Өткен аптада «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры жалпы білім беретін мектептерге оқушылардың жазғы лагерьлерде демалуы үшін сертификаттар табыстау арқылы қайырымдылықтың әлеуметтік марафонын бастады.

Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасы аясында ағымдағы жылдың 15 наурызынан бастап еліміздің барлық аймақтарында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық жобасының жаңа маусымы «Жаздық жолдама-2024» жобасы бастау алды. Осыған орай, Павлодар ауданы, Кемеңгер ауылында аудан әкімі Николай Дычконың қатысуымен қор сертификаттарын тапсыру салтанаты өтті.

Аудан әкімі Николай Дычко аталған қоғамдық қор қолдауымен ауылдағы мектеп оқушылары толыққанды жазғы демалысқа қол жеткізіп, білім мен өнерлерін дамытуға үлкен мүмкіндік алатынын жеткізді.

– Жарқын мереке – Наурыз қарсаңында жолдамаларды табыстау кездейсоқ емес. Мұндай іс – шаралар өскелең ұрпақ үшін Наурыз мейрамының тұрақты құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ, қайырымдылық идеяларын насихаттауға ықпал етеді деп санаймыз. ҚР Оқу-ағарту министрлігі, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен биыл маусым айынан бастап 5-8-сыныптың 20 мың оқушысын жазғы демалыс лагерьлерге жіберуді жоспарлап отыр. Оның ішінде біздің ауданға 85 жолдама тиесілі. Бұл жолдамалармен биыл аудандағы барлық ауылдық мектептерді қамту көзделіп отыр, – деді аудан басшысы.

«Жаздық жолдама» жобасы жазғы демалыс кезінде 5-8 сыныптардың 20 мың оқушысының зияткерлік және шығармашылық дамуына бағытталған демалысын қамтамасыз етеді. Қордың Қамқоршылық кеңесі бекіткен бюджет 2,1 млрд теңгені құрайды. Павлодар облысы бойынша ауыл мектептерінің 5-8 сынып оқушылары үшін 875 жолдама бөлінді.

Айта кетейік, өткен жылы осы әлеуметтік жоба аясында оқу үздігі, түрлі байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған 925 ауыл баласына аталған жолдамалар үлестірілді. Мәселен, «Жас дәурен» облыстық оқу-сауықтыру орталығында 725 бала, Астанадағы Назарбаев Университеті жанындағы «Айналайын» лагерінде 200 оқушы демалды. Ауылдық жерлерден келген балалар мен жасөспірімдерге ғана бағытталған «Жаздық жолдама» жобасы – өскелең ұрпақты ынталандыруға және отансүйгіштікті нығайтуға ғана емес, сонымен қатар коммуникация, көпмәдениетті ортадағы қарым-қатынас сияқты өмірлік қажетті дағдыларды нығайту үшін таптырмас әдіс.

 

А.МҰҚЫШЕВ.