Павлодарлық кітапханалар жаңа кітаптармен толықты. Атап айтсақ, «Ислам и генезис Казахской Мусульманской традиции» кітабының 75 данасы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға және 9 данасы Мәшһүр Жүсіп мешіті кітапханасының қорына берілді.

«Ислам и генезис мусульманской традиции» кітабының авторы – белгілі тарихшы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Назира Дәуітбекқызы Нұртазина. Бұл еңбек Ислам дінінің Қазақстан мен Орта Азия аумағына таралуына, түркілердің жаппай исламдануына және бұрынғы бабаларымыздың рухани-діни дәстүрлерінің қазіргі заманмен ұқсастығын зерттеуге арналған.

– Бұл – біздің оқырмандар үшін өте құнды еңбек. Себебі, осы тақырыпты зерттеушілер кітапханаға көп келеді. Соның ішінде дінтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындары мен колледждердің профессор-оқытушылары, ислам тарихын зерттеген магист-ранттар мен докторанттар және ұлттық мәдениет пен діни дәстүрлерді зерттеуші мамандар үшін таптырмас тарихи дереккөзі болып саналады. Жаңа тарихи жинақты облыстық кітапханаға Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігі сыйға тартты, барша оқырман атынан алғыс білдіреміз, – деді облыстық кітапхананың қорды
қалыптастыру бөлімінің басшысы  Жазгүл Кеңесқызы.

Орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінің кітапханашысы Назым Қизатқызының сөзінше, кітапхана қорында 15 мыңға жуық кітап бар. Мұнда діни кітаптардан бөлек, қазақ қаламгерлерінің таңдаулы шығармалары, «Мәдени мұра» жобасы арқылы ұсынылған қазақ ауыз әдебиетінің жинақтары және басқа құнды еңбектер бар. Әлбетте, мешіт кітапханасы болғандықтан, қасиетті Құран кітабының көптеген тарихи нұсқаларымен қоса заманауи тәпсірленген аудармалары, электронды нұсқалары, Мәшһүр әулиенің шығармаларының толық жинақтары да оқырман сөресінен орын алған.

Енді кітапхана қоры жоғарыда аталғандай, тарихшы Назира Нұртазинаның  «Ислам и генезис мусульманской традиции» кітабымен де толықты.

 

Тілеуберді САХАБА.