Павлодарда жол жүру ақысы қымбаттайды. Салаға жауаптылар қоғамдық көліктердің тариф саясатын қайта қарап, бүгін қалалық мәслихат депутаттары жол ақысына қатысты жаңа тарифті мақұлдады. Енді қала тұрғындары үшін қоғамдық көлікте көлік және банк картасымен есеп айырысу 100 теңге, қолма-қол ақшамен өтеу 200 теңге болады.

Естеріңізге сала кетсек, қазан айында «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатқа сәйкес, жол жүру ақысын көтеру туралы әкімдік қаулысы жарияланған болатын. Қоғамдық көліктердің тарифтеріне қатысты аталмыш құжат қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасының талқылауынан өтті. Ал бүгін қалалық мәслихаттың отырысы барысында халық халаулылары жаңа тарифті бірауыздан мақұлдады. Осыған байланысты қалаішілік қатынаста жолаушылар мен жүкті автомобильмен тұрақты тасымалдаудың бағасы ересектерге арналған көлік картасы арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 80 теңгеден 100 теңгеге дейін өседі. Ал қолма-қол ақшамен төлеген кезде ересектерге 130 теңгеге орнына 200 теңге ақша төлеуге тура келеді.

– Павлодар қаласының аумағында қалалық қозғалыстағы жолаушылар мен багажды тұрақты автомобильмен тасымалдау бағыттарына келесі көлемде сараланған тариф – жолаушыларды тұрақты тасымалдау электронды төлем жүйесі арқылы, интернет желісі және байланыс құрылғыларын қоса алғанда, қолма-қол ақшасыз төлем үшін 100 теңге, ал жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда 200 теңге болып белгіленсін, – делінген құжатта. Қалалық мәслихаттың отырысы барысында Павлодар қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Данияр Батырбеков жол ақысына қатысты қолданыстағы тариф 2017 жылы қабылданғанын атап өтіп, павлодарлық тасымалдаушылар жол жүру ақысын көтеруді сұрап отырғанын айтты. Мұны жергілікті кәсіпкерлер дизель отынының құны екі есеге өсіп, қосалқы бөлшектер мен электр энергиясы қымбаттауымен байланыстырады. Сондай-ақ, бөлім маманы тарифті өсіру – ақша ағынын барынша ашық етіп, жол жүрудің ақысын электронды жүйесіне көшу жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға және жолаушылар ағынын дәл анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді

– 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Павлодарда сараланған тариф енгізілді. Егер тұрғындар қоғамдық көлікте қолма-қол төлем жасаса 130 теңге болатын. Қоғамдық көлікті субсидиялау бойынша қабылданған барлық шараларға қарамастан, қазіргі таңда қолма-қол ақшасыз төлемдердің пайызы 90 пайызды құрайды. Көлеңкелі кірістің 10 пайызы кейбір кондукторлардың не жолаушылардың қолында қалады. Осыған байланысты сараланған тариф бойынша жол жүру ақысын 130 теңгеден 200 теңгеге дейін көтеруді қарастыруды ұсынамыз. Бұл шара қаражатты көлеңкеден шығару үшін қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз, – ол. Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин жергілікті әкімдік өз тарапынан тасымалдаушылардың шығынын өтеп, қала тұрғындарының ыңғайлығы үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялайтынын еске салды.

– Облыстағы азаматтардың 16 санаты қоғамдық көліктерде тегін немесе 50 пайыздық жеңілдікпен жүреді. Бүгінгі күні қаладағы қоғамдық көліктердің әлеуметтік маңызы бар бағыттарының көбі субсидияланады. Жақында қосымша жеті бағытты – № 003, 3, 5, 115, 126 және 52-інші автобус бағытын субсидиялау туралы шешім қабылданды. Яғни, бюджет есебінен жаңа автобустар мен жолаушыларға жайлылық үшін тасымалдаушылар шығындарының бір бөлігі төленеді, – деді мәслихат төрағасы.

А.МҰҚЫШЕВ.