Жуырда «Достық үйінде» Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, мемле-кеттік қызметтің ардагері Жақсыбек Алиннің өмір деген кең дүниедегі ғұмыры дәріптелген «Туған еліме тағзым» атты кітабының тұсаукесері өтті. Аталған жиынға Жақсыбек Тілеуғабылұлының әр салада еңбек еткен әріптестері және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

Автор еңбегінде Қазақстанның Кеңестік дәуірі мен Тәуелсіздікке аяқ басу кезеңі аралығынан қазіргі Жаңа Қазақстанның куәгері болған тұлғаның еңбек жолын сипаттайды. Екі дәуірдің саяси және әлеуметттік ахуал айырмашылықтарын салыстыра отырып, оқырманға терең ой салады. Адалдық пен сатқындық, ізгілік пен зұлымдық, қасірет пен бақыт бірін-бірі толықтыра отырып, өмірдің заңдылығын құрайды.

Бұл кітапта Жақсыбек Тілеуғабылұлы – сынаптай сырғып өткен қызықты да тәтті естеліктерге толы балалық шағы мен студенттік уақыт, Краснокутск ауданына (қазіргі Ақтоғай) келген жас маманның алғашқы еңбек жолын бастаған кезін ерекше еске алады. Кейіпкердің туған жерінде аса жауапты да күрделі басқару қызметіндегі табысты азаматтық жолы дәл осы жылдары басталған еді.

Басты кейіпкердің жеке өмір жолымен қатар, ата-тегінің үлгілі отбасын құрып, дәстүрлі тәлім-тәрбиесінің арқасында өсіп-өнген салиқалы ұрпақтың бүгінгі сабақтастығы қамтылған.

Жақсыбек Алин негізі ұстаздық мамандықты таңдайды. Кейін оқуды аяқтаған соң университет басшылығы оны қызметке шақырады. Дегенмен туған жерге деген азаматтық парызын орындау мақсатында Ақтоғайға оралып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып зейнеткерлік жасқа дейін мемлекеттік салада қызмет етеді.

– 46 жыл мемлекеттік салада қызмет атқардым. Оның ішінде ұстаздық, комсомол, партия, шаруашылық қызметтерде еңбек еттім. 1990 жылдары Ақтоғай ауданының әкімі болған Әбілхақ Түгелбаев Шідерті совхозына қызметке шақырды. Ол жерде
3 жыл қызмет істедім. 1996 жылдан бастап 2009 жылға дейін Қожамжар елді мекенінің әкімі болдым. Ол уақыт қиын-қыстау кезеңдердің бірі болды. Жұмыссыздық деңгейі өсіп, зейнетақы, еңбекақы берілмеді. Тіпті, жарық та болмады. Тұрғындардың ұйымшылдығының және мемлекеттік салада еңбек еткен азаматтардың көмегінің нәтижесінде ол кезеңді аман-есен өткердік. Түйткілді мәселелердің шешімін таба алдық. Еңбекті жазудағы мақсатым – мемлекеттік саланы таңдаған жас буынға азды-көпті еңбек еткен сала жөнінде ақыл-кеңес беру. Одан бөлек, жинақта қазақ ауылының кешегі мен бүгіні және бір әулеттің өмірі жазылған. Ақпараттар мен суреттерді жинағаным болмаса, кітапты келінім Әсел Жұмабекова 3 жылдай уақыт жазды, –
дейді автор.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова және мемле-кеттік қызметтің ардагері Нығман Пішенбаев өткізді.

Айдана БОРАНБАЕВА.