Қылышын сүйретіп қыс та келді. Сол себепті өңір жолдарын қысқы кезеңге дайындау және өткізу мақсатында бірқатар кешенді іс-шара жүзеге асырылуда. Мәселен, қазіргі уақытта жоспар бойынша автомобиль жолдарында қар ұстайтын қалқандар орнатылып жатыр. Жалпы, облыс бойынша қар ұстайтын қалқандардың ұзындығы 44,33 шақырымды құрайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ақылбек Баяхметов облыс басшылығымен «2023-2024 жылдарға арналған IV кезеңдегі қысқы кезеңді дайындау және өткізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары» әзірленіп, соған сәйкес барлық дайындық іс-шаралары орындалғанын мәлім етті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 7-14 қыркүйек аралығында ТЖД қызметкерлері «ҚазАвтоЖол»ҰҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалымен бірлесіп, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға жол-пайдалану басқармаларын дайындау бойынша комиссиялық тексерулер жүргізді.

– Өткен жылдардың қысқы кезеңдердің талдауын ескере отырып, облыста 215 қарлы учаске анықталды. Биыл төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында аталған учаскелерге темірбетонды қар ұстайтын қоршаулар әзірленді. Сонымен қатар, қысқы кезеңде жолдарды күтіп-ұстау мақсатында 172 техника, оның ішінде 83 негізгі техника, 14 арнайы техника және 50 қосалқы техника дайындалды, – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, жауапты мекеме өкілдері мердігер ұйымдардың көктайғаққа қарсы материалдардың, атап айтқанда тұз, құм, түрлі реагенттің қорын тексерді. Мамандардың сөзінше, қоймада сақталған материал қоры жеткілікті. Бүгінде 14 мың текше метрден астам құм, 1000 текше метрден астам шөгінді және 5 мың тоннаға жуық тұз бар.

– Өңірде қысқы уақытта ақ боран, үскірік аяз жиі орын алады. Жолаушылар қолайсыз ауа райында сапарға шығып, төтенше жағдайларға тап болып жатады. Осы ретте автокөлік жолдарының бойында 188 жылыту пункті қарастырылған. Жылыту бекеттері 15 мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ, Шідерті–Қалқаман жолында орналасқан жылыту пункттерінде қосымша трассалық медициналық пункттер қарастырылған. Қосымша жылыту пункттері ретінде 12 ДЭУ (ДЭП) және 3 мобильді пункт (вахталар) пайдаланады, – деді А.Баяхметов. Биылғы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін және жолдарды қар құрсауынан шығаруға азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының күштері мен құралдарының жалпы топтамасы айқындалды. Қысқы кезеңде жеке құрамның 2031 адамы, 417 қар тазалау техникасы, 335 инженерлік және 136 эвакуациялық техникасы жұмылдырылмақ.

А.МҰҚЫШЕВ.