Кеше облысымыздың үні — «Halyq Radiosy» жаңа қонысқа көшіп, жаңа студиясының тұсауын кесті. Бұдан былай, аймақ тыңдармандары сүйікті радиосын Астана көшесі, 143 мекенжайындағы «Ертіс Медиа» ЖШС ғимаратынан таба алады. Тарихи сәтке шығармашылық ұжымды әртүрлі жылдары басқарған бас редакторлар, өзге БАҚ өкілдері құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

1938 жылдың 16 наурызынан бері аймақтың үніне айналған радиода өмірдің сан саласы қамтылған. Қоғамның түрлі тақырыбы қаузалады. Одан бөлек, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын сазды бағдарламалар да баршылық. Қазіргі таңда 85 жылдық тарихы бар ұжымды басқарып отырған Асыл Әбішев жаңа қоныс жаңа жетістіктерге жете-лейтініне сенім білдірді.

— Қоныс аударамыз деген сәттен бері біраз жұмыс атқарылды. Көп жыл радиоға пана болған «Ертіс» арнасының ұжымына да алғысымызды білдірдік. Алдағы жылы «Ертіс Медиа» мен «Ертіс» арнасының бірлескен бір жобасын іске асыруға уағдаластық. Қазіргі кезең — журналистиканың бөлектенетін емес, бірігетін дәуірі. Жаңа қоныста алғашқы эфиріміз басталды. Бұл күн — радионың жаңаша тыныс алуының бір белесі десек болады. 85 жылда радио тарихында небір майталмандардың ізі қалды. Тыңдарманның көңілінен шығатын ақпарат, хабар жаңа студиядан тарайды. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрді сақтай отырып, үш айда төрт жаңа жоба енгіздік. Жаңа жылда да жалғасын табады деген сенімдеміз, — деді Асыл Әлімжанұлы. «Halyq Radiosy» еліміздегі жалғыз облыстық радио екенін білесіздер. Міне, осы мәртебені сақтап қалу жолында елеулі еңбек еткен Ғалия Балтабай сол жылдары атқарған жұмыстарын еске алып, қолдау білдірген биліктегі азаматтарға алғысын айтты. Естеріңізге сала кетейік, Радионы 100,5 FM жиілігіне шығарған да – Қазақ радиосының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Құсайынқызы.

— Мен үшін ерекше күн. Halyq Radiosy жаңа қонысқа көшті. Павлодар облыстық радиосына директорлыққа шақырылған шағымда ұжымның жағдайы мәз емес еді. Еліміздің түкпір-түкпірінде облыстық радиолар жабылып жатты. Сол кездегі облыс басшылығы, құзырлы министрліктің қолдауының арқасында радионы сақтап қалдық. Әлбетте, оңай болған жоқ. Қайта-қайта барып, жәрдем сұраудың нәтижесі. Осы жұмысымызды жалғастырып келе жатқан ұжымға алғысым шексіз. Радиомыз ары қарай жасай береді деген үміттемін, — деді ардагер журналист Ғалия Балтабай. Студияның салтанатты ашылуына әр жылдары басшылық еткен Бауыржан Қапенов, Ерсайын Ертісбаев, Жұмабек Сманов, Раушан Сыбанжанова өздерінің естеліктерін айтты. Мәселен, Бауыржан Әутәліпұлы басшылық еткен жылдары радионы техникамен жабдықтауға басымдық бергенін еске алды. Әр басшы аймақтың үні саналатын радионың өркендеуіне үлес қосуда аянбады. Бүгінде Halyq Radiosy 100.5 FM жиілігімен қатар «Отау тв» арнасы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Әріптестерімізге жаңа қоныста жаңа студияда тыңдарманның талғамына татитын туындылар көбейе берсін демекпіз.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.