Алла қолдап, Туризм және спорт министрінің кеңесшісі қызметіне кірісіп жатқан жайымыз бар. Мемлекеттік қызмет – біз үшін беймәлім сала. Бірақ елдік істердің бел ортасында жүру саналы азаматтың жан қалауы екеніне шүбә келтірмейміз. Бұл ретте бізді дәл осы орынға жетелеп апарған екі басылым екенін ерекше айтқымыз келеді. Бірі – еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан», екіншісі – Ертіс-Баян өңірінің ата басылымы «Saryarqa samaly».

2010 жылдың 24 мамырында «Сарыарқа самалы» газетінен тәжірибеден өтуге келген бозөкпе баланы редакция басшылығы бірден жұмысқа қабылдайды дегенге кім сенген. Екі апталық тәжірибе аяқталып, «ауылға кетемін» деп желігіп отырған жасқа бас редактор Мұхит Омаров ағамыз алдымен қаламақыға жұмыс істеуді ұсынды. Кейін жарты ставкаға қабылдады. Көп уақыт өтпей редакцияның толыққанды тілшісі болып шыға келдік. Егер сол жолы Мұхит ағамыз «Мұндай мүмкіндікті екінің біріне ұсынбаймыз, ойлан» деп ұстап қалмағанда, бүгінгі азды-көпті жетістігіміздің біріне де қол жеткізе алмас па едік, бәлкім. Сол үшін әлі күнге дейін Аллаға шүкіршілік етеміз.

Біз «Saryarqa samaly» спорт журналисі болып келдік. Өңір спортындағы жетістіктерді де, мәселелерді де өндірте жазуға тырыстық. Төгілген тер текке кетпеген секілді. Жергілікті жұрт, республикадағы көзіқарақты спортсүйер қауым бізді спорт журналисі ретінде тани бастады. Өңірде өтіп жататын өзге жарыстарды айтпағанда, қарашаңырақтың қолдауымен Астана мен Алматыда қатар өткен қысқы Азиададан, Алатау бөктерінде ұйымдастырылған қысқы Универсиададан тікелей хабар тараттық. Мұның бәрі үлкен тәжірибе еді. Ауқымды жарыстардың аурасын сезіндік. Бойға сенімділік бітті. Осының нәтижесінде 2014 жылы спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атандық. Жаңа қызметке қабылдамас бұрын Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев түйіндемеміздегі «С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты» деген тұсқа сәл кідіріп, құптағандай басын изегені бар. Сол кезде ішіміз жылып сала берді. Жоғарыда министрліктегі жаңа қызметке жетелеп әкелген екі басылымның бірі деп «Saryarqa samaly» атауымның төркіні де осында жатыр. «Егемен Қазақстан» өңірден келген журналисті елге танытса, «Saryarqa samaly» әлі күнге дейін жолымызды ашып келеді.

Өміріміздің мәнді де маңызды бір бөлігі дәл осы «Сарыарқа самалында» өтті. Осы жерде есейіп, ел қатарына қосылдық. Ағалардың алқауын сезіндік. Алғыс арқаладық. Мұхит Омаров, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов, Төлеген Нұрғазы сынды аға буынның көзін көріп, тәлімін алғанды бақыт санаймыз. «Фархаттай бес жігітім болса, мұртымды балта шаппас еді» деп дем беріп отыратын Асыл Әбіш пен «Жетістікке жеткің келсе, үш күндігіңді емес, үш жылдығыңды жоспарла» деп жол нұсқайтын Нұрбол Жайықбаев ағаларға да қарыздармыз. Бірге жұмыс істеген өзге де әріптестерімізге қолдап-қуаттағаны үшін, сенім артқаны үшін алғыс айтқымыз келеді. Үлкен өмірге үкілеп қосқан «Saryarqa samaly» әлі күнге дейін бағымызды ашып, бағамызды асырып келеді. Пешенемізге «Сарыарқаның» сарбазы» деген ауырлығы зіл батпан атақтың бұйырғанына да шүкір!

Жалпы, бізді журналистикаға жетелеп әкелген Төлеубек Қоңыр ақсақал екенін көпшілік жақсы білуге тиіс. Қысқа ғана қайырған бұл жазбамызда ол туралы ештеңе айтпадық. Оның да өзіндік себебі бар. Биыл Төлеубек атамыздың туғанына 85 жыл толып отыр. Бұйыртса, алдағы уақытта ұстаз туралы бөлек бір естелік жазбақ ойымыз бар. Оқырман қауымды алдын ала хабардар етіп жатқан жайымыз ғой.«Saryarqa samaly» газетінің мерейтойы құтты, қайырлы болсын! Қарашаңырақтың 100 жылдығында жүздесуді жазсын!

 

Фархат ӘМІРЕНОВ, Туризм және спорт министрінің кеңесшісі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Астана.