Асыл дінімізде ерекше қасиетті саналатын үш ай бар.  Олар — «Ережеп», «Шағбан» және «Рамазан»  айлары. Қазіргі уақытта осы айлардың екіншісін, яғни, Шағбан айын өткізіп жатырмыз. Бұдан кейін Рамазанмен қауышамыз. Биыл Рамазан оразасы наурыз айының 11-інде басталады десек, оған дейін тура 18 күн қалды.

Биыл қасиетті үш айдың алғашқысы – Ережеп айы 12 қаңтарда басталды. Ережеп сөзі «бір нәрседен қорқу, ұялу, біреуді ұлылығына орай қастерлеу, тағзым көрсету» деген мағыналарды білдіреді. Ережеп айы харам айы болғандықтан, бұл айда Алла Тағаланың тыйым салған харам нәрселерінен барынша алыс болуға шақырады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Ережеп айы келген уақытта:

«Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді рамазанға аман-есен қауыштыра гөр!», деп дұға тілеген екен.

Шағбан — Ережеп айынан кейін келетін шарапаты мол Пайғамбарымыздың айы. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадистерінде: «Ережеп — Алланың айы, Шағбан — менің айым, Рамазан — үмбетімнің айы», — деген. Сондықтан Рамазан айынан кейін ең көп күн ораза ұстаған айы — Шағбан. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) не үшін Шағбан айында көп ораза тұтқандығы сұралғанда: «Шағбан –амалдар Алла Тағалаға ұсынылатын ай. Мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын. Шағбан — адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен Ережеп айларының ортасында мән бермей кететін ай. Мен ол айды босқа өткізгім келмейді», — деп жауап берген. Шағбан айының 15-түнінде Бәрат кеші басталады. Бұл түні жер бетіне періштелер түсіп, дұғалар қабыл болатын мүбәрак кеші.

Қасиетті Рамазан айының ұлылығын аз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Рамазан айында қасиетті Құран түсе бастаған, мұсылман қауым үшін сонысымен де құнды. Айлардың сұлтаны болған Рамазанның сауабы шексіз. Сондықтан осынау жақсылықтардан құр қалмас үшін барынша ораза тұтып, жақсы амалдармен өткізу маңызды. Бұл — ораза ұстаған адамның  күнәлары кешірілетін ай. Бұл жер беті мейірімге бөленіп, адам баласының бір-біріне жасайтын жақсылықтарының еселенетін айы.

Құран мен хадистерде Рамазан айының қасиеттілігі мен сауабы жайында былай сүйін-шілейді. Құранда былай делінеді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аят). Рамазан сонымен қатар, жәннат есіктері ашылатын, тозақтың қақпалары жабылатын ұлық ай. Ендеше барша жамағат Рамазанды жақсы амалдармен өткізуге Алла нәсіп етіп, күш-қуат берсін!

Тілеуберді САХАБА.