Бұрын жергілікті әкімдіктерге қарап келген азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері биыл 1 шілдеден бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына көшті. Азаматтық хал актілерін тіркеу мемлекеттік корпорацияның құзырына тапсырылғанымен, халыққа қызмет көрсету орталықтары операторлары жүйеге қол жеткізе алмайды.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы директорының орынбасары Жаннат Нұржауова баяндап берді.

– Бұл өзгеріс себептерінің бірі цифрлық ғасырда жедел ақпараттық қызметтерді толық пайдалана алмауымызда. Азаматтық хал актілерін тіркеу базалары, мұрағаттары өте ұзақ, мәңгілікке сақталады. Құжаттар цифрландырылады, — деді Жаннат Амангелдіқызы. Жаннат Нұржауованың айтуынша, мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері, оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталығының операторлары азаматтық хал актілерін тіркеу ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алмайды. Некені тіркеуге өтініштерді қабылдау, өңдеу, нәтижелерді беру туралы шешім азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің құзырында болады. Бірақ бұл некені тіркеу халыққа қызмет көрсету орталығында өтеді дегенді білдірмейді. Бұл функциялардың барлығы АХАТ бөлімдерінің қызметкерлерімен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» орталығына ауысты. Сонымен қатар, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн некеге тұруға өтініш беру мүмкіндігі сақталады. Оны бөлімнің өзінде Есенәлиев көшесі, 24-үй мекен-жайы бойынша да беруге болады. Нәтижені енді бір ай емес, 15 күн ғана күту қажет. Жаннат Нұржауованың сөзіне сүйенсек, қазір Павлодарда некені салтанатты түрде тіркеу орны мәселесі қарастырылуда.

— Бұрынғы уақытта бізде Неке сарайы болған. Біз бұл мәселені шешуге тырысамыз. Павлодарда неке қию рәсімдері Толстой көшесіндегі ғимаратта тағы да өткізілуі мүмкін. Әзірге бұл мәселе тек қарастырылып жатыр және түпкілікті шешім жоқ, — деді ол.  Баспасөз мәслихатында азаматтарға арналған үкімет корпорациясы филиалы директорының орынбасары Рахат Қошанов халыққа қызмет көрсету орталығының осы жылдың 1-жартыжылдығында атқарған жұмыстарына тоқталды. Рахат Серікұлының айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 311 230 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 650 737-сі өз-өзіне қызмет көрсету секторлары арқылы жүзеге асқан. Сонымен қатар, ХҚКО үй жағдайында 1 222 мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл – ҰОС ардагерлері, І және ІІ топ мүгедектері, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен азаматтарға арналған қызмет. Жыл басынан бері өңірдің автокөлік иелері VIP-нөмірлерге 136 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Олардың құны — 198 мыңнан 800 мың теңгеге дейін. Әдетте, мемлекеттік нөмірлердегі ең қымбат сандар 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777, XXX, YYY, MMM және AAA әріптерінен құралады.

— Клиент мамандандырылған ХҚКО-да ұсынылған нөмірлерден таңдау жасай алады немесе сұранысқа ие сандар мен әріптерді қолдана отырып, қалаған нөміріне тапсырыс бере алады Автокөлік сатылып, есептен шығарылса, онда мемлекеттік тіркеу нөмірін мамандандырылған ХҚКО-да сақтауға қалдыруға болады. Қарапайым нөмір бір айдан кейін жойылса, VIP нөмірі ескіру мерзімінсіз сақталады, – деді Рахат Серікұлы. Қазіргі уақытта қамқоршысынан айырылу, еңбекке қабілеттілікті жоғалту, жұмыстан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, мүгедектік бойынша жәрдемақы, баланың тууы бойынша немесе оны күту бойынша мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарын алған аналарда жәрдемақы тағайындау қызметтер проактивті форматта қолжетімді. Жалпы, облыстық филиал әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 15 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Сондай-ақ жер кадастры бойынша 8 мыңнан астам, жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу бойынша 8 мыңнан астам және заңды тұлғаларға 1 мың қызмет көрсетілген.

Т.ӘБІЛДА.