Жуырда Торайғыров университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «ХХІV Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Осымен 24 жыл қатарынан өткізіліп отырған конференцияға еліміздің және шекаралас мемлекеттердің қалаларынан мыңнан аса жас ғалым қатысты. Талапты зерттеушілерге ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Сейдуманов бастаған ғалымдар сәттілік тіледі.

 

Аталмыш шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, ҚР Ұлттық ғылым академиясы президентінің міндетін атқарушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Сейдуманов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитеті, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының бас директоры, биология ғылым-дарының докторы, профессор, ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі Қабыл Жамбакин, академик Қаныш Сәтбаевтың немересі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әлима Жармағамбетова және облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияның салтанатты ашылуы Торайғыров университеті алдындағы Естелік аллеясында орнатылған Қаныш Сәтбаев мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова аталған конференция жас ғалымдардың ғылымның әртүрлі салаларына қызығушылық танытуына және олардың ғылыми тәжірибе алмасу арқылы рухани өсуіне жол ашатынын тілге тиек етті.

— «Сәтбаев оқулары» конференциясының облысымыз үшін орны ерекше. Өйткені, ғылым саласына қызығушылық танытып жүрген жастардың ғылыми білімін әрі ізденісін жетілдіруге үлес қосады. Осымен қатарынан 24-інші мәрте өткізіліп отырған конференцияға қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Біз осыдан Қаныш Сәтбаевтың ізін жалғар жастардың өсіп келе жатқанын байқаймыз. Ұлт мақтанышына айналған ұлы тұлғаның есімін дәріптеп, игі істің өтуіне себепкер болған Торайғыров университетіне зор алғыс, — деп атап өтті А.Құрманова.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Сейду-мановтың айтуынша, академик Қаныш Сәтбаев – қазақ халқы мен Қазақстан тарихындағы зор құбылыс. Ол аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының әйгілі табиғат зерттеушісі, әлемдік деңгейге көтерілген ойшыл ғұлама.

— Павлодар – еліміздің ғылым саласына үлес қосқан тұлғалардың мекені. Оның ішінде тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевты ерекше атап өтуге болады. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай Торайғыров университеті жыл сайын «Сәтбаев оқуларын» өткізеді. Біз тарихта есімі алтын әріппен жазылған тұлғаларымызды ұмытпай, келешек ұрпаққа насихаттауымыз керек, — деді С.Сейдуманов.

Конференция барысында университет қабырғасында оқушылар мен студенттердің ғылыми жобаларының көрмесі өтті. Онда ғарыш кеңістігін тазартуға арналған пилотсыз құрылғы, орман шаруашылығын қорғаудың автоматтандырылған жүйесі, пайдалы автогаджет секілді жұмыстар ұсынылды. Сондай жұмыстардың бірегейі — жер орбиталарын тазартуға арналған ғарыш кемесі. Идея авторлары — Майқайың орта мектебінің 8-сынып оқушылары Асылым Ибрагимова және Айым Уахит.

— Ғарыштық қоқыс — бұл жаңа жаһандық проблема. Бір кездері ғарышта оның көп болғаны сонша, адамдар жаңа спутниктерді ұшыра алмады. Бұл қозғалтқыштары әрі арнайы модульдері бар ғарыш кемесі. Оның миссиясы — ғарыш қоқыстарын жинау және оны жою орбитасына жіберу. Ғарыш қоқыстарының қауіптілік дәрежесі орбитада болу уақыты, қозғалыс жылдамдығы және оларды жоюдың қиындығы атты үш санатқа бөлуге болады. Осы мәселелердің алдын алу мақсатында ғарыш кемесін ойлап таптық. Ол макет тақтасы, ардуино, ультрадыбыстық қашықтық сенсоры, сервомоторлар, сымдардан және қуат көзі 9В батареядан тұрады, — дейді жас ғалым Айым Уахит.

35 секциядан құрылған отырысқа барлығы 1488 мақала қабыл-данды. Конференция қорытын-дысы бойынша ғылыми жобасы үздік деп танылған қатысушылар жүлделі орындармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың ғылыми мақалалары жыл сайынғы жинаққа енді.

Айта кетейік, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, атақты жерлесіміз Қаныш Сәтбаевтың құрметіне арналған Халықаралық Сәтбаев оқулары облысымызда 2000 жылдан бері өтіп келеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.