Мен 1973 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетінде соңғы курста оқып жүргенде ойламаған жерден бір оқиға орын алды. Сол әлі күнге дейін есімде. Сонда қазақ мәдениетінің тарихында есімі ұмытылмайтын ұстазым Қайым Мұхаметхановтың ағынан жарылып, емен-жарқын айтқан әңгімесін тыңдағаныма 50 жыл болыпты.

Бірде Ертіс өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Жамбыл көшесіндегі студенттердің құтты мекеніне айналған 20-үйде әдеби кеш өтті. Оған ұстазымыз Қайым Мұхаметханов және басқа да белгілі ақын-жазушылар қатысты. Кеш енді бастала бергенде, бір топта оқитын досым Сансызбай Смайылов келіп, менімен бір бөлмеде тұратын, қазір белгілі ақын Төлеген Жанғалиев екеуімізді қоярда-қоймай сыртқа алып шықты.

– Мына кеш біткеннен кейін, – деді ол. Қайым ағамызды сендердің бөлмелеріңе шақырайық. Жеке отырып әңгімесін естиік. Қазір біреуің барып дүкеннен шайға бірдеңелер алып келіңдер, екіншің бөлмелеріңді жинап, ретке келтіріңдер, — деді ол.

Біздің «ол кісі келе қояр ма екен?» деген күдігімізге Сансызбай «әкелу менің мойнымда, ал қалғанын сендер істеңдер» деді нық сеніммен.

Төлеген екеуіміздің көптен күткен кездесудің енді қызып келе жатқанында одан кеткіміз де келмеді. Ал Сансызбай болса қоймай түбірлеп барады. Оның үстіне мұндай қолайлы сәтті жіберіп алмау керектігін де ойлап қоямыз. Ақыры ұстазымызды бөлмеде қарсы алуға келістік.

Сансызбай уәдесінде тұрып, ұстаз ағамызды біздің бөлмеге алып келді. Біз Қ.Мұхаметхановтың қарапайымдылығы мен бойында тәкаппарлықтың жоқтығы туралы талай рет естіген болатынбыз. Осы жолы оның осындай ізгі қасиеттеріне өзіміз де куәсі болдық.

– Бірде жолым түсіп, Алматыға бардым, – деп бастады ұстаз әңгімесін. Мұхтардың үйіне кеш барсам да, ол әлі келмепті. Едәуір тостым, өте кеш келді. Мұнша кеш келуінің жөнін сұрағанымда, шаршаңқы жүзбен маған барлай қарады да:

– Қайым, оны қайтейін деп едің? Орталық Комитетте жиналыс болды, — деді де, үнсіз тұнжырап отырып қалды. Сәлден кейін барып, менің соншама қандай маңызды мәселе қаралғандығын білмек болған көңілімді қалдырғысы келмеді-ау деймін:

– Әр мемлекеттің Туы мен Гербінен басқа гимні де болуы керек екен. Ақын-жазушыларға гимннің текстін жазуға, композиторларға әнін жазуға тапсырма берілді. Оны арнайы құрылған мемлекеттік комиссия қарауы керек.

– Иә, онда тұрған не бар сонша қиналатын? – дедім шыдай алмай.

– Бұл — мемлекеттік маңызы бар саяси мәселе.

Сол күні Мұхаңның үйіне қонып шықтым да, таңертең бір ресторанға бардым. Оңашалау бір жерге жайғасып отырып, қағаз, қаламымды алдым. Ойға берілдім, іштей толқыдым. Шабыт көп күттірмеді. Түйдек-түйдек сөздер тіл ұшына келді. Қазақ елінің өткені, қазіргі болмысы мен болашағы көз алдыма елестей бастады. Ой ағыны мен сөз тасқынын қағазға түсіріп үлгеру керек. «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған…» деп басталатын үш шумақ өлең қағазға төгіліп түсті. Негізгі нұсқа дайын сияқты. Қайта оқып шықтым. Әдеби көркемдік жағынан да, саяси жағынан да мінсіз болып көрінді. Шумақ арасындағы қайырмасы да ойдағыдай шықты. Гимнге лайық ырғақ сақталған сияқты. Не керек, салтанатты да маңызды әнге сұранып тұр. Өлең мәтінін қағазға дұрыстап көшірдім. «Келісімен Мұхаңа беріңдер» деп оның үйіне тастап кеттім.

Арада бірнеше ай өтті. Әдеттегідей институтта сабағымды беріп жүрген болатынмын. Бір күні ойламаған жерден жоғарғы жақтан хабар келді. Алматыда бір үлкен мәжіліс өтеді екен. Соған мені құрметті қонақ ретінде арнайы шақырды. Жиынға бүкіл республиканың игі жақсылары жиналған екен. Мемлекет басшылары да, белгілі мәдениет қайраткерлері де осында. Үлкен мәдениет сарайында ине шаншар орын жоқ. Мені ерекше құрметпен қарсы алып, алдыңғы қатарға отырғызды. Бір кезде еңсесі биік сахнаның қырмызы гүлдей жайнаған пүліш шымылдығы ашылды. Сахнада —
үлкен хор мен оркестр. Салтанатты дауыспен: «Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Қазір сіздердің алдарыңызда алғаш рет Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік гимні орындалады. Гимннің сөзі Әбділда Тәжібаев, Қайым Мұхаметханов, Ғабит Мүсіреповтікі. Әні Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамидидікі» деп хабарланды. Құрамында көп әншісі бар хор мен үлкен оркестр жаңа гимнді ерекше салтанатпен дүркірете орындады. Байқаймын, гимн текстінің басындағы мен жазған «Ер қазақ» сөзі «Біз қазақ» болып өзгертіліпті. Басқадай өзгеріс жоқ. Мемлекеттік комиссия осылай өзгерткен болды ғой деп ойладым да қойдым. Зал толы көрермен ду қол шапалақтады.

Салтанатты жиналыс жоғары саяси деңгейде өтті. Соңынан жаңа гимннің авторларына ерекше сый-құрмет көрсетілді. Біз риза болдық»,  деп әңгімесін аяқтады ұстазымыз.

Біз болсақ, Қ.Мұхаметханов гимннің сөзін жазғандар үш кісі болып, Әбділда Тәжібаев пен Ғабит Мүсіреповтің қосылып кеткендігіне наразылық білдіре ме деп, оның сөзін мұқият тыңдадық. Бірақ ол бұл туралы ештеңе демеді. Біз іштей оның жоғары адамгершілік қасиетіне қайран қалдық. Дегенмен, бір ғана өзіне ұнамаған нәрсе туралы айтып қалды. «Анау шойнаңдап, байыз таппай кетіп еді. Басында бұған не болған деп түсінбеп едім. Сөйтсем, ол байғұс гонорарды ойлап безектеп жүр екен ғой» деді сөзінің соңында. Біз бір-бірімізге қарадық, бірақ іштей ұстаз ағамыздың Әбділда Тәжібаевты тұспалдап отырғанын сездік.

Қазақ өркениетінде есімі мәңгі сақталатын, ерекше қарапайым тұлға, ұстазымыз Қайым Мұхаметхановтың кезінде бізге айтқан Хәкім Абайға, оның айналасындағы белгілі адамдарға және жалпы қазақ тарихына, салты мен дәстүріне қатысты ешбір кітапта жоқ, тағылымы мол әңгімелері көп еді, шіркін. Бірақ соларды жазып алмағанымыз өкінішті-ақ. Ұмытылып қалыпты. Сондықтан оның өміріндегі сәулелі бір сәтті кейінгі ұрпақтар біле жүрсін деген ниетпен қағазға түсірдім.

Серік САТЫБАЛДИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары. Павлодар қаласы.