Облыс орталығында азаматтардың жұмысқа орналасуына, олардың біліктілігін арттыруға, менталды ауытқулары бар азаматтарға әлеуметтік қызмет алуға көмектесетін орталықтар жұмыс істейді. Бірақ олардың ісін одан әрі жетілдіруде бірқатар қиындық бар.

Облыс әкімі Асайын Байханов бірнеше әлеуметтік нысанға барып, жұмыс барысымен танысты. Алдымен аймақ басшысы Павлодар қаласының Мансап орталығында болды. Жыл басынан бері облыс орталығында жұмыссыз жүрген 7 мыңнан астам адам осы орталықтың көмегі нәтижесінде тұрақты жұмыс тапты. Сондай-ақ, 83 адам жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға гранттар мен шағын несиелер алды. Асайын Байханов жақында мансап орталығының техникалық мамандығы бар жоғары оқу орнының түлегін жұмысқа орналастыра алмағанын еске салды.

— Еңбек өтілінің болмауы жастардың жолына кедергі келтірмеуі керек. Сіздердің қызметтеріңізге өзгеріс қажет. Жұмыстар нақты адамға бағытталуы тиіс, — деді аймақ басшысы. Одан кейін Асайын Байханов менталды ауытқулары бар жандарға тегін әлеуметтік қызмет көрсететін «Альрами» клуб үйінің жұмысымен танысты. Мұнда пси- хологиялық оқшауланудан шығу, нақты ортада өмір сүруге үйрету бойынша көмек көрсетіледі. Бұл — Қазақстандағы осындай тәжірибені қолданатын жалғыз мекеме. Бүгінде аталмыш мекеме жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі ғимараттың қасбеті мен шатырын жаңартуға көмектесетін меценаттарды тауып беруге уәде берді. Сонымен қатар, Асайын Байханов балалар психо-неврологиялық орталығына барды. Мұнда жаңа ғимараттың құрылысы басталды. Жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді құрайтын мекемеде балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады. Аймақ басшысы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау жасайтын өңірлік орталықтың жұмысын да тексерді. Балалар шығармашылық және спорттық жетістіктерін дамыту үшін әртүрлі іс-шараларға бара алатын жаңа автобус қажет екенін айтты. Әкім бейінді басқармаға 2024 жылға арналған бюджетті бекіту кезінде осы мәселені қарауды тапсырды. Қарттар үйі және «Ардагерлер үйі» де назардан тыс қалған жоқ. Асайын Байханов аға буын өкілдері мен балалар ең көп қамқорлыққа мұқтаж және аса ерекше көңіл бөлуді талап ететінін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.