Өңірімізде тағы бір қоғамдық орында намазхана ашылды. Енді павлодарлық жолаушыларға облыс орталығында орналасқан Теміржол вокзалында ашылған намазханада намаз оқып, демалуға мүмкіндік бар.

Еске сала кетер болсақ, Павлодар теміржол вокзалы жақында ғана күрделі жөндеуден өткізілген болатын. Осы жөндеудің нәтижесінде вокзалдың барлық бөлмелер жаңарып,  жаңа қызмет көрсету орындары да ашылды. Сапаржайда жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы өкілдігімен бірлесіп, жаңа жерден намазхана ашуды жөн санапты. Намаз оқитын орын бірінші қабатқа кіріп, дәлізден солға қарай бұрылғандағы бөлмелердің бірінде жабдықталды. Онда ыңғайлы дәрет алатын орын, намаз оқуға арналған жайнамаздар және құбыланың қай жақта екенін көрсеткен белгі бар.
Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлының айтуынша, вокзалдағы ескі намазхана бөлмесі де күрделі жөндеуден өтіп, алдағы уақытта іске қосылатын болады.

Тілеуберді САХАБА