Тарихта алғаш рет осы уақытта Екібастұз қаласындағы 509 көппәтерлі тұрғын үй жылыту маусымына дайындығын растайтын акт алды. Бірақ бұл — арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес.
Өткен жылғы жылыту маусымынан сабақ алған жергілікті билік биыл дайындық жұмыстарын әдеттегіден ерте бастады. Бірақ кейбір тұрғын үйлерді қысқа дайындау шаралары белгіленген кестеден кешігіп жатыр. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, оған ішкі инженерлік коммуникацияларда күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп.
— Шаһарда белгілі бір себептерге байланысты бірнеше үйдің басқару нысаны жоқ. Дей тұрғанмен, олар қалай да жылыту маусымына дайын болуы тиіс. Бұл ретте қала құраушы кәсіпорындар жұмысқа тартылды. Бүкіл қалаға ортақ мәселені шешуге атсалысқан кәсіпорындардың басшылығына алғыс айтамыз, — деді қала әкімі.
Жалпы, қысқы кезеңге әзірлік депутаттар, қоғамдық бақылаушылар, бастысы тұрғындардың жіті бақылауында.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.