Бүгінгі таңда Павлодар облысының аумағында Ресей Фелерациясынан әкелінген жаңа жылдық шыршалар сатылуда. Қазіргі уақытта олардың жалпы саны 6400 дананы құрайды. Облыс бойынша шыршаларды сату үшін 30 орын белгіленді. Оның ішінде Павлодар қаласы бойынша 24, Ақсу қаласында 2, Железин, Ертіс және Шарбақты аудандарының орталықтарында бір-бір сауда орындары бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев биыл облыс тұрғындары заңсыз кесілген ағаштар үшін бір жарым миллион теңгеге жуық айыппұл төлегенін мәлім етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері орман қорын жоюға қатысты 46 заң бұзушылық анықталды.

— Жас шыршаларды заңсыз кесудің алдын алу үшін Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті жаңа жылға дейін қылқан жапырақты өсімдіктерді қорғауды күшейту туралы ұйғарым шығарды. Қазіргі таңда Павлодар облысында 44 мобильді топ пен 11 бақылау бекеті жұмыс істейді. Қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғау мақсатында ұйымдастырылған рейдтер 31 желтоқсанға дейін жалғасады, — деді Р.Төлепбаев.

Сонымен қатар, облыстың бас инспекторы жаңа жылдық шыршаларды сатып алу және сату үшін кәсіпкерлерде арнайы құжаттар топтамасы болуы керектігін айтты. Оның ішінде халықаралық жүкқұжат, фитосанитарлық және тауардың шығу тегі туралы сертификат, тіркеу нөмірі мен күні көрсетілген шот-фактура болуы керек. Сондай-ақ, мемлекеттік бақылаудан өту үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі берген талон қажет.

Бұдан бөлек, брифинг барысында Павлодар облысының полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров қазіргі уақытта облыс бойынша «Шырша» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатқанын атап өтті. Аталмыш шара аясында ҚР Қылмыстық кодекстің 188 бабы, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204, 381-1 баптары бойынша ағаштарды заңсыз кесу және қылқан жапырақты жас өскіндерді сатуға байланысты 7 құқық бұзушылық тіркелді.

А.МҰҚЫШЕВ.