Ұлу жылы Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлері үшін де шабытты әрі табысты жыл болды деуге болады. Ақ қағаз бен қара қаламды серік етіп, жазуды кәсіп қылған шығармашыл қауымның арасында 2024-ті ерекше жаңалықпен, елеулі оқиғамен  қорытындылап жатқан жерлестеріміздің бірі – Рауза Мұсабаева.

Рауза Мұсабаева – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы педагогикалық шет тілдері институты (бүгінгі Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қаты-настар университеті) неміс тілі факультетінің түлегі. Ол бұған дейін неміс жазушысы Э.Хуммельдің «Берлин балықтары» романын, Швейцариялық жазушы Франц Холердің «Елең ғұмыр» романын қазақ тілінде сөйлеткен. Жалпы, Германия, Австрия, Швейцария, Франция жазушыларының көркем шығармаларын, новеллаларын, әзіл әңгімелерін, детективтерін, ертегілер топтамасын қазақша аударды. Сондай-ақ, «Gold Cinema» компаниясының тапсырысымен 4 деректі фильмді қазақшалады. Қаламгердің аудармалары, мақалалары республикалық басылымдарда жарық көріп, оқырмандардың үлкен сұранысына ие болып жүр.

Биыл қаламгер Алматыда өткен «Айбоз» ұлттық әдеби байқауында «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша  жеңімпаз атанды. Бұл — Ертіс-Баян өңірінің әдеби өмірі үшін үлкен жаңалық, елеулі жетістік. Айта кету керек, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына 7 номинация бойынша 176 өтінім түскен.

Жерлесіміздің биылғы тағы бір жетістігі — «Шеберлік шыңы -2024» облыстық жыл үздігі байқауының жеңімпаздары қатарынан көрінуі. Ұлу жылының үздіктерін облыс әкімі марапаттап, арнайы гранттарды тапсырды.  Биылғы жылдың үздіктері әдебиет, театр, көркемсурет, айтыс, музыка өнері, т.б. салалар бойынша анықталған болатын.

Тілеуберді САХАБА.