Елімізде 4 мыңға жуық дәрігер тапшы. Салдарынан науқас жандар емхана жағалап, айлап кезек күтуге мәжбүр. Медицина қызметкерлерінің артық жүктемемен жұмыс істеп отырғаны да сондықтан. Жыл сайын күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе Павлодар облысында да өзекті болып отыр. Әсіресе, ауыл-аймақтың жайы алаңдатарлық. Көп жағдайда жас дәрігерлер шалғай ауылдарда жұмыс істеуден бас тартады екен.

Облысқа 167 дәрігер қажет

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліме-тінше, аймақтағы медициналық мекемелерде жалпы саны 7275 маман жұмыс істейді. Оның ішінде 2054 дәрігер бар. Ал орта медицина қызметкерлерінің саны 5221-ді құрайды. Қазіргі уақытта өңірге 167 дәрігер қажет. Оның ішінде салалық дәрігерлерге қажеттілік жоғары. Аймағымызда неврология, кардиология, онкология, радиология, педиатрия,  оториноларингология, фтизиатрия,  акушерлігі және гинекология, травматология-ортопедиясы, эндокринология, жалпы хирургия, терапия неонатология, ангиохирургия,  аллергология салалары бойынша дәрігер тапшы. Осы сала мамандарына сұраныс жоғары.

Сандарды сөйлетер болсақ, облыстағы медициналық мекемелерге 131 салалық дәрігер керек.  Бұдан бөлек, 33 жалпы тәжірибе дәрігері мен қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша 3 дәрігер жетіспейді. Бұл ретте мамандар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына қажет.
Ал аудандарда 57 дәрігер тапшы.

Жоғарыда облысқа 167 дәрігер керек екенін атап өттік. Бұл сан тағы да екі есеге өсуі мүмкін. Өйткені қазіргі таңда ауруханалар мен емханаларда жұмыс істеп жүрген ақ халаттылардың 221-і – зейнеткер. Яғни, зейнет жасына жетсе де, әлі күнге дейін емделушілерді қабылдауда. Бұдан бөлек, 166 дәрігер декреттік демалыста. Өткен жылы 13 дәрігер зейнетке шығуына байланысты жұмыстан кеткен.

 

Жастар ауылға неге келмейді?

Дәрігер тапшылығы мәселесі аудан-ауыл тұрғындары үшін салмақ салып отыр. Өйткені  шалғай ауылдарда тұратын жұртшылық денсаулығын тексерту үшін аудан орталықтары мен облысқа жету үшін жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр.

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Баянауыл ауданына 4 дәрігер қажет. Оның ішінде 1 гинеколог және 3 жалпы тәжірибе дәрігері керек. Баянауыл аудандық ауруханасының бас дәрі-гері Серікжан Арыновтың сөзіне сүйенсек, ауданға 4-5 медбике жетіспейді. Торайғыр ауылына
1 жалпы тәжірибе дәрігері және  Майқайың кентіне 2 жалпы тәжірибе дәрігері қажет.

— Жуырда Майқайың кентіне жұмысқа орналасу үшін оңтүстік өңірден  бір жалпы тәжірибе дәрігері келді. Онымен сөйлесіп жатырмыз. Егер келісімін берсе, мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалады. Майқайыңнан үй жалдайтын боламыз. Өткен жылы ауданға 2 жас маман келген болатын. Жалпы, аудан үшін дәрігер тапшылығы мәселесі өзекті. Шамамыз келгенше жас мамандарды ауылға тартуда барынша жұмыс істеудеміз. Шыны керек, жастар ауылға келуден қашады. Өз ауданымыздан шыққан жастар туған жеріне келмегенде өзге өңірдегі мамандар бізге қайдан келсін? Бұл мәселені шешуде заңды күшейту қажет деп ойлаймын. Себебі мемлекет тарапынан қомақты сома көлемінде әлеуметтік төлем алатындар келісімшарт негізінде 3 және 5 жыл жұмыс істеген соң жұмыстан кетіп жатады. Олар жұмыс орнын ауыстырғанда мәселе өзекті күйінде қала береді, — дейді Серік Арынов.

Аққулы ауданында дәрігер тапшылығы мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Жуырда ауданға хирург маман жұмысқа орналасқан. Аққулы аудандық ауруханасының бас дәрігері Айдын Көбайдарованың сөзіне сүйенсек, ауданда жалпы тәжірибе дәрігерлері жеткілікті. Ауданға  анестезиолог-реаниматолог және эндокринолог маманы жетіспейді.

Ал Ертіс ауданында дәрігер тапшылығы мәселесі өткір тұр деуге негіз бар. Ертіс аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы
Қуандық Мұстафиннің
айтуынша, 2022 жылы қызметке тұрған уақытында ауданда 1 терапевт, 1 жалпы тәжірибе дәрігері болған. Қазіргі уақытта ауданда 3 педиатр, 1 терапевт, 3 жалпы тәжірибе дәрігері бар.

— Аудан орталығынан Голубовка ауылы 100 шақырым, Иса Байзақов ауылы 50 шақырым, Панфилов ауылы 35 шақырым жерде орналасқан. Үш ауылда дәрігерлік амбулатория бар. Өкініштісі, үшеуінде де дәрігер жоқ. Елді мекен тұрғындарына медбике, фельдшер, акушерлер қызмет көрсетуде. Тұрғындардың денсаулығын тексеру үшін аудандағы аурухана дәрігерлері аптасына 1-2 рет аталған елді мекендерге шығады. Жас мамандарды ауылға жұмысқа шақырамыз. Бірақ олар жер үйде тұрғылары келмейді. Себебі от жағу қиындық тудырады. Қаланың орталықтандырылған жүйесіне үйреніп қалған жас мамандар ауылда тұрақтамайды, — дейді Қ.Мұстафин.

Тәжірибелі хирург, «Алтын скальпель» иегері Зинаида Раздорскаяны аудан жұртшылығы жақсы біледі. Өйткені 80-нен асқан қария аудандық ауруханада әлі күнге дейін жұмыс істеуде. Жастарды медицина саласына баулып, ота кезінде тәжірибесімен де бөліседі. Білікті дәрігер медицина саласын таңдаған мамандар ең алдымен ауылда жұмыс істеуі керектігін айтады.

— Ауданға салалық мамандар көптеп келсе, жұмыс істеу де қызықты болары сөзсіз. Жастар қаладағы емханаларда жұмыс істегенді тәуір көреді. Өмірімді осы салаға арнағандықтан дәрігер үшін нағыз тәжірибе ауылда деп айтар едім. Қаладағы ауруханаларда жұмыс істейтін жас мамандар отаға бірден қатыса алмайды. Ал ауданда мол тәжірибе жинап, ысылып, жетіледі. Өз басым, бізге келген жастарға қомқорлығымды, көмегімді аямаймын. Олар біздің орнымызды басуы қажет қой. Өкінішке қарай, мұны түсініп жатқан жастар аз. Барлығы қаланы аңсайды да тұрады. Мемлекет жас мамандарға қолайлы жағдай да жасауда. Бұл ретте, әр жастың бойында өз мамандығына деген шын берілгендік, еліне деген сүйіспеншілік болуы керек деп ойлаймын, — дейді ардагер хирург.

 

Жас мамандарға қолдау көп

Өткен жылы облысқа 122 дәрігер келген. Оның 85-і – Павлодар қаласына, 17-сі – Екібастұз қаласына, 5-еуі – Ақсу қаласына, 15-і аудандарда жұмысқа орналас-тырылған.

Облыста түйткілді мәселені шешуде жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдау ісіне ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жұмыс істеуге баратын жас мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Бұл теңгеге шаққанда 369 200 теңгені құрайды. Былтыр 87 медицина қызметкеріне 30 млн теңгеден астам сомаға көтерме жәрдемақы төленген.  Сондай-ақ, аудан орталықтарына жұмыс істеу үшін келген мамандарға тұрғын үй сатып алуға ауылдық елді мекендер үшін — 2000 АЕК, яғни  7 млн 384 мың теңге көлемінде жеңілдетілген пайызбен 15 жылға несие беріледі. Өткен жылы 28 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 138 млн 225 мың теңге несие берілді.

Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен көтерме қаражат төлеу де қарастырылған. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары бойынша жас мамандарға 1 млн теңге, ауылдық жерлерде 1,5 млн теңге көлемінде төлем жүргізілді. Өткен жылы мұндай көмек
61 дәрігерге көрсетілген. Бұдан бөлек, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлеріне 25 пайыз қосымша ақы төленеді, олар қатты отынмен де қамтамасыз етіледі. Ақсу және Екібастұз қалаларында ведомстволық тұрғын үй беріледі. Былтыр аталған қалаларда  10 ведомстволық пәтер берілді. Май ауданына келген жас маманға 2 бөлмелі пәтер, Ақтоғай ауданында дәрігерлерге жатақхана, Железин ауданында жалпы тәжірибе дәрігеріне пәтер берілген.

Медициналық ұйымдардың басшылары жыл сайын жоғары оқу орындарының түлектерімен кездесу өткізеді. Өңірге дәрігерлерді тарту үшін  бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарға жасалатын жағдаймен таныстырады. Өкінішке қарай, бұл жұмыстар да күткендегідей нәтиже бермей келеді.

                Түйін:

Облыста әрі республикада дәрігер тапшылығы мәселесін оң шешу мақсатында  бюджет қоржынынан қыруар қаражат бөлініп жатқаны да шындық. Күні кеше мына бір жағымды жаңалықтың куәсі болдық. Енді ауылға жұмысқа баратын дәрігерлерге ең төменгі жалақының 100 есе көлемінде бір реттік көтермеақы беріледі. Ол –
8,5 млн теңге. Бұл ретте дәрігер 5 жыл сол жерде жұмыс істеуі керек. Бұл жаңашылдықтың қаншалықты нәтиже берерін уақыт көрсетеді. Дей тұрғанмен, жас маманды ауылға құр қаражатпен байлап қоя алмайтынымыз тағы
түсінікті.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.