Photo Valeriy BUGAYEV

Таяуда Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Орталық жағалаудағы «Ertis Promenade» сахнасының кезекті маусымы ашылды. Айтулы шараға 30 мыңнан аса көрермен жиналды.

Сахнаның әр маусымында ерекше бағыттағы мерекелік бағдарламаларды ұйымдастырып жүрген белгілі режиссер әрі продюсер Алтынбек Рахметов бұл маусымның бұрынғы мау-сымдардан қарағанда ерекше екенін атап өтті.

— Осы уақытқа дейін «Ertis Promenade» сахнасында Ерке Есмахан, Райм, Қайрат Нұртас секілді белгілі әншілер өнер көрсетті. Ал бұл маусымда жергілікті әншілер мен өнерге қызығушылығы бар қарапайым еңбек адамдарына басымдық берілді. Біздің мақсат — жерлестерімізді қолдап, олардың арманын орындау, — деді А.Рахметов.

Бұл маусымның ашылуы шынымен ерекше өтті. Өйткені, сахнада әр салада еңбек етіп жүрген 12 қызметкер ән шырқауға мүмкіндік алды. Олардың арасында дәрігер, мұғалім, nail-шебер және көпбалалы аналар бар. Талантты жандар жуырда Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Караоке PVL» байқауында топ жарған еді.

Финалистердің арасында Тереңкөл ауданында фельдшер болып еңбек етіп жүрген Арыстан Сапарғалиев те бар. Ол бала кезінен әнге қызығушылық танытқан.

— Жұмыс уақытында ән айтпаймын. Дегенмен, кездесулерде ән шырқайтыным бар. Сахнаға шығар алдында қорқы-ныш болды. Себебі, көпшілік алдында алғаш рет кәсіби түрде ән айттым. Ол үшін арнайы продюсерлермен, хореографтармен, стилистер және визажистермен жұмыс істеп, тыңғылықты дайындалдық. Осындай мүмкіндікті сыйлаған ұйымдастырушыларға мың алғыс! – деді байқау жеңімпазы.

Байқауға қатысушылардың бірі — Әділет Ақахтың есімі павлодарлықтарға жақсы таныс. Ол бос уақытында Орталық жағалауда гитарада ән айтып, аз уақыт ішінде көптің ықыласына бөленіп үлгерген.

— Әнге деген махаббатым ерекше. Бала кезден өнерге жақынмын. Дегенмен, бұл бағытқа хобби ретінде қараймын. Негізгі мамандығым – отқа төтеп беруші. Сахнада трансформация саласының маманы Анастасия Арсенюкпен ән шырқадық. Өзіме өнер көрсеткенім ұнады, — деді ол.

Сахнада алғаш болып Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері мен би ұжымы өнер көрсетті. Кейін маусым ресми түрде ашылды. Кешті белгілі тележүргізушілер – Ғалымжан Кеңшілік пен Әйгерім Мұздыбаева тізгіндеді.

Кеш барысында финалистер әр бағытта ән шырқап, облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан «Технодом» сауда үйіне 100 мың теңгелік сертификатқа, Алғыс хат пен арнайы дайындалған мүсіншелерге ие болды.

Мерекелік бағдарламаның соңында алғаш рет «Ertis Promenade» сахнасының әнұраны шырқалды. Әннің авторы – белгілі композитор Ғалымбек Есенбергенов.

Айта кетейік, биыл маусымға белгілі өнер жұлдыздары қатыспайды. Алайда жергілікті демеушілер қолдау білдірсе, өнер көрсетулері әбден мүмкін.

Айгүл АХМЕТОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Концертке ұлыммен бірге келдім. Кеш қызықты және көңілді өтті. Өнерпаз-дардың өнері көңілден шықты. Шырқалған әндер де керемет әсер берді. Осындай мерекелік бағдарламалар жиі ұйымдастырылса екен.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Ольга Бугаева.