Мұсылманның қастерлі мерекесінің бірі – Құрбан айттың басталуына да аз күн қалды. Осы ретте оқырмандар тарапынан құрбандық шалудың үкімі, талаптары мен шарттарына байланысты сұрақтар да көбейеді. Сондықтан, Мәшһүр Жүсіп оралық мешітінің наиб имамы Ақтөре Әліпбайұлымен сұхбаттастық. Имаммен болған әңгіме газеттің Instagram парақшасында тікелей эфирде көрсетіліп, оқырмандар да өз көкейлеріндегі сұрақтарын жолдады. Ендеше осы әңгіменің толық нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз.

Тілші сауалы:

– Ақтөре мырза, биылғы Құрбан айт қай күні басталады және Айт намазы қай уақытта оқылады? Сұхбатты осыдан бастасақ.

–  Алла Тағаланың қасиетті айларының бірі – Зулхижжа айы басталып кетті. Құрбан айт осы Зулхижжаның 10-шы күнінде болады. Бұл біздің күнтізбе бойынша 16 маусымға дәл келеді.  Айт намазы сол күні тағы сағат 06.00-де оқылады. Айт намазынан кейін құрбандықты шала беруіне болады. Айт мейрамы үш күнге жалғасады.

– Осы тұста Айт намазына барудың тәртібі қандай деген сұрақтар жиі туындап жатады. Осыған жауап беріп
өтсеңіз…

– Иә, Айт намазын оқудың қысқаша шарттары бар. Ең бастысы – бой дәреттің болуы маңызды. Сонымен қатар, таза киініп, үстіңізге жағымды  жұпар иіс себу – айт мерекесіндегі әдепті амалдардың бірі. Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша, Айт намазын таңғы асты ішпей барып оқып, келгеннен кейін айт дастарханынан дәм татудың сауабы мол. Егер құрбандық шалып жатқан болсаңыз, сойылған малдың етімен оразаңызды ашсаңыз болады. Алла Елшісінің тағы бір сүннетінде Айт намазына барар жолы мен қайтар жолы бөлек болған екен. Сонымен қатар, таңғы ұйқыңыздан оянғаннан бастап Алланы еске алып, әрбір қадамыңызда Алланы зікір ету абзал. Жалпы Алланы ұлықтау мақсатында тәкбір-
тәшрихты Арапа күні, яғни құрбан айттан бір күн бұрын таң намазынан бастап, айттың соңғы күні екінті намазына дейін жалғастырған абзал.

Дініміздегі Құрбан шалудың үкімі қандай?

– Құрбан шалу дегеніміз – жылына бір рет Алла жолында өзіңіздің мал-мүлкіңізден шығаратын садақа. Оның негізгі шарты бір малды ниет етіп, қанын шығару. Құрбандықтың екі түрлі үкімі болады,  ол – парыз және сүннет. Енді құрбандық кімдерге парыз болады дегенге тоқталсақ, зекет беруге қаражат көлемі жеткен әрбір адамға құрбандық шалу – міндет. Діни басқарманың шешіміне сәйкес, күнделікті ішіп-жемі мен киім-кешегінен тыс 1,6 млн теңге көлемінде қаражаты болу. Ал сүннет амалына тоқталар болсақ, қаражаты өзінің күнделікті қолданысынан артылмайды, бірақ соған қарамастан бір мал тауып құрбандыққа шалатын болса, ол сүннет болып есептеледі. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кімде-кім құрбандық шалатын болса, сол шалған малы қиямет күні сират көпірінің алдында күтіп алады» деген екен. Егер жағдайыңыз болып жатса, өзіңіздің атыңыздан және дүниеден өткен әке-шешеңіздің атынан да шалуға болады.

Пайғамбарымыз бір хадисінде «Аллаға шалған құрбандықтың еті де, қаны да жетпейді. Аллаға адам баласының шынайы ниеті ғана жетеді»  деген.

– Павлодар қаласының тұрғындары құрбандықты қайда шалады?

– Павлодарлықтар үшін жылдағы үрдіс бойынша «Құлагер» ипподромында құрбан малын сою және мүшелеу қызметі көрсетіледі. Қазіргі күні қала әкімдігімен бірлесіп дайындық жұмыстары жүргізілуде.

– Құрбан айт мерекесі- Мұсылман қауым үшін берілген екі мерекенің бірі. Осы күні Павлодар облысының мешіттері қандай қызметтер, қандай шаралар ұйымдастырады. Жалпы, Айт мерекесі қалай өтеді?

– Айттың бірінші күнінде халық жаппай құрбан шалу алаңында болады. Ал мерекеге арналған іс-шара Айт күндерінің бірінде Мәшһүр Жүсіп мешітінің ауласында болады. Онда түрлі сұрақ-жауап сайыстары, спорттық ойындар жүргізіліп, Айттың сыйлығы таратылады.

 

Құралай, Павлодар қала-сының тұрғыны:

– Құрбан айттың басталу уақыты неге өзгерді?

– 2024 жылға арналған мерекелер мен демалыс күндерінің күнтізбесі жасалғанда, ҚМДБ ресми түрде Құрбан айт 17 маусымға сәйкес келетінін хабарлады. Бұл күн жұмыс күні болғандықтан, демалыс болады деп жоспарланған. Кейін ҚМДБ Құрбан айт 16 маусымға сай келеді деп жариялады. Оның себебі былай. Біз айға қарап ораза ұстап, айға қарап ауыз бекітеміз. Яғни мұсылман күнтізбесі аспандағы айдың шығуымен басталып, батуымен аяқталады. 2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал Құрбан айт 16 маусымға сай келеді. Бұл өзгеріс Орта Азия елдерінің діни басқармаларымен бірлесіп жасалды.

– Енді құрбандық шалудың шартына тоқталсақ. Құрбан-дыққа қандай мал таңдалғаны дұрыс?

– Осы мәселеге қатысты түрлі сұрақтар туындайды. Мысалы, құрбандыққа тек еркек малы шалына ма деп сұрап жатады. Бұл міндет емес, бірақ еркек малды таңдаған абзал болып саналады.  Ал ұсақ мал шалу үшін ол бір жасқа толған болу керек. Егер дене бітімі ірі болса, алты айдан асқан малды да шалуға болады. Ірі қара мал шалғыңыз келсе, міндетті түрде екі жасқа толғанын таңдаңыз. Түйе малы бес жастан бастап құрбандыққа жарамды саналады. Малдың жарамдылығына тоқталсақ, егер мүйізі сынған болса, құлағына сырға тығылып, ен салған болса оның ешқандай айыбы
жоқ. Ең маңыздысы, – малыңыз аурудан аман, етті және дене мүшесі сау болуы керек.

– Қандай адам құрбандық уәжібінен босатылады?

– Сапарда жүрген адам құрбан шалуға міндетті болмайды.
Сонымен қатар, жеткілікті дүниесі бар, бірақ ол қандай бір жерде кепілде болса ол адамға да парыз емес.

 

Маржан, қала тұрғыны:

– Құрбандыққа сойылған малдың етін үшке бөліп тарату керек дейді. Бірақ оны өзге діннің өкілдеріне беруге бола ма?

– Құрбандықтың етін қандай адамға берсеңіз де, өзіңіздің еркіңіз. Мұсылманға берсеңіз де, өзге діннің адамына берсеңіз де болады. Ең бастысы, Алланың ризалығы жолында ниет еткен болу керек. Бұл асыл дініміздің көркемдігін, мейірім мен шапағат діні екенін көрсетеді. Сіз осы арқылы бір адамның мұсылман болуына себеп боларсыз, бәлкім.

Негізі малдың етін нешеге бөліп үлестіргісі келеді, ол құрбандық шалушы адамның өз еркінде. Пайғамбардың сүннеті бойынша үшке бөлген абзал. Бір бөлігін өзінің бала шағасына қалдыруға, бір бөлігін келген қонағына асуға, бір бөлігін мұқтаж адамға беруге болады. Егер екіге бөліп таратамын десеңіз де оған тыйым жоқ. Тіпті, бала шағасы үшін етті толығымен өзіне алып қалуына да болады.

Өздеріңіз білесіздер, қала тұрғындары құрбандықты арнайы орындарға барып шалады. Ол жерде арнайы қасапшылар қызмет көрсетеді. Міне, сондай жағдайда малды сойған қызметі үшін төлейтін ақысына құрбандықтың етінен беруге болмайды. Яғни, мұндай малдың етімен қандай да бір қарыз, берешек үшін есеп айырысуға тыйым салынады. Қызметі үшін ақыңызды төлеп, оның үстіне көмек үшін бір жілігін берсеңіз болады.

– Құрбандыққа мал алып соймай, орнына малдың құнын ақшалай садақа ретінде беру арқылы міндетінен құтыла ала ма?

– Құрбандықтың ең бірінші шарты, мал сойып, қан шығару. Сондықтан, садақа беру арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл – тек күнделікті жасалатын сауапты амалдардың бірі.

–  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткі-зуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосқан екен. Онда қандай қызмет көрсетіледі?

– Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.

Айта кетсек, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні бір адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе, ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі.

 

Тікелей желіні жүргізген – Тілеуберді САХАБА.