Қазіргі Ақсу, бұрынғы Ермак қаласына қарасты Қызылжар ауылының дамып, өркендеуіне үлес қосқан азаматтар баршылық. Ауыл жұртшылығы бір кісідей жұмылып, кеңшардың ілгерілеуі үшін аянбай еңбек етті. Солардың қатарынан Уахит Ораловты ерекше атап өтуге болады.

Уахит Оралов 1935 жылы Калинин совхозында (Сарышығанақ ауылы) туып-өскен. Жеті жылдық мектепті бітірген соң ауылда есепші-бухгалтер болып еңбек етіп, әскер қатарына алынады. Ауылда еңбек етіп жүріп онжылдықты да аяқтады. Калинин совхозындағы еңбегінің арқасында Қарағанды партия мектебін тәмамдап, 1965 жылы Қызылжар совхозына партия хатшысы болып тағайындалды. Содан 1973 жылға дейін жұмысын абыроймен атқарды. Халықпен тығыз жұмыс жасап, ауылда және ауданда беделді азаматтардың қатарында болды. Қызметі бағаланып, бірнеше медальдар, грамоталармен марапатталды.

Осы жылдар ішінде мен де Уахит Ораловпен бірге қызмет еттім. Қызылжар совхозында партия ұйымында жұмыс істеп жүрген жылдары жастармен спорт, үйірме жұмыстарына көп көңіл бөліп, ауылымызды дамытуға сүбелі үлес қосып, шаруашылықтың алға басуына баса назар аударды. Сол жылдары жұмыс істеген №1 ферма меңгерушісі, Ұлы Отан соғысының ардагері Қабылбек Қаржаспаев, №2 ферма меңгерушісі, тыл еңбеккері Ихсан Молдагелдинов және басқа да ақсақалдармен бірлесе еңбек етіп, совхозды алға өрлетті.

Кеңшардың директоры Ғалымжан Ахметжанов болды. 1973-1974 жылы егін бітік шығып, бордақылауға мал тапсырылып, жоспар орындалды. №1 бөлімалды «Құрымсы» учаскесінде мал шаруашылығына басқарушы-зоотехник Қаратай Қабулдинов ағамыз жетекшілік етіп, өзіне жүктелген жұмысты тиянақты атқарды. Сол еңбегі бағаланып, басқарушы, директор орынбасарына дейін лауазымы жоғарылады. Партия ұйымының кадрлармен жұмыс істеуінің арқасында атақты малшылар, «Қызыл ту» орденінің иегері Еркін Балтабаев, сауыншылар Пану Қалиева, Мархаба Билялова, Күләш Бейсембаева, Пану Темірғалиева, Ермек Айдарова, Күлпану Сәдуақасова, Орынбасар Абдығалықова және тағы басқалар, көлік жүргізушілері – Қабышев Мұрат Ақтайұлы «Құрмет белгісі» ордені иегерлері атанып, Қазан республикасының Президиумынан кәсіподақ ұйымының мадақтама грамотасымен марапатталды. 1974 жылы КСРО-ның 50 жылдығына орай Алғыс хат табысталды. Сауыншы Пану Темірғалиева облыстық және аудандық грамоталар мен Алғыс хаттарға ие болды. Тағы сол сияқты адамдарымыз баршылық. Осы еңбегін оң бағалаған аудандық партия ұйымы Уахит Ораловты Құркөл ауылына бас зоотехник жұмысына ауыстырды. Бұл қызметті де абыроймен атқарып, кейін Приозерный кеңшарына ауыл әкімі болып тағайындалды.

Уахит ағамыз апамыз Қорлан Рахметовамен үш ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, өсіріп тәрбиеледі. Тұңғышы Жақсылық 1979-1986 жылдары совхозда шебер болып жұмыс істеді. Екінші баласы Раздық 1980-1984 жылдары ауылымызда құрылыс бөлімшесінде инженер, техникалық қадағалаушы ретінде еңбек етті. Жақсылық пен Раздық Қызылжар совхозының өркендеуіне өз үлестерін қосып, жыл сайын ондаған үй, басқа да көптеген ауылшаруашылық нысандары салынды.

Раздық 1995 жылдан бастап Павлодар облысы бойынша қаржы бақылау, тексеру комиссиясында жоғары лауазымды қызмет атқарды. Осы жылдары мемлекетке адал  жұмыс атқарғаны үшін Президенттің, Қаржы Министрлігінің, Есеп комитетінің, облыс әкімінің марапаттары табысталып, медальдар иегері атанды.

Жақсылықтың ұлы Серік қазіргі кезде Уахит атасының жолын қуып, Астанада «AMANAT» партиясының орталық аппаратында қызмет атқарады. Раздықтың үлкен ұлы Берік облыстық полицияда тексеру басқармасын басқарады. Екінші ұлы Асхат – Мәдениет және спорт министрі. Үшінші ұлы Асылхан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доктарантурасында білімін жалғастыруда. Ағамыздың қыздары да түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Ел азаматының балалары, ұрпақтарының жақсы нәтижеге жетуі – ағамыз бен апамыздың еңбегі.

Ағамыз немерелерінің, бала-ларының осындай жетістіктерін көре алмай, өмірден ерте өткені өкінішті. Көзі тірі болғанда биыл 88 жасқа келер еді. Апамыз екі баласы мен қыздарының үй болып, тұрмысқа шыққанын көріп кетті. Жатқан жерлері жарық, топырағы торқа, жаны жаннатта болсын!

Марат ҚАБЫШЕВ, Қызылжар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ақсу қаласы.