Кеше кешкісін өңірде қатты жел тұрып, айтарлықтай қолайсыздықтар тудырды. 10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні желдің екпіні секундына 37 метрге дейін жетті. Соның салдарынан өңірдің 117 елді мекені жарықсыз қалды.

Бүгін сағат 11.00-дегі жағдай бойынша электр қуаты 69 ауылдық елді мекенде қалпына келтірілді. Облыстың 8 ауданында, атап айтқанда Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты мен Ақсу, Екібастұз қалаларына қарасты ауылдық аймақтарда 48 ауылға жарық әлі де берілген жоқ. Яғни, 4040 абонент электр қуатынсыз қалып отыр.
Бүгінде авариялық өшірулерді жоюмен 56 жөндеу бригадасы айналысуда. Бұл жұмыстарға барлығы 168 адам және 56 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығы салдарынан бес әлеуметтік нысанның шатырлары ұшып кетті. Оның ішінде Ақсу қаласындағы №7 мектеп, Аққулы ауданы Қазы ауылындағы мәдениет үйі, Май ауданы Ақжар, Саты және Ақшиман ауылдары бар. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта келтірілген залал көлемі есептелуде. Кейін мердігерлік ұйымдар анықталып, нысандар қалпына келтіріледі.

Өз тілшіміз.