Есіңізде болар, бұрын балаңыз дүниеге келі-сімен, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге қоюға міндетті едіңіз. Балабақша кезегіне, мектепте барғанда бұл тіркеу талап етілетін. Бүгінде мұндай қажеттілік жоқ. Яғни, 14 жасқа дейінгі балалар Қазақстанда тұрғылықты мекені бойынша тіркеуден босатылған. Мұндай өзгеріс 2020 жылы енгізілген.

Облыстық көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Кристина Анциферованың айтуынша, 2020 жылы ақпан айында ҚР Үкіметінің қаулысымен елімізде 14 жасқа толмаған балаларды тіркеуге қою талабы алынып тасталған.  Яғни, ішкі мигранттарды тіркеу ережесіне осындай өзгеріс енгізілді.

– Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде баланың тұрғылықты мекенін растау үшін бұрынғыша анықтама талап етпейді. Олар бұл туралы мәліметті ақпараттық жүйелерден алуы тиіс. Бала 14 жасқа толғанға дейін ата-аналарының бірінің тіркеу мекенжайында тұр деп есептеледі, – дейді Кристина Викторовна.

Енді көпшіліктің көкейінде «14 жасқа толған баланы тіркеуге қалай қою керек?» деген сұрақ тұр. Басқарма өкілінің айтуынша, ол үшін баланың заңды өкілі халыққа қызмет көрсету орталығындағы көші-қон полициясына барып, өтініш береді. 14 жасқа толысымен тіркеуге қоюды ұмытпау керек. Себебі, бала 16 жасқа толысымен жеке куәлік алуға барғанда тіркеуде болмаса, ол үшін әкімшілік жаза қолданылады. Яғни, 14 жастан бір ай асқанға дейін тіркеуге тұрмаса ескерту жасалады, ал одан кешіктірсе, айыппұл қарастырылған.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.