Сонда ел-жұртқа газет-журнал таратумен кім айналысады?
Ертіс ауданында бір емес, бірнеше ауылда «Қазпошта» бөлімшесі жабылмақ. Атап айтсақ, Ұзынсу, Майқоңыр, Қоскөл ауылдарының тұрғындары газет-журналға жазылып, қандай да бір тауарға тапсырыс берген кезде аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Өкініштісі, қариялар зейнетақыны банк картасымен алуы тиіс. Ал жалғызбасты, денсаулығы өздігінен жүруге жарамайтын қарттар аудан орталығына қалай қатынайды?
Елді мекен тұрғындарын уайымға салған мәселенің мәнісін анықтау үшін аудан басшылығына хабарластық. Жергілікті әкімдік бұл жағдай «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының бастамасымен орын алып отырғанын айтты. Акционерлік қоғам өзіндік жарғысы бар бірлестік болғаннан кейін оған аудан басшылығы араласа алмайды. Өкініштісі, елді мекендерде пошта бөлімшелерінің жабылуы салдарынан газетті уақытылы ала алмай отырған мұғалімдер бар. Кейбірі тіпті, жазылған газет-журналын жарты жыл көлемінде көрмеген.
Жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында Майқоңыр ауылының әкімі Асылбек Құсай-ыновпен тілдестік. Ол ауылдағы пошта бөлімшесінің жабылуына зейнеткерлер санының азаюы себеп болғанын айтады.
— Ауылдағы зейнет жасындағы адамдар зейнетақыны пошта бөлімшесіне барып алмайды. Бәрі банк картасы арқылы шешіп алады. «Қазпошта» тұтынушылар санының аздығын алға тартып, бір ай бұрын пошта бөлімшесін жапты. Бірақ ауылда газет-журнал таратылуда. Елді мекенде 340 адам тұрады. Келісімшарт аясында газет тарату жұмысымен жыл соңына дейін бір адам айналысады. Еңбекақысы 20 мың теңгеге де жетпейді. Ал келесі жылы бұл жұмыс қалай жүзеге асырылатыны белгісіз. Газетті тарататын адам бар. Бірақ келісімшартты созу не созбау мәселесі «Қазпошта» басшылығына байланысты. Қазір газет-журналға жазылу жүргізілуде. Ауылда шекара заставасы, әкімдік, мектеп бар. Жаңа жылдан кейін ауданнан пошта бөлімшесінің көлігі аптасына екі мәрте ауылға келіп, газетті жеткізеді деп жоспарлануда, — дейді А.Құсайынов.
Пошта бөлімшесі жабылған Қоскөл ауылының әкімі Бауыржан Қажахатовқа қоңырау шалдық.
— Ауылдағы пошта бөлімшесіндегі құрылғылардың бәрі аудан орталығына жеткізілді. Елді мекенде 365 адам тұрады. Зейнетақыны айына бір рет мамандар ауылға келіп тарататын болады, газет-журналдарды жеткізеді. Ал газетті, жолдаманы тұрғындарға беру ісімен жыл соңына дейін бір кісі айналысатын болады. Жалпы, ауылға пошта бөлімшесі қажет. Елді мекендегі бөлімшені алып қалу үшін аудандағы пошта бөлімшесінің басшылығымен тілдестім. Бірақ нәтиже болмады, — дейді Бауыржан Қажахатов.
Ұзынсу ауылындағы жағдай да дәл осындай. Ауыл әкімі Луиза Хазаева пошта бөлімшесіне жүгінетін тұрғындардың қатары азайғандықтан, пошта бөлімшесі жабылғанын айтты. Жергілікті халық алдағы жартыжылдыққа газет-журналға жазылуда. Аудандық «Қазпошта» бөлімшесі тұрғындарға газет, сәлемдеме таратуда пошта қызметкері жұмыс істейді деп уәде берген. Елді мекенде 150 адам тұрады.
— Ауылға пошта бөлімшесі қажет. Өйткені барлық зейнеткерлер зейнетақыны банк картасымен алмайды. Денсаулық жағдайына байланысты ауданға қатынай алмайтын қариялар бар. Қарияларға зейнетақыны айына бір мәрте ауданнан мамандар келіп, тарататын болады деп сендірді, — дейді Луиза Хазаева.
Аталған мәселеде Ертіс аудандық «Қазпошта» бөлім-шесінің басшысы Болат Қасеновке де қоңырау шалдық. Ол жауап беруден бас тартып, мәселенің мәнісін облыстық филиал басшылығынан сұрауды өтінді. Осы орайда, «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Азамат Ораловқа арнайы сауал жолдап, басшыдан жауап алдық. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыс аумағында 136 пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Оның ішінде Павлодар қаласында — 15, Екібастұз қаласында -10, Ақсу қаласында – 1, аудандарда 105 пошта бөлімшесі бар. Алайда жоғарыдағы Ертіс ауданындағы жағдай сияқты бірқатар ауданда пошта бөлімшелері жабылып, мекемелер саны тағы қысқартылады.
— «Пошта байланысының әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекіту туралы» ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 шілдедегі №44 бұйрығына сәйкес, ауылдық жерлердегі пошта байланысының бөлімшесі кемінде 2000 адамға қызмет істеуі тиіс. Халық санының аздығына байланысты кейбір пошта бөлімшелерін жабу туралы шешім қабылданды. Бірақ пошта және қаржы қызметінің маңыздылығын ескере отырып, елді мекендердегі тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Зейнетақы жеткізілетін болады. Хат, газет-журналды жеткізу жұмысын ауылдағы жеке тұлғалар жүзеге асырады. Қызмет көрсету жалғасады, — дейді А.Оралов.
Қазіргі уақытта Баянауыл ауданында Аймауытов, Қаратомар, Ақсу қаласына қарасты Алғабас, Қазалы, Аққулы ауданындағы Шақа, Бесқарағай, Железин ауданында Лесное, Валиханово, Еңбекші, Церковное, Павлодар ауданында Богдановка, Заңғар, Маралды, Тереңкөл ауданында Ивановка, Ертіс ауданында Майқоңыр, Ақтоғай ауданында Приреченский, Май ауданында Саты ауылдарындағы пошта бөлімшелері жабылды. Мұндай бөлімшелерді жабу ісі мұнымен тоқтамайды. 2025 жылы тағы 13 ауылда пошта бөлімшесі жұмысын тоқтатады. Атап айтсақ, келер жылы Ақтоғай ауданында Әуелбек, Баянауыл ауданында Мұса Шорман, Мәшһүр Жүсіп, Ертіс ауданында Луговое, Тереңкөл ауданында Қоржынкөл, Аққулы ауданында Жамбыл, Малыбай, Май ауданында Жаңатаң, Қаратерек, Железин ауданында Береговое, Ақсу қаласына қарасты Ақжол, Павлодар ауданы Достық ауылдарында пошта бөлімшелері жабылады. Сонымен қатар, Екібастұз қаласындағы №2 төлемдер жүйесі мен Шарбақты ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан төлемдер жүйесі де істен шығады.
Азамат Саламатұлынан Ертіс ауданындағы жағдайды сұраған едік. Ол Қоскөл ауылындағы пошта бөлімшесі жабылмайтынын айтты.
— Ертіс ауданында Қоскөл ауылындағы пошта бөлімшесі желіні оңтайландыру жұмысына кірмейді. Яғни, ауылдағы пошта бөлімшесі жабылмайды. Аталған елді мекенде жұмыс орнына қызметкер болма-ғандықтан поштаны жеткізу бойынша уақытша үзілістер болды. Қазір жағдай шешілді. Ал Ұзынсу мен Майқоңыр ауылдарына жоғарыда айтқандай, тұрғындарға зейнетақы төленіп, газет-журнал жеткізілетін болады. Хаттарды, газеттер мен журналдарды жеткізуді, сондай-ақ жазылуды қабылдауды осы ауылдарда тұратын жеке тұлғалар жүзеге асырады, олармен ақылы қызмет көрсету шарты жасалады. Биыл «Қазпошта» АҚ жаңа Kazpost суперқосымшасын іске қосты, онда тұтынушылар үйден шықпай-ақ онлайн режимде газет-журналға онлайн жазылады. Сондай-ақ жаңа қосымшада сәлемдемені бақылау, банктік, кедендік және басқа да қызметтерді алуға болады, — дейді А.Оралов.
Азамат Саламатұлы пошта қызметкерлерінің жалақысына қатысты сауалға да жауап берген. Оның сөзінше, ауылдағы пошта бөлім-шелері басшылары мен опера-торларының ең төменгі жалақы мөлшері 118 601 теңгенi құрайды. Ауылдағы мамандардың жұмысы
1 сағаттан 5 сағатқа дейін болуына байланысты толық емес жұмыс кестесі белгіленген. Мысалы, егер қызметкер 0,5 ставкамен жұмыс істейтін болса, онда жалақы 59 301 теңгені құрайды. Жылына екі рет штаттағы қызметкерлер үшін қысқы және жазғы аяқ киімге өтемақы төлемдері беріледі. Автоматты жүйе қосылмаған шағын елді мекендерде пошта жөнелтілімдері, газеттер мен журналдардың көлемі аз жерлерде жеке тұлғамен шарт жасалады. Ол көліктің келуіне байланысты аптасына 3 мәрте газет-журналдарды бірнеше сағат ішінде таратып шығарады.
Түйін:
Жауапты мекеме жағдайға халық санының азаюы себеп екенін айтты. 2025 жылы тағы 13 ауыл пошта бөлімшесімен қош айтысады. Банк арқылы зейнетақы ала алмайтын қариялар енді ауданнан келетін көлікті күтуге мәжбүр болады. Қазір газет-журналды оқитындардың қатарында үйде немере бағып отырған ата-әжелердің үлесі басым. Смартфонның көмегімен газетке жазыла алмайтын қариялар бар. Жалғызбасты адамдардың жағдайы не болмақ? Ауылдағы пошта бөлімшелерінің жабылуы елді мекендегі жұмыс санының қысқаруына әкеледі. Пошта қызметкерлері мен операторлар жеп отырған нанынан айырылады. Ал қақаған аяз бен аптап ыстықта газет тарататындардың еңбегін айлық деуге де келмес.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.