«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облыстық филиалы халыққа сапалы қызмет көрсету көрсеткіші бойынша соңғы үш жыл қатарынан республика көлемінде алғашқы бестікке еніп отыр. Тек өткен жылы бұл мекеме 501 184 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, электрондық үкімет порталы мен мобильді нұсқалар арқылы павлодарлықтар өз бетінше 1180 593 қызмет түрін алған.

 

Бұл жөнінде бұрнағы күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облыстық филиалының директоры Асылбек Сапарбекұлының айтуынша, аталмыш орталық бірнеше бағыт бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Соның ішінде электрондық цифрлық қолтаңба, жеке куәлік пен паспорт, жүргізуші куәлігін алу және автокөліктер мен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу сынды қызмет түрлері жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар, мекеме Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен І, ІІ топтағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың үйіне барып қызмет көрсетумен айналысады. Былтыр орталық мамандары осындай 2 мыңға жуық адамға қызмет көрсеткен. Мұндай қолдауды қажет ететіндер 1414 нөміріне қоңырау шалуы тиіс. Сұраныс қабылданғаннан кейін ХҚКО операторлары клиентпен 48 жұмыс сағат ішінде байла-нысуға міндетті, — дейді филиал директоры. Сондай-ақ, ол биыл 1 қаңтардан бастап тағы бір жаңа жәрдемақыға құжаттар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды жұмыста істейтін 55 жасқа толған азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем қарастырылған болатын. Осыған орай осы жылдың 19 қаңтарына дейін облыстағы 67 тұрғынға жаңа төлем тағайындалды. Құжат қабылдау жалғасуда. Жалпы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша филиал тарапынан әлеуметтік қамсыздандыру желісі бойынша 56 244 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде жас бойынша зейнетақы және базалық зейнетақы төлемдері – 12 448, жүктілік және босану бойынша — 7451, жұмысынан айрылу бойынша жәрдемақы – 6870, жерлеу – 4971, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі (жұмыс істейтін аналар) — 4552, бала тууға арналған жәрдемақы — 1134 және басқа да қызмет түрлері көрсетіліп, тиісті төлемдер тағайындалды, — деп атап өтті Асылбек Сапарбекұлы. Оның айтуынша, бала тууға және оған 1,5 жасқа дейін күтім жасау бойынша мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау, жұмысынан немесе еңбек қабілетінен айырылу, жүктілік және босану, мүгедектік бойынша жәрдемақыларға проактивті форматта өтініш беріп, рәсімдеуге мүмкіндік бар. Облысымызда осындай қызметке жүгінушілер қатары да артуда.

Филиал директоры орталық тарапынан көрсетіліп жатқан басқа да қызметтерге тоқталды. Оның сөзінше, былтыр облыс бойынша 100 мыңға жуық тұрғын паспорт пен жеке куәлік жасатқан. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша 54 мыңнан астам өтініш рәсімделген екен.

Айта кетерлік тағы бір жайт, өткен жылы павлодарлық автокөлік иелері «әдемі» нөмірлер алу үшін 324 миллион теңге жұмсаған. Ең ерекше нөмірдің бағасы шамамен 1 млн 200 мың теңгеден жоғары тұрады, дейді орталық басшысы. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске қосылған болатын. Алайда электронды үкімет порталындағы жеке кабинетте балаларға қатысты деректердің дұрыс еместігі жайлы жағдайлар орын алуда. Жыл басынан бері облысымызда осындай 523 жазба жаңартылды, деді Асылбек Сапарбекұлы. Сондай-ақ, ол жиында орталық маманда-рының халыққа сапалы қызмет көрсетуі үнемі бақылауда болатынын, тіпті, олардың көпшілікпен ортақ тіл табыса білуі үшін психолог мамандар да жұмыс жүргізетінін атап өтті.

Нұржайна ШОДЫР.