Жақында облыс орталығындағы № 6679 Ұлттық ұлан әскери бөлімі Отан алдындағы борышын бір жыл бойы абыроймен атқарған 100-ден аса жауынгерді үйлеріне салтанатты түрде шығарып салу рәсімін өткізді. 2022 жылғы екінші шақырылымның әскери қызметшілері өскен ортасына қарай сап түзеп, жаңа 2024 жылды үй ішімен қарсы алмақ.

Бөлімнің әскери даярлық алаңында сап түзеген сарбаздар бір жыл бұрын ана мен әке құшағынан, туған өлке топырағынан алысқа ұзап көрмеген уыздай жастар еді. Жетіле келе Отан алдындағы әскери борыш, абыройлы міндет оларды әскери өмірге жетелеп әкелді. Еліміздің түпкір–түпкірінен жиналған сарбаздар бір жыл бойы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6679 әскери бөлімінде қызмет атқарып, Павлодар қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, өздеріне берілген түзету мекемесін қырағылықпен күзетіп келді.  Бөлім басшысы, подполковник Аманжол Әйтенов сарбаздарға алдағы азаматтық өмір жолында сәттіліктер тілеп, берілген тәрбие мен антқа адал болуын ескертті. «Сіздер жүрген жерлеріңізде өзгелерге үлгі болуға міндеттісіздер. Ана мен әкеге қамқор, бауыр мен қарындасқа жанашыр болып, өмірде өз орындарыңызды табуға тиіссіздер. Бұл — Отаныңыз жүктеген міндет. Сондай-ақ, хат жазыңыздар. Біз барлығына да жауап беріп, ақыл-кеңесімізді аямаймыз», –
деп, сарбаздарға көптеген өнегелі сөздері мен өрелі ойларын айтты.

– Аз ғана уақыт ішінде әскери саланың қыр–сырын үйреніп, әскери техника мен түрлі қару-жарақтарды меңгеріп, бүгін үйлеріңізге оралғалы тұрсыздар. Енді Сіздер еліміз бен жерімізді қалай қорғау керек екендігін білесіздер. Осы әскери өмірден алған тәлім–тәрбиелеріңіз алдағы азаматтық өмірлеріңізге өз көмегін тигізетіндігіне сенімдімін. Жалпы, 2022 жылғы екінші шақырылымның мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері Павлодар қаласының түзеу мекемелерін күзету жолында жауынгерлік қызметтерін абыроймен, қырағылықпен және  табандылықпен атқарды. Сіздерге әскери борыштарыңызды адал атқарғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді әскери бөлім командирі, подполковник Аманжол Әйтенов. Жыл бойы жауынгерлік қызметін абыроймен атқарып, әскерде түрлі бағытта жетістікке жеткен үздік сарбаздар «Шығыс» өңірлік қолбас-шылығының және әскери бөлім командирінің, жергілікті құқық қорғау органдарының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, Қызылорда, Көкшетау, Өскемен, Талдықорған, Шымкент, Семей және Қарағанды қаласынан шақырылған 100-ден астам  сарбаздың арасынан биыл  «Срочник.02» бағдарламасы бойынша  ҰБТ тапсырмай, еліміздің жоғары оқу орындарына ақысыз, оқу грантын иеленгендер де бар.

— Біз өз сарбаздарымыздың әрқайсысын мақтан тұтамыз. Бір жыл ішінде қарқынды жауынгерлік дайындықта, теориялық және практикалық сабақтарда олар жас жеткіншектен өз елінің нағыз жауынгерлеріне, қорғаушыларына айналды. Осы уақыт ішінде жастар жаңа тәжірибе, кәсіби дағдыларды бойларына сіңіріп, жаңа мамандықты игерді. Мамандық бойынша даярлау әскери қызметшілер лауазымдық мақсатына сәйкес оқытудан өтетін сабақтар кешенін қамтиды. Мұндағы негiзгi мақсат штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың функционалдық мiндеттерiн, материалдық бөлiгiн, оларды пайдалану тәртiбiн зерделеу, – деді бөлім командирінің орынбасары, майор Мұса Сәдуақасов. Сағынышын арқалап, туған өлкелеріне қарай сап түзеген сарбаздар арасында жаңа 2024 жылды үй ішімен қарсы алып, кейін әскери қызметке қайта оралғысы келетін жауынгерлер де бар. Қоштасарда сарбаздар Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарғанын мақтанышпен айтып, темірдей тәртіппен әскери өмірдің қыр-сырын үйреткен бөлім командиріне, сондай-ақ, барлық әскери қызметкерлерге өз алғыстарын білдірді.

— Тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қорғау — бойында Отансүйгіштік қасиеті мен патриоттық сезімі бар нағыз ер азаматтардың ісі.  Мен әскер қатарына келіп, өз Отан алдындағы боры-
шымды атқару барысында әскерден көріп, біліп, үйренгенім көп. Әскерге барудан қашпау керек, себебі  әскерде өткен уақыттың әрбір күні қызықты деуге болады. Әскерге келіп жаңа достар тауып, жолдастық қасиетті ұғындық. Әскерге бару арқылы тазалықты, ұқыптылықты, жауапкершілік пен шыдамдылықты үйрендім. Әрине, өзімнің туған жеріме барып, ата- анамды,  достарымды көруге асығып тұрмын. Бірақ бір жыл бойы бір үйдің баласындай болып кеткен қарулас жолдастармен қоштасу өте қиын екен, – деді қатардағы жауынгер Жақсылық Орақбай.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.