Аймағымызда су тасқынының зардабын көргендерге жәрдемдесу әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда қарғын судан жапа шегіп, өтінім білдіргендердің өтініші толық қанағаттандырылған. Облыс бойынша 120 отбасыға демеушілік қаражат есебінен 98 млн теңге өтемақы төленіпті.

 

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев мәлімдеді. Су тасқынынан баспанасы жарамсыз деп танылған 7 отбасын тұрғын үймен қамту жұмыстары қолға алынған. Бұған дейін хабарла-ғанымыздай, Ақтоғай ауда-нының Жалаулы ауылында 5 үйдің құрылысы басталды. Бұл бес үйдің құрылысына 110 млн теңге жұмсалмақ. Әр үйдің құны шамамен 22 млн теңгеден шықпақ. Қаражатты ERG компаниясы бөлген. Үйлердің құрылысын үш айда аяқтау жоспарланып отыр.

Қиын жағдайда іскер жандар қол ұшын созған. Мәселен, қалпына келтіру мүмкін емес деп танылған жеті үйдің бірі Шарбақты ауданының Красиловка ауылында еді. Аталмыш ауыл тұрғынына осы елді мекеннен баспананы 1 млн теңгеден астам қаражатқа облыс мәслихатының депутаты Вячеслав Соломкин сатып алып берген. Ал Тереңкөл ауданының Томарлы ауылында жарамсыз болып қалған баспананың орнына облыстық қайырымдылық қорына жиналған қаржыдан 3 млн теңгеге үй сатып алынды.

Жалпы, зардап шеккендерге шығындарын өтеуге төленген ең аз сома 70 мың теңге болса, ең көбі 6 млн теңгеден асады. Яғни, әр отбасының мүлкіне келген залалды аудандарда құрылған комиссия анықтап, бағасын беруде. Сонымен қатар, аудандық қазынадан зардап шеккендерге 100 АЕК дейінгі мөлшерде бір реттік төлем жасалған.

Ағымдағы аптада шығындарды өтеудің ережесіне өзгерту енгізіліп, енді төтенше жағдай жарияланған елді мекендерде зардап шеккендерге 150 АЕК дейінгі мөлшерде көмек көрсету қарастырылған. Бұл ретте, шығынды өтеу ережесіндегі тізімге мән беріледі. Мұндай төтенше жағдай аймағымызда тек Жалаулы ауылында жария-ланғанын атап өткен жөн.

– Аймақта тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Дегенмен, облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жағдай тұрақты. Су тасқынынан келген залал өтінімдер бойынша толық өтелді. Әлі де зардап шеккендерден түсуі ықтимал жаңа өтінімдермен жұмыс жалғасуда. Ешкім назардан тыс қалмайды, – деді Дидар Ибраев.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.