрғындары мен пәтер иелері кооперативі бірлесіп ағаштарды суарып, күтетін болады, — деді облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахымжанов.
Аққулы ауданында биылғы мектеп түлектері 100 көшет ексе, Шарбақты ауданының тұрғындары «Отбасы ағашы» акциясын өткізді. Акция шеңберінде аудан тұрғындары балаларымен, немере-жиендерімен бірге 60-тан астам көшет отырғызып, аулаларды абаттандырды.
Баянауылдықтар да «Таза Қазақстан: Жасыл аймақ» республикалық акциясынан шет қалмады. Ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары, жастар Баянауыл ұлттық паркі аумағында қарағай көшеттерін екті. Осылайша, азаматтар табиғаты талайды тамсандырған өлкенің көркіне көрік қосып, жасыл орман қорын ұлғайтуды мақсат етті.
Ал Ақсу қаласының тұрғындары Ақсу шағын ауданындағы саябақтың ішін ретке келтіріп, мұнда 100 сирень және 40 қарағай көшетін отырғызды.
— Қазақ халқы бұрыннан-ақ тазалыққа ерекше көңіл бөлген. Жер жіпсіп, Наурыз келген соң аула, ауылды, аймақты тазалап, тал егу – ерте заманнан қалыптасқан дәстүр. Сол дәстүрдің лайықты жалғасы ретінде көшеттер отырғыздық. Ендігі ретте олардың жақсы тамыр тартып, өсуін де назарда ұстауымыз керек. Өскелең ұрпақ, қала тұрғындары осы жайтты да назарға алса екен деймін, — дейді Ақсу қалалық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рымкеш Сламбекова.
Жалпы, өңірде «Таза Қазақстан» акциясы 15 мамырға дейін жалғасады. Бұл аралықта әр ауыл-ауданда, қалада қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.
Өз тілшіміз.