Бүгінгі таңда әйел адамдар Қарулы Күштер саласының барлық қызмет түрінде бар. Сондықтан да олар бұрынғыдай тек медицина, байланыс, қаржы немесе кеңседегі жұмыстарда ғана істейді деп ойлау қате. Әрине, басым бөлігі осындай мамандықтарда да шығар. Десе де, бізде иығына погон тағып, әскери бөлімдердің арнайы жасақтарында жүрген әйелдер қауымы да жетерлік. Ендеше, Отан алдындағы жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып жүрген нәзік жанды аруларымыз бар кезде Отан қорғаушылар күні тек ер азаматтарға қатысты мереке емес. Отанымыз бір болған соң мейрамымыз да ортақ.
Расында да, ерлермен қатар ел намысын ту етіп көтеріп, төл әскери салада жүрген әйелдердің бары қуантады. Олардың ішінен, әрине бірінші кезекте Тәуелсіздік тарихының төрінен орын алған бұрымды батырларымыздың есімі ауызға ілінетіні рас. Ал бүгінгі әскери бөлімдерде, қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер осы даңқты тізімді одан әрі толықтыра түспек.
Сонымен, елімізде әйел адамның саны көп әскери саланың бірі – Қорғаныс министрлігі. Бұл ведомствоның көпбейінді екенімен байланысты. Өйткені Қарулы Күштеріміздің түрі де, атқаратын қызметі де уақыт сұранысының барлық талабына сай. Жыл басындағы мәлімет бойынша, Қорғаныс министрлігіне қарасты барлық құрылымдар мен ведомстволарды қоса алғанда 10 мыңнан астам әскери әйел қызметкер бар екен. Олардың тек 13 пайызы ғана офицерлер, яғни полковник, подполковник, майор, капитан, аға лейтенант, лейтенант шеніндегілер.
Қазіргі уақытта «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6679 және №5512 әскери бөлімдерінде әскери қызметші әйелдер оқу-жауынгерлік міндеттерді ер-азаматтармен тең орындай отырып, адал қызмет атқарып жүр. Олардың арасында бөлім басшылары, барлаушылар, мергендер, механик-жүргізушілер де бар. Мәселен, облыс орталығындағы №5512 әскери бөлімінің клуб бастығы капитан Балжан Шахиеваның айтуынша, аталған әскери бөлімде қазіргі таңда 30-дан астам қыз-келіншек қызмет атқарады. Атап айтсақ, бөлімде 6 офицер және келісімшарт бойынша 24 әскери қызметші әйел бар. Олар саптық бөлім, қаржы бөлімі, құпия бөлім, дәріханашы, медбике, психолог, кітапханашы, заңгер сияқты лауазымдарға ие. Сондай-ақ, әскери қызметте жүрген әйелдер арасында көпбалалы аналар да бар. Сонымен қатар, бүгінгі күні №6679 әскери бөлімінде 28 әскери қызметші әйел адамдар қызмет атқаруда. Жауқазын-жауынгерлер кадр және саптық бөлім, қаржы бөлімі, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жөніндегі бөлім, құпия және құпия емес бөлімі, техника және қару-жарақ бөлімі тыл бөлімдерінде қызмет атқарады.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.