Биылғы қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай ауа райымен «тосын сый» жасап жатыр. Соңғы ширек ғасырда қарашада алғаш рет жылы температура болса, алдағы бірнеше күн аралығында -40 градусқа дейін аяз түседі деген болжам бар.
Соңғы бір аптада ауа райы құбылып, жолдар бір жабылып, бір ашылып, көктайғақ болып отыр. Күні кеше аймақтағы ауа температурасы 0 -5 градус жылы болса, түн ортасында күрт суыта бастады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті соған байланысты дауылды ескерту жариялады. Өңірдің солтүстігінде 25-30 градус аяз болады. Ертең түнде 32-37 градус аяз, облыстың солтүстігінде -40 градус қатты аяз күтіледі. Жел солтүстік-батыста, түнде облыстың батысында, оңтүстігінде секундына 15-20 метр, күндіз облыстың көп бөлігінде 15-20, облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Қарлы боран, көктайғақ болады деген де болжам жасалды. Жалпы, синоптиктердің болжамы бойынша 2023-2024 жылғы қыс мезгілі 2001-2002 жылғы кезең сияқты өтеді. Яғни, күн жылы, ал жауыншашын мен қар әдеттегі нормадан көп болады.
— Суық кезең кезінде республика аумағында Атлантика аудандарының ылғалды әрі жылы ығысуы жиі байқалатын болады. Алдағы қыста тұтас ел көлемінде температура климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Тек желтоқсан айында ауа температурасы климаттық норма шеңберінде тіркеледі, солтүстік пен шығыста бір градусқа төмен болуы да мүмкін, — деп хабарлады «Қазгидромет». Қаңтар мен ақпанда қар нормадан көп, ал наурызда ауа температурасы нормадан екі градусқа жоғары болады деген де болжам жасалды. Бұл ретте мамандар алдағы күндері аяз бен көктайғақ болатынын алға тартып, тұрғындарға сақ болуды ескертті.
Өз тілшіміз.